Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Миллионер ауылдың мақтанышы

Миллионер ауылдың мақтанышы



Еліміз енді ғана егемендігін алған жылдары ел экономикасын тұралатпау үшін буыны қатпаған сәбиден бастап, еңкейген қартқа дейін қара еңбектің дәмін тартты. Елдің еңсесі тіктеліп, ортақ қазандығы молаюы үшін сағатпен санаспай ертелікеш егіндік пен шабындықтың басында қара терге малынып, межелі жұмысты артығымен орындаған қайсар халықтың көбі арамызда жүр. Соның бірі – кезінде «Миллионер ауыл» атанған Кеңес ауылының тұрғыны Әсемкүл Жұмантаева жайында аз-кем сөз еткіміз келеді.
Кеңес заманында жүзімі мен алма бағымен бұқараға танылған шағын ауыл құрыш қолды, кең білекті, асыл жүректі еңбек адамдарына бай. Бұл ауылдың әйелдері тіршілікке келгенде әр істің байыбын біліп, ер-азаматтарымен бірге дала төсінде өз ырзық несібесін тауып, шаңырағының шаттығын келтірген. Ауылдастардың арасында адамгершілік асыл қасиетіменен, еңбекқорлығыменен құрметі артқан Әсем Жұмантаева жары Жақсылық Қазиевпен бірге ғибратты күн кешіп, 4 ұл 2 қыздан 28 немере сүйген жайы бар.
– Осы ауылға келін болып келген жылдан бастап совхоздың жұмысына араластық. Осы ауылда алғаш рет жүзім егіп, алма ағашын отырғызып, бақ өсірілген шақта ерлермен бірге осы ауылдың барлық қыз-келіншектері қара жұмысқа кірісті. Ертелі-кеш бір тынбай, уақытпен санаспай жұмыс жасадық. Ол кезде бүгінгідей техника мүлдем жоқ, барлығын қол күшімен атқардық. Жер аударып, арық қазу таңсық емес, иығымызға қара кетпен асып алып, балалардың болашағы үшін жанталаса жұмыс жасадық. Біздің кезімізде көп келіндер егіндік басында босанып, қиындықты өткерді, – деп бастады әңгімесін апамыз.
Әр дәуірдің өзіне тән құбылысы бар емес пе?! Әсемкүл секілді қайсар жандар қандай сынақ көрсе де отбасының беріктігін, елдің бірлігін ойлады. Еңбек бағалануымен құнды десек, Әсемкүл Жұмантаеваның сандығында сарғайған сары қағаздар көп сырдан хабар береді.
Бүкілодақтық «Еңбектегі ерлігі үшін» грамотасымен марапатталса, комитеттің ұйымдастыруымен өткен егіншілер слетінде «Ауыл чемпионы» атанған. Бұл жөнінде мерзімді басылымда «Еңбеккерлер ерледі» мақаласы да жарық көрген. Мақта шаруашылығында «Үздік мақташы» номинациясымен марапатталған. Жасыратыны жоқ, еңбек адамын арнайы іздеп, халжағдайын білгенімізде төбесі көкке көтеріліп, қуанып қалды. «Біздің еліміз уақыт сайын жаңарып, жаңа даму жолына түсуде. Ауызсу, газ да ауылға бағытталуда. Осының өзіне шүкіршілік етемін», – деп сөзін түйіндеді.

Мақпал МАРҚАБАЙ

08 қаңтар 2024 ж. 232 0