№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Абай рухымен сырласу

Абай рухымен сырласу

2012 жыл. Күз мезгілі. Семейге бағыт алдық. Мақсат кемеңгер ақын Абайдың басына зириат ету. Жолсеріктерім Хакімнің: «Құлақтан кіріп, бойды алар, Жақсы ән мен тәтті күй. Көңілге түрлі ой салар, Әнді сүйсең, менше сүй...», деп қалықтатып келеді.

Жол үстінде неше түрлі ой келіп-кетуде? Іштей: – неге қытайлықтар Конфуцийді ұлықтағандай Абайдың тәлімін алмаймыз? Керек десеңіз, аспан асты елінде өмір сүру қағидасы Конфуций ілімімен астасып жататын көрінеді. Олар тамақтанса да, киім кисе де конфуцийлық ілімге сүйенуді әдетке айналдырған. Аспан асты елінің азаматтары басқа елде нәпақа тауып жүрсе де, өмірін шығыстық ғұламаның іліміне негіздеп, нәтижесінде тұрған жерлерін қытайлық қалашықтарға айналдыру үрдісіне қанықпыз. Сондықтан, қазіргі уақытта көптеген мемлекеттер қытай азаматтарын қабылдаудан бас тартып жатқан жоқ па?   
Құдай қосқан көршінің тәжірибесін алып, «Абайды неге өмір сүру құндылығына айналдырмасқа?», деген орынды сауал келді. Өйткені, Хакім қазаққа қажетті барлық нәрсені айтып, мол рухани қазына қалдырған ғой. Бұл жайында мемлекет және қоғам қайраткері Бекболат Тілеуханнан артық айта алмаспыз.
– ...Бірде қазақы тойда тілек алған сөзге шорқақтау бір ағамыз: «той десе қу бас домалайды деп» Абай атам айтпақшы» деп салды. Яғни ұтымды айтылған сөзді қазақ оп-оңай Абайға тели салады. Неге? «Әсем ән мен тәтті күй» деп өнерімізге мақтансақ, «сұлу сүймектік – пайғамбар сүннеті» деп бозбала ақталады. Саяси жиында Абайға сүйенсек, ел бірлігінің ескірмес ережесін де сол кісіден табамыз. Қаралы жиын «өлім барда қорлық жоқ» деп жұбанады. Неге? Әлсіз тұсымызды бетке басқан жау да, дос та Абайдан қозғайды. «Баста миға» талас қылған» зымиян да жымысқы ойына Абайды қару етпек. Неге? Абай мұрасына зер салған, қадіріне бойлаған ұрпақ осындай сансыз сауалдарға жауап іздеумен жанына азық, ойына маржан табады. Қайырылып сөзді ұққанның көкірегіне нұр құяды ол. Данасының бағасын таныған халық кемеңгерін айырықша әспеттейді, атын аялайды, тағы да үңіледі. Үңілген сайын тылсымына тартып, тұңғиықтана түседі, тереңдей береді. Қалың қатпарынан қатпар шығады, тағы да тың қазына табылады! Қазынасынан ой береке тауып, рухың бәһер алады», – деп данышпанның ұлылығын тамсанады Б.Тілеухан.
Ойға шомылып отырып Шыңғыс тауына жақындағанымды байқамаппыз. Бір уақытта Мұхаңның (Әуезов) «Абай жолындағы» ақынның үйіне қайтіп келе жатқаны көз алдыма елестетіп келеміз. Қарқаралыдан қара жал, қара құйрық, сұлу құла «Аймандайға» мініп әжесі мен анасына жетуге асығып келе жатқан данышпандай асығып келеміз.
Жидебайға жақындаған сайын ақынның тыныс алған даласы ерекше әсер ете бастады ма, қолыма «Қара сөздерін» алып терең үңілдік. Ондағы ой Абайдың рухымен сырласпас бұрын, оның тұлғалық болмысы мен бітімін басқа қырынан танып, нені мұрат еткеніне тағы да көз жеткізе түсу.
Әйтеуір, Жидебайға жеттік-ау. Бірден Абай отырған үйге бас сұқтық. Онда ақын қолданған жәдігерлерді ұстап, бір марқайып қалдық. Бүгінде мұражай ретінде келушілерге қызмет етеді екен. Одан шығып ұзақтан аппақ болып менмұндалайтын Шәкәрім мен Абай жатқан зиратқа ат басын бұрдық.
Қазақтың қос алыбына құран бағыштап болғаннан кейін бас ақынның басында біраз отырып: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық», «Жақсы әйел - ері ұялар іс қылмайды», «Биік мансап – биік жартас: ерінбей еңбектеп жылан да шығады, екпіндеп ұшып қыран да шығады», «Адам ақылсыздығынан азбайды, ақылдының сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылық жоқтығынан азады», «Көрсеқызарлықпен, жеңілтектікпен, я біреудің орынсыз сөзіне, я бір кез келген қызыққа шайқалып қала берсең, мінездің беріктігі бұзылады», – деп бізге қарата айтқан сөздерінің мәні жайлы ойландық. Не деген ұлық десеңізші? Әлі күнге дейін маңызын жоймаған. Ұлт, мемлекет боламын дегенге айқын бағдар, анық бақыт.
Осы сапардан кейін Абайды қазақ жазба әдебиетін қалыптастырушы бас ақыны ретінде ғана емес, кемеңгер филосов, ұлт қайраткері ретінде танып қайттық. Одан кейін санамызға жағымсыз міңезімен сіңген Құнанбайдың табиғи болмысын тануда іздендік.
Жидебайдағы толғаныс қызымның есімін Зере деп қоюға дем берді. Енді ұл болса Құнанбай болар. Одан Абайдай кемеңгер дүниеге келер деп үміттенеміз.
 
ТҮЙІН. Жалпы, Абайды танып-білу мүмкін емес. Оның шығармашылығына терең үңілген сайын – қазақты жеп көресің, біресе «мықты жұрт екен» деп тамсанасын. Сондықтан өз-өзінді тану үшін, алдымен Абайды тану қажет. Яғни, ақындытануға, ақын мұрасын оқуға шақырамыз. Әсіресе, 170 жылдық аясында мектептерде апталық болатына хақ. Осы шығармашылық кештерді мазмұнды әрі сапалы өткізіп, Абайтану ілімін дамыта түссек игі...

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ.
 
17 қазан 2019 ж. 1 481 0