Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов тәуелсіздік күнімен құтықтады
Құрметті жаңақорғандықтар!
Баршаңызды 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні мерекесінің шын жүректен құттықтаймын.
Тәуелсіздік жолындағы еңбектеріңіз баянды, мемлекеттік және жеке мүдде жолындағы кәсіптеріңіз, қызметтеріңіз сәтті өріле берсін!
Тәуелсіздікті жариялаған күннен бастап мемлекеттің тұтастығын сақтауда халықтың ықыласы мен ынтымағына арқа сүйедік. Көп этносты мемлекет ретінде қалыптасудың өзі халықтың қанына сіңген кең пейілі мен қонақжайлылығының нәтижесінде іске асты.
Биыл Тәуелсіз мемлекетіміздің 32 жылдығында ауданымызда айтулы мерекелермен сабақтасып, ауданымыздың дербес құрылым ретінде құрылғанына 95 жылдығы мен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан туған жердің азаматтары Исатай Әбдікәрімовтің, Әнуар Әбутәліповтің 100 жылдығын, Манап Көкеновтің 95 жылдығын, Бердібек Сапарбаевтың 70 жылдығын, Әмір Мәжитовтің 85 жылдығын, Бексұлтан Байкенжеевтің 70 жылдығын, Зинабдин Шермағамбетовтің 80 жас мерейтойларын атап өтіп, танымдық-рухани шаралар өткіздік. Бұл атаулы мерейтойлар жаңақорғандықтардың рухын асқақтатып, жігерін жаңығаны сөзсіз.
Тағдыр бізге жаңа дәуірде жаңа мемлекет құрып, оны тұрақтандырып, әлеуеті мықты, қазығы терең ел ету мүмкіндігін беріп отыр. Осы жолда Мемлекет басшысының жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауы мен мемлекеттік бағдарламалары әлеуметтің әлеуетін арттыруға серпін берді. Әсіресе, әлеуметтік салаға бөлінген қаржы көлемі артып келеді.
Қадірлі жерлестер!
Өзіміздің кең даламыздің иесі, киесі екенімізді сезініп, болашаққа сенімді қадам жасап келеміз. Қорыта айтқанда, «Береке басы – бірлікте» деген асыл қағиданы қастерлеп, әр күнімізге қасиет тұтып, қадіріміз арттырсақ, берекеміздің де молая түсері сөзсіз.
Олай болса қадірлі қауым баршаңызды Тәуелсіздік мерекесімен тағыда құттықтай отырып, отбастарыңызға амандық, өздеріңізге зор денсаулық, еліміздің өркен жайып өсу жолындағы еңбектеріңізге табыс тілеймін.