№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ауданның экологиялық ахуалы қандай?

Ауданның экологиялық ахуалы қандай?



Ауызсу мен экология қай кезде де әлемдегі ең өзекті мәселе. Ғалымдар мен сарапшылар су қорын үнемді пайдаланып, тұрмыстық қатты заттарды өңдеуді жолға қою жөнінде дабыл қағуда. Ал, өз ауданымыздағы ахуал қалай? Рас, туған жер қойнауы қазбаға бай. Бірақ кенішті игеріп, кәдеге жарату технологиясы қоршаған орта ахуалына айтарлықтай әсер етуде. Соңғы кездері жаһан жұрты экологиялық проблемамен күресуге бет алды. Ал озық елдер табиғи тепе-теңдікті сақтауға басымдық беруде. Біздің ауданның экологиялық ахуалы қандай? Осыны сараптап көрсек...
Белгілі қаламгер Қайнар Олжай «Жер мен аспан арасындағы дастан» атты кітабында «Тынық мұхиттағы солтүстік иірімде аумағы 700 мың шаршы шақырым мен 1,5 миллион шаршы шақырым аралығында пластик қалдықтар қалқып жүр. Көздеріңізге елестету үшін айта кетейік: Түркия, Чили сынды мемлекеттің аумағы 700 мың шаршы шақырымнен асады, ал 1,5 миллион шаршы шақырым дегеніңіз Моңғолия аумағымен тең» дегенді алға тартуы тектен тек емес. Табиғи процесте жойылуына жүздеген жылдар кететін пластик ыдыстар, полиэтилен пакеттер мен памперстердің қоршаған ортаға зиянын әлі түсінбей келеміз. Бір ғана памперсті алсақ, оны дайындағанда целлюлоза, трибутилен, полипропилен, натрий полиакрилаты, кремний оксиді секілді химиялық заттар және полиэтилен, резеңке және хош иістендіргіштерге күн сәулесі тікелей түскенінде химиялық реакциялар жүріп, ондағы зәрден улы заттар бөлінеді. Осыдан-ақ памперстің қоршаған ортаға зиянын бағамдай беріңіз. Ал оны жою үшін тек жоғары температурада өртеу қажет. Ескерте кететіні, химиялық қоспалардың арқасында памперстің беріктігі артып, далаға тасталған жағдайда 200 жылда толық жойылады екен.
Осы бағытта еліміздің түкпір-түкпірінде қалдықтарды жою, қайта өңдеу арқылы кәдеге жарату бағытында түрлі шаралар атқарыла бастады. Ауданымызда осы бағытта жанды жұмысты қолға алған Насырулла Мурзаев пен Нұрлан Садуақасовтың жүйелі тірлігі көп көңілінен шығып келеді. Қатты қалдықтарды жинап Шымкенттегі зауытқа өткізуді бастаған кәсіп иелері алдымен оларды сүзгіден өткізіп, әр қалдықты бөліп-бөліп жөнелтуді қолға алды.
– Тіршілік барда қоқыс ешуақытта таусылмайды. Қажетсіз қалдықтарды жинап, Шымкент қаласындағы зауытқа өткізіп келе жатқаныма он жылға жуықтапты. Отбасыммен қоса қарамағымда тағы 2-3 арнайы адамдарыммен бірге күнделікті макулатура, бөтелке, шыны, баклашка, салафан пакеттерді жинап, сұрыптаймыз. Тұрмыстық қатты заттарды сұрыптап, арнайы зауытқа өткізіп, табыс тауып жүрген жайымыз бар. Былтырғы жылға қарағанда биыл жұмыс жақсы жүруде. Ай сайын 10-15 тоннадан кем өткізіп жатқанымыз жоқ. Тұрғындар да, тазалық мекемелері де үйренді. Күнделікті жиналған қоқыстарды өткізіп тұрады. Байкенже, Сунақата, Шалқия, Бірлік елді мекен тұрғындары да бізбен келісім шартқа отырған. Жинап қойған заттарын айына бір рет алып кетеміз, – дейді Насырулла ағамыз.
Статистикаға зер салсақ, Қазақстанда 31,72 млрд тоннадан астам қалдық шығарылады. Одан 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналады екен. Байыптап қарасақ, химиялық қалдықтар өңір келбетін бұзып қана қоймайды, қоршаған ортаға үлкен зиян келтіреді. Жердегі қоқыстар мен қалдықтар ыдыраған кезде пайда болатын заттар атмосфералық ауаны ластайды. Айталық, табиғи жағдайда қарапайым қағаз 2 жылда ыдырайды. Химиялық жолмен өндірілген өзге де тұрмыстық қатты қалдықтар ше? Мәселен, ғалымдар металл консерві банкалары табиғи процеспен жойылуға 90 жыл кететінін, шыны банкаларға – 1000 жыл қажет екенін алға тартады. Сол секілді қаңылтырға – 90 жыл, әйнекке – 1000 жыл уақыт керектігін алға тартады. Швеция, Франция мен Италия сынды мемлекеттердің кейбір қалалары пластикалық пакеттер мен бөтелкелерден бас тартып, орама қағаздарға көше бастапты. Данияның тәжірибесі де елеулі. Бұл елде 1994 жылдан бері пластик құты мен пакетті шектеген. Алдымен мәдениетті жолмен. Яғни, өндірушілердің экологиялық сауатын ашу арқылы. Сосын қаржылық жолмен. Яғни, сатушыларға пластик ыдыс пен пакет үшін салық салу арқылы. Осындай жолмен тұрмыстық қатты қалдықтарды 90 пайызға төмендеткен. Данияда табиғи процесте 400 жылдай уақытта толық жойылатын пластик пакеттер мен құтыны табу қиын. Ал өзімізбен ағайын Өзбекстанда пластик құтыларды өңдеу ісі жолға қойылған. Олар көбіне қайта балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Жалпы, пластмасса өнімдерінің қалдығы бүгінде әлемге үлкен қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Өйткені бұл материалдың табиғи жолмен шіруі өте баяу жүреді. Көп жағдайда жүздеген жылдарға созылады. Сол себепті мұндай қоқыс қоршаған ортаға да, адамдардың денсаулығына да, жан-жануарларға да үлкен қауіп төндіреді. Руанда мен Эритрея сияқты елдер пластик пакеттер өндірмек түгілі, ел аумағына мүлде жолатпайды екен. Әрине, зиянын білгендіктен. Егер онда затыңызды пакетке салып барсаңыз, шекара аса алмайсыз. Заң солай. Еуропаның озық елдері полиэтиллен пакеттерді берік қағаздан жасалған пакеттерге ауыстырып жатыр. Бізге африкалық елдердің ұстанымын ұстануға не сауат жетіспейді, не келешек ұрпақтың амандығы қызықтырмайды.Айтқым келгені, сана мәдениетін оздырып, мәселелердің алдын алуда белсенділік танытуымыз керек.
Ал, елімізде жылына 31 млрд тоннадан астам қалдық шығарылатынын ескерсек, 120 млн тоннаға жуық қатты тұрмыстық және 2,5 млрд тонна қауіпті қалдық жиналса, шамамен 602 мың тонна пластик зат қоқысқа тасталады дегенді алға тартады мамандар. Демек, әрбір тұрғын табиғат тазалығына мән беріп, айналасын таза ұстауға ұмтылуы тиіс. Әлбетте, ауданымыз бұрынғыға қарағанда әлдеқайда көш ілгері. Қазір жержерде тазалық акциялары ұйымдастырылуда. Аудан аумағын тұрмыстық қалдық заттардан тазартып, тұрғындарды тазалыққа шақыруды қолға алды. Осы ретте, «НұрШах» ЖШС директоры Нұрлан Садуақасовты әңгімеге тартқан едік.

– Қазір ауданның тазалығы көпшіліктің көз алдында. Күннен күнге жақсарып, нағыз таза ауданға айналдық. Әйткенмен, қарапайым халықты “көшенің немесе кенттің тазалығына әкімдік жауапты” деген ойдан арылту керек секілді. Қоршаған ортаны көркейтуге үлес қосу мынау үлкен, мынау жас деп жіктелмейді. Бәрі бірдей атсалысуы тиіс. Екіншіден, мектеп жасынан балаларға тазалықты сақтаудың маңызын түсіндіру керек. Әрбір мектептің жанында сауда орындары бар. Дүкеннен шыққан адамдар қажетсіз заттарын жерге лақтырып жүре береді. Әрине барлығы бірдей емес. Үшіншіден, кенттегі сауда орындарының иелері қоқыс тастайтын арнайы ыдыстар қойғаны абзал. Адам қажетсіз затты үйіне дейін апармайтыны белгілі. Сондықтан далаға тастайды. Төртіншіден, жергілікті полиция мен кент әкімдігінің өкілдері қоқыс тастаған адамдарға айыппұл салып, тәртіпке шақырса дұрыс болар еді. Бесіншіден, тазалық мәселесі мезгіл талғамайды. Қысы-жазы ұдайы жүргізілуі тиіс, – дейді.

Жә, тазалық өз алдына өңіріміздегі өндіріс орындарының да экологияға әсері аз емес. Атап айтсақ, Шалқия-Цинк, Күкірт қышқыл зауыты мен «Байкен-U» өндіріс орындары елдің ішінде жұмыс жасап жатыр. Әлбетте, Шалқия, Кейден, Байкенже ауыл тұрғындарына кері әсері аз емес. Бұл жөнінде қаншама рет мәселе көтеріліп, тұрғындар өзекті мәселені ортаға да салды. Кейден ауылының тұрғыны Ерлан есімді азамат:

– Осы күні әбден айта-айта жауыр болды гой. Білесіздер, айналамызда бірнеше уран кеніші орналасқан. Өндіріс орындары жоқ кезде ауылдың табиғаты тынық болатын. Қазір екі күннің бірінде жел, ауа-райы айтарлықтай өзгерді. Жергілікті тұрғындардың денсаулығы да сыр беріп жатыр. Әрине, ауылымызда аяқ су, ауыз су мәселелерін шешіп, тұрғындар жағдайына қарасып жатыр. Ол үлкен өндіріс орнына түк емес қой, – дейді.

Байкенже ауылындағы жағдай да дәл осы тектес. Тұрғындар бұл мәселені бірнеше мәрте көтеріп келеді. Осы ретте «Байкен-U» ЖШСнің эколог маманы Айсұлу Бектұрғановамен сөйлесіп, мән-жайды білуге тырыстық.

– Уран өндіру жер асты ұңғымалы сілтілеу әдісі бойынша жүзеге асырылады. Бұл әдіс дүние жүзінде ең экологиялық қауіпсіз технология деп танылып, МАГАТЭ құрамына кіретін мемлекеттердің барлығы мойындаған. Әрине, қандай да бір өндіріс орындарының қоршаған ортаға әсері болады, ол ҚР Экологиялық кодексінде де айтылған. Бірақ біз сияқты заңды тұлғалар мен дара кәсіпкерлер өз есебінен қоршаған ортаны қорғау жөніндегі, оның ішінде қоршаған ортаның ластануы, өздерінің қызметін жүзеге асыру нәтижесінде туындауы мүмкін қатердің алдын алуы тиіс. Осыған байланысты қатерлерді болдырмау жөніндегі қажетті шараларды міндетті түрде қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, Кодексте белгіленген қоршаған ортаны қорғау саласындағы өзге де міндеттерді орындаймыз. Осы тұста, экологиялық талаптарды орындау мақсатында, серіктестіктің қоршаған ортаға эмиссияларға арнайы экологиялық рұқсаты алынған. Қоршаған ортаға шығарылатын нақты эмиссиялар (ластаушы шығарындылары, өндіріс және тұтыну қалдықтары) туралы есеп Қызылорда облысының Экология департаментіне тоқсан сайын тапсырылады. Қазіргі уақытқа дейін қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерінен асып кету фактілері тіркелген емес. Осы ретте айта кетейін, ҚР Экологиялық Кодексінің талаптарына сәйкес, тоқсан сайын арнайы мамандандырылған мекемемен келісім шарт негізінде Харасан-2 кенішінің нысандарында өндірістік экологиялық бақылау (мониторинг) жүзеге асырылады, нәтижелері экология департаментіне есеп түрінде жіберіледі. ҚР Экологиялық Кодексінің талаптарына сәйкес, Серіктестіктің қоршаған ортаны қорғау іс-шаралары жоспары жасалып бекітілген. Оның орындалуы бақыланып, орындалуы туралы ақпарат Қызылорда облысы бойынша экология департаментіне және «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-на жіберіледі. Қызылорда облысы бойынша экология департаменті Серіктестіктің экологиялық талаптарды орындауын жыл сайын профилактикалық тексеру жүргізу арқылы бақылап отырады. Осы айтылған негізгі есептердің нәтижелеріне сүйене отырып, «Хорасан-2» кенішінің әсері рұқсат етілген шекті нормативтерден аспайтынын айта аламын, – дейді эколог маман.

Әрине, өндіріс орындары бар аймақта экологияның бұзылатыны заңдылық. Десе де сол алпауыт компаниялар әкелген кесапаттың орнын кім толтырмақ? Тұрғындар өздерінің және балаларының денсаулығына қатты алаңдайды. Түрлі аурулардың жасарып бара жатқандығы да жалған емес. Жастар өлімі жиілеп кетті. Жыл сайын қатерлі ісік, өкпе, тыныс алу жолдары ауруларынан ажал құшу фактілері азаймай отыр. Жылдың әр түрлі мезгілінде, ауа райының өзгеруі салдарынан аллергия, тері аурулары, қан қысымы дерттерінен зардап шегетіндерді былай қойғанда, нашар экологияның салдарынан бір перзентке зар болып жүрген отбасылар қаншама?! Туабітті науқас балалардың саны да тыйылар емес, керісінше көбейіп келеді. Ең қынжылтарлығы, қазіргі таңда экологиясы кемшін ауданда экологиялық бөлім немесе бірде-бір эколог маманның жоқтығы көңілге қаяу салады. Дей тұрғанымен, ел арасында табиғат жанашырлары да жоқ емес.
Қарапайым халық арасында жер-анаға қамқорлық танытып, айналасын жас желекке айналдырып жүрген Үмбет Абибуллаевтың еңбегін көпшілік жақсы біледі.

– Қоршаған орта – табиғаттың бізге берген сыйы. Біздің ауданның экологиялық ахуалы біршама жақсарып, ілгерілеушілік байқалып келеді. Жаңақорған қонысында ең үлгілі Тотаев, Алдан Аюпов көшелері бар. Тотаев көшесінде Асан деген агроном ағамыз көшені көркейту, тазарту жөнінде өте көп жұмыс жасады. Біз де ағамыздың артынан еріп, көшеге тал егіп, гүл отырғыздық. 2020 жылы Алдан Аюпов көшесінде 36 тал болатын, қазір 500-ден аса тал бар. Ауызбірлік болса барлығына қолымыз жетеді, орындалмайтын тірлік, бағынбайтын асу жоқ. Осы 2024 жылы көршілеріме қолқа салып жатырмын. Яғни, оттегіні көп бөлетін ағаштарды егуді қолға алғалы жатырмыз. Өттегіні көп бөлетін қылқан жапырақты шырша, арша, қарағай сияқты ағаштарды көбейтсек деген ойым бар. Бұндай талдарды өткен жылы еге бастадық. Өзімнің есігімнің алдына және қасымдағы үш көршіге шырша көшетін әкеліп еккен болатынбыз, тамаша болып өсіп тұр. Алдағы уақытта біртіндеп қылқан жапыраққа ауыстырып көбейтсек деген ниеттеміз. Біз экологиялық таза өңірге айналуымыз үшін көкөністі көбейтіп, жасылжелекке үлкен жауапкершілікпен қарауымыз керек. Былтыр Қыраш ауылының жоғарғы жағында «Қаратау фруд» акционерлік қоғамы үлкен алма бақ екті. Онда 76500 түп алманың ең жақсы үш сорты егілді. Биылғы жылы тағы 62500 түп алма егуді жоспарлап отырмыз, – дейді.

Ауданымыздан шыққан «Тау-кен ісі» саласының жоғарғы кәсіби маманы, профессор Талғат Әлменовтің ойын білген едік.
– Өте өзекті мәселе. Жаңақорған елді мекенінде бірнеше өндіріс орындары бар. Бұл өндіріс орындарының адамзат баласына пайдасымен қатар зияны да басым. Еліміздің экономикасына, жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын көтеруде яғни халықты жұмыспен қамтуда үлесі айрықша. Бірақ, осы кеніштерден шығатын қатты қалдықтар, түрлі үйінділер мен кенді қазып алу салдарынан жер асты массивінде кеңістіктердің және қалдықтар мен үйінділердің пайда болуы, жер бедерінің бұзылуы, өндіріс процестерінің әсерінен жерасты суларының ластануы секілді өзіндік зиянды тұстары да аз емес. Яғни, гидрогеологиялық жағдайлар мен ауыз суға кері әсер етуі мүмкін. Дей түрғанымен, осы зиянды әсерді азайтудың жолдары мен алдын алу шараларын өндіріс орындары жақсы біледі. Экологиялық кодекстің талаптары мен әртүрлі пайдалы қазындыларды өңдегенде арнайы бекітілген шаралар мейлінше қатаң түрде сақталуы тиіс. Қоршаған ортаны қорғау заңнамаларына сәйкес кеніштерде болатын қалдықтар мен үйінділерді өз ережесіне сай жинақтау, беттерін жабу, айналасын қоршау секілді міндеттемелерді сақтаса, экологияға әсері төмен болады. Сондай-ақ, жерасты шахталар мен кеніштерден шығатын әртүрлі сұйық қалдықтарды белгіленген жерлер мен арнайы орындарға қоймалауды дұрыс, өз уақытында жасау маңызды. Осындай дүниелер сақталса, ауданның экологиялық жайы жақсара түседі, – дейді.
Расында экологиялық ахуал өзекті мәселеге айналды. Жалпы экологиялық дағдарыстан тұщы су қоры ластанған, таза ауасы былғанған, табиғи азық-түлігі тапшы адамзатты елестетуге болады. Оның салдарынан жердегі тіршіліктің тоқтауы мүмкін ғой. Мал өрбітіп, жерін кеңейтіп, тарихын тау-тасқа таңбалап, жер асып, қыр көшкен қазаққа табиғат-ана аса қастерлі деп ойлаушы едік, қателесіппіз! Күндердің күнінде тіршіліктің нәрі бітіп, барымыз қолымыздан сусып аққанда ғана есімізді жимасақ болғаны. Алдағы уақытта тұрғындар тарапынан да, билік басындағы азаматтардан да табиғатымызды жақсартуға деген оңтайлы шешімдер болса деп тілейік.

Әсел РЗАЕВА

16 қаңтар 2024 ж. 326 0