Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Шағын кәсіп шаңырақтан басталса...

Шағын кәсіп шаңырақтан басталса...


Жыл сайын шағын кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп, бизнеске бет бұрғандар саны артып келеді. Бұл ең алдымен елдегі әлеуметтік жағдайдың жақсаруына, отандық өнімнің өрісін кеңейтуге үлкен мүмкіндік береді. Әрі жұмыссыздық деңгейін төмендетіп, жастарды еңбекке баулуға таптырмас бағыт. Ол үшін мемлекет мүмкіндігінше қолдау көрсетіп келеді. Жеңілдетілген несие, қайтарымсыз қаржы, яғни гранттар, одан бөлек субсидия мәселесі де бар. Керек десеңіз, ірі өндіріс орындарынан инвестиция да құйылып, бірлесе жұмыс жасаудың тетігін тауып беруде. Енді тек шикізат емес, дайын өнім шығаратын уақыт келді.


Былтыр «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен 133,4 мың адам қамтылды, оның ішінде 99 мың адам оқуды аяқтап, сертификаттар алды. Қызмет саласын таңдау мақсатын­да 143,9 мың адам әлеуметтік кәсіптік бағдарлаудан өтті. Бұдан басқа, 2023 жылы Ұлттық жоба шеңберінде 400 АЕК (1 380 000 теңге) мөлшерінде жаңа бизнес-бастамаларды іске асыру үшін 9 мың грант беру көзделген. Жыл ішінде 9102 грант берілді. Бұл республика бойынша көрсеткіш.
Тақырыпқа тұздық болсын, Қазір бір ауыл бір кәсіппен айналысса деген ұстаным пайда болды. Мұның барлығы түптеп келгенде шағын кәсіптің көкжиегін кеңейтуге бағытталуда. Осыдан 5 жыл бұрын Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылына арнайы ат басын бұрып, аядай ғана мекеннің тыныс-тіршілігімен таныстық. Бір ауыл бүтіндей қысы-жазы егінмен айналысады. Яғни, бір кәсіпкердің қарамағына топталып, ортақ табыс, ортақ мүдде жолында бірлесе еңбек етеді. Сол секілді Нағи Ілиясов, Таң сынды ауылдарда да болып, бірлескен істің берекесін көрдік. Бұл дәстүр біздің ауданда да қалыптасып келеді. Мәселен, Жайылма ауылы брендке айналған қарбызын еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін күтіп-баптайды. Бұл бренд шет ел асып, ресейліктердің де оң бағасын алып үлгерді. Сол секілді ендігі меже өнім өндіруге бағытталатын болады.
Аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Марлен Нұртазаевпен байланысып көрдік. Жалпы жобалар туралы қысқаша мағлұмат алдық.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ қаржы ұйымы арқылы 484,1 млн теңге болатын 65-жоба несиелерін алды. Бұдан басқа 373 млн теңгеге 49 жобаның құжаттары комис­сия отырысына ұсынылып, қорытындысы алдағы уақытта белгілі болады. Одан басқа 45 жобаның құжаттары СПК Байқоңыр мекемесіне өткізілді. Оның ішінде: ауыл шаруашылығы кооперативіне – 3 жоба, өңдеу және өндіріс саласына – 12 жоба, егін шаруашылығына – 5 жоба, мал шаруашылығына – 6 жоба және басқа да бағыттарға 4 жоба мақұлданды. Мүмкіндік болып жатса өңірдегі үнемделген қаржы біздің кәсіпкерлердің игілігіне жаратылады деген сенім бар, – деді бөлім басшысы.
Енді шаңырақтан басталған шағын кәсіп туралы қысқаша тоқтала кетсек. Тақырыптың ауаны үйде бастайтын бизнес түрі. Біздің ауданда нарыққа шығып, орын алған тауарлар аз емес. Мәселен, әжетхана қағазы, ер-тұрман жасау, гипс өндірісі, сабын шығару, осылай жалғаса береді. Бұл облысқа танылған тауардың қысқартылған тізімі. Қазір ауданда кір сабын өндірісі өріс алып келеді. «Керемет» сабын өндірісі жобасын екі жылға жуық уақыт тұрмысқа енгізіп, нарыққа шығарған Әділет Қайырбекұлы қазір аудан ғана емес, облыс орталығындағы кейбір дүкендерді тауарымен қамтамасыз етуде. Айта кететіні, Әділет осы жоба аясында 5 млн қаржыға қол жеткізіпті.
– Мен бұл жолы кір жуатын ұнтақ, яғни, порошок шығаруға қаржы алып жатырмын. Бұйырса бір айдың көлемінде ұнтақ шығаратын қажетті құрал-саймандары келсе, өндірісті іске қосатын боламыз. Әзірге кәсіптің қыр-сырын толық меңгеріп, тереңдете оқу үстіндемін. Ал, кір сабынның тұтынушылары көбейді. Бұйырса цех ісі ілгерілеп жатса, шағын зауыт ашуды да ойлап жүрміз. Оған әлеуетіміз жетеді, тек қаржы мәселесі сәл қиындық туғызуда. Қалғаны реттелуде, – деді жас кәсіп иесі.
Қысқаша түйіндегенде осы, биыл да мемлекет тарапынан көп қолдау болғалы тұр. Бар мүмкіндікті пайдаланып, өз өнімімізді өндіріп алған әлдеқайда абзалырақ болар еді. Қалғанын уақыттың еншісіне қалдырайық.

Әлібек ТЕМІРБЕК
23 қаңтар 2024 ж. 238 0