Сенат және мәжіліс депутаттарының жұмыс сапары Жаңақорғанда жалғасты
Жаңақорған ауданында жұмыс сапарымен болған ҚР Парламенті Сенатының депутаты Руслан Рүстемов және ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев М.Нәлібаев ауылында болып, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Спорт кешені жұмысымен танысты.
Жаңа Спорт кешені 2023 жылы қыркүйек айында пайдалануға берілді. Құрылысты салған «Данекер» ЖШС құрылыс компаниясы ғимаратты ауыл тұрғындары мен балалардың спортпен айналысуы үшін жайлы, ыңғайлы болуына баса мән берген. Спорт кешені жаңа үлгідегі спорттық құрал-жабдықтарымен жабдықталған. Пайдалануға берілгеннен кейінгі 4 айдың ішінде спорт кешенінде біршама жарыстар да өткізіліп үлгерген.
Мұнан соң депутаттар шаруақожалық төрағаларымен кездесу өткізіп, егістіктің мән – жайымен хабардар болысты. Аудандық мәслихат депутаттары И.Үсенов, С.Мырзабаев бастаған бірқатар шаруақожалық төрағалары үстіміздегі жылы күріштікке 7000га егуге мүмкіндік беруді сұрап, өз ұсыныстарын да жеткізді.