Өңір кәсіпкерлері көші басында
Соңғы жылдары Жаңақорғанда шағын кәсіптің көкжиегі кеңейіп, өндіріс саласы өркендеп келеді. Дайын өнім шығаруда шаруамыз ширай түсті. Осыған дейін ауылшаруашылығы саласы басымдыққа ие болса, енді күнделікті тұтынатын тауар түрлерін өзіміз өндіреміз. Яғни, жергілікті бренд қалыптасып келеді. Мәселен, сабын, желім шығару, құрылыс заттары сынды тауарлар аудан тұрмысына жарап тұр. Орта кәсіпкерліктің де бәсі биік. Біз бүгін статистикаға сүйене отырып, атқарылып жатқан жұмыстарды жүйелеп көруді жөн көрдік.
Алдымен аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің есігін қағып, құнды құжаттарды ақтардық. Біздің байқағанымыз, биылдың өзінде аудан қазынасына миллиардтаған қаржы құйылды. Бұл да әлеуметтік сала мен экономиканың ілгері жылжуына үлкен мүмкіндік беретіні ақиқат.
– 2023 жылдың 1 қыркүйегіне тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілер саны 7215-ге жетті. Ондағы белсенді субъектілер саны 6946 бірлікті құрады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік субъектілерінің үлесі 96,3 пайызды құрайды. Сондай-ақ, 595 сауда мен қызмет обьектілері жұмыс істейді. Жалпы алғанда ауданда кәсіпкерлік саласын дамытуда атқарылған жұмыстар, жеткен жетістіктер мен қатар атқарылар жұмыстар өте көп. Жеңілдетілген несие, мемлекеттік грант және өзге де жеңілдіктер арқасында елдің әлеуеті еңсе тіктеп қалды. Енді бағдарламалар шеңберінде тарқатып берсек.
2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы мемлекеттік гранттар беруге байланысты 73 жоба 100,6 миллион теңгені құрайтын грантты жеңіп алды. Қызылорда «Өңірлік Инвестициялық Орталығы» микроқаржы ұйымы арқылы құны 391 млн теңге болатын 54 жоба несиемен қаржыландырылды. Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ Қызылорда облыстық филиалы арқылы құны 809,9 млн теңгені құрайтын 77 жоба несиемен қаржыландырылды. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба бағдарламасы шеңберінде пайыздық мөлшерлемені субсидиялау арқылы құны 952 млн теңге болатын 26 жоба несиемен қаржыландырылды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Байқоңыр» ӘКК АҚ қаржы ұйымы арқылы 41 млн теңге болатын 7 жоба несиемен қаржыландырылды. Бұдан басқа 85 жоба несие алуға ұсынылды. «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 23 жобаға 297,8 млн теңге несие берілді. Аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 187 жобаға 2491,7 млн теңгенің несиесі алынды. «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы 23 жобаға 316,2 млн теңге несие берілді. Жалпы аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 115 жобаға 1192,9 млн теңге алынды. Ал 73 жобаға 100,6 миллион теңгенің мемлекеттік гранты жеңіп алынды, – деді бөлім басшысы Марлен Нұртазаев.
Өнеркәсіп өркениеті
Ауданда өнеркәсіп өнімдерін өндіру биыл қыркүйек айына 80 116 млнтеңге болып, нақты көлем индексінің өсімі 103,1 пайызды құрады. Ал, өңдеу өнеркәсібінің өнімдерін өндіру 51 364 млн-ға жетіп, нақты көлем индексінің өсімі 108,3 пайызды көрсетті. Өнеркәсіп саласы бойынша 4 ірі, 1 орта, 17 шағын заңды тұлғалар жұмыс жасайды.
Құрылыс индустриясын дамыту және құрылыс материалдарының өндірісіне келсек, кәсіпорындар қиыршық тас, құмды тас қоспасы, доломит, әк, тағы басқа құрылысқа қажетті заттарды шығарумен айналысады. Бұл да отандық өнімнің сапасы мен бәсекесін арттырып келеді. Яғни, импортты азайтып, экспортты көбейтуге бағытталған.
Индустриалды-инновациялық даму
Биыл инвестиция көлемі айтарлықтай артып, аудан экономикасы көтеріліп қалды. Қыркүйек айына дейін 26 млрд 531 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 148,6% орындалған.
Алдағы уақытта да меже айқын дейді мамандар. Мәселен, «Шалқия Цинк ЛТД» АҚ-ң жылдық қуаты 4,0 млн тонна кен байыту фабрикасын салу жобасы бойынша 2023 жылы кеніштің құрылыс жұмыстарын бастауға дайындалуда. «Абдулла» шаруа қожалығының жылына 3,5 мың тонна құс етін өндіретін құс фабрикасын іске қосу жоспарлануда. «Қызылорда AGROPlus» ЖШС-нің қуаты жылына 24 мың тонна томат пастасын өндіру жобасы әзірленуде. «Майнинг Консалт Ко» ЖШС-нің полиметалл кендерін өндіру және қайта өңдеу жөніндегі тау-кен байыту комбинатын салу жобасы да жоспарда. Міне, қысқаша меже осындай.
Тағы бір айта кететіні, біздің ауданның бренді, әрі орта бизнестің табысты көзіне айнлған шипажайлар да көбейді. Қазір аудан көлемінде 4 шипажай жұмыс істеп тұр. «Жаңақорған» шипажайы АҚ, «Шипажай Жаңақорған», «Ақ-Шуақ» және Орда-Сығанақ» ЖШС. Сонымен қатар, осы жылдың маусым айында, құрылысы 2022 жылдың сәуірінде басталған «Жан-Арай» ЖШС-нің 100 орындықты шипажайының құрылысы аяқталды. Жоба құны 1,2 млрд теңгеге жетті.
Түйіндей айтқанда, жалпы аудан бойынша жыл басынан бері барлық қаржы көздерінен 271 жобаға 2 млрд 584 млн теңгенің қаржылай қолдауы көрсетілген. Әлі жыл соңына дейін тағы қолдаулар жүзеге асып жатса, нұр үстіне нұр болар еді. Шағын кәсіпкерлік көбейген сайын, елдің әлеуеті де арта түседі. Әсіресе, өнім өндіру ілгерілейді, басымдық осы бағытқа жұмсалуда.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ