№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жайылмада жаңа клуб

Жайылмада жаңа клуб

Ауданның торқалы тойында жайылмалықтарға тамаша тарту жасалды. Қанша жылдан бері күткен жаңа клуб үйі ауыл халқына ресми түрде қызметін бастады. Облыс әкімі ауданға келген арнайы сапарында Жайылма ауылында болып, көптің қуанышымен бөлісті.

Биыл аудан көлемінде екі бірдей ауылдық клуб үйі салынуда. Соның бірі 150 орындық осы өнер үйі. Жарты ғасыр күткен ғимарат ақыры жаңғырды.
– Жалпы облыста мәдениет пен спорт саласында да үлкен жаңғыру жұмыстары жүргізілуде. Облыс орта­лығы, аудан және ауылдық округтерде өнер ошақтары бой көтеруде. Қазір қалада құны 3 млрд 700 млн теңгеге өнер орталығының құрылысы жүргі­зілу­де, жыл соңында пайдалануға беріле­ді. Сондай-ақ, бюджеттен тыс көздер­ден мәдениет саласына инвестиция тартудамыз. Мемлекет басшысы ай­маққа сапарында бұл жұмыстарды көрді. Жалпы алғанда өңірде өнер саласын, жаңа, заманауи нысандармен қамтуды мүмкіндігінше қолға алудамыз. Бүгінгі лентасын қиятын ғимарат соның бір көрінісі. Жаңа мәдениет ошағында келешекте талантты жастар, дарынды балаларымыз тәлім ала берсін. Бұл елден еңсесі биік, ауылдың абыройын асыратын, ұлттық өнерімізді өркендететін өрендер шыға берсін, – деп Нұрлыбек Машбекұлы ыстық ықыласын білдірді.
Өңірдің құрылыс саласын дамыта отырып, әлеуметтік-экономикалық, мә­де­ни-рухани дамуына қосқан үлесі үшін «Астана Сервис ЛТД» ЖШС-нің басшы­лығы мен құрылыс жұмыстарына белсе­не араласқан қызметкерлері және ел ынтымағы мен берекесінің артуына қосқан үлесі үшін Жайылма ауылының бірнеше азаматы облыс әкімінің «Ал­ғыс хатымен» марапатталды. Жайылма ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Тұрар Баймаханов, ауылдық клуб үйінің директоры Нұрлан Жапе­ков, жеке кәсіпкер, қайырымдылық шараларына белсене қатысушы Айдай Көрпебаева, белсенді жас, ауылдағы жастар арасындағы шараларды ұйым­дастырушы Самат Оспанов, «Астана Сервис ЛТД» ЖШС директоры Мұса Абдукаликов және «Астана Сервис ЛТД» ЖШС-нің клуб құрылысына атсалыс­қан азамат Бақыт Кенімбаев аймақ басшысының құрметіне бөленді.
Ауылдың ардагерлер кеңесінің тө­рағасы Тұрар ақсақал ақ батасын беріп, жерлестер атынан алғысын жеткізді.

– Жарты ғасырдан аса уақыт асар әдісімен салынған ескі клуб үйінде қызметте болдық. Ол мекеме әбден тозды, енді міне, жаңа ғимаратқа ие болдық. Қуанып отырмыз, әзірге үш үйірме жұмыс жасайды. Ауданда жалғыз әжелер ансамблі болса, ол бізде. Құрамында онға жуық әжеміз бар, бұйырса қосымша қызметкерлер де алатын боламыз. Үйірменің де санын арттырып, балаларға жаңа аппаратпен дәріс беруге мүмкіндік аламыз. Ең бастысы, мәдениет үйі бітуге жақын, біз осыған қуаныштымыз, – деді клуб үйінің директоры Нұрлан Жапеков.

Иә, тек қарбызымен ғана емес, өнерімен де танылған ауыл енді жап-жаңа клуб үйінде жас ұрпақты тәрбие­лейтін болады. Аймақ әкімі айтқан­дай болашақта талантты әрі дарынды балалар өсе берсе игі.

Әли ТЕМІРБЕК
24 қазан 2023 ж. 197 0