Жаңақорған – үздік аудан
Жемісті жылдың жетістіктері паш етілген биылғы «Алтын күз» мерекесінде Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғары көрсеткіштерге қол жеткізген «Үздік аудан» номинациясын Жаңақорған ауданы жеңіп алып, озық ауданның ерен үлгісін танытты. Мерейлі марапатты аймағымыздың басшысы Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты жиында аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетовке табыстады.
Бұл жетістік – бірлесе еңбек еткен аудан халқының ынтымақ-бірлігінің, қажырлы еңбегі мен маңдай терінің жемісі. Сондықтан Жаңақорған ауданының үздіктер көшін бастауы – аудан халқына ортақ қуаныш. Астықты өлкедегі Сыр елінің еңбексүйгіш шаруалары биыл су тапшылығының қиындықтарына қарамастан мол өнім алды.
Аудан еңбеккерлері сындарлы шақты тағы да абыроймен аяқтап шықты. Бүгінге дейін егістік даласында қызу тірлікке жауапты адамдардың бәрі бос болмады. Себебі олардың әрқайсысы егінді тез жинап алуды мақсат тұтты. Еселі еңбектің нәтижесінде қамба сары алтынға толды. Сыр өңірі соңғы бес жылда күріштен рекордтық өнім алып келеді. Бұл көрсеткіште ақ күріштен тау тұрғызған жаңақорғандық еңбеккерлердің үлесі зор.
Ауыл шаруашылығы саласының негізгі қорына инвестиция тартуда көш бастап, облыс бойынша 9 айдың қорытындысымен салаға тартылған инвестицияның үштен бір бөлігі немесе 32,3 пайызы ауданның еншісінде. Сонымен қатар, егісті әртараптандыру бағытында мал азығын, майлы дақылдар, жүгері, бау-бақша дақылдарының үлесін арттыруда жоғары жетістіктерге қол жетті.
Елі дархан, пейілі жомарт жаңақорғандық еңбеккерлердің туған жердің 95 жылдық торқалы тойына мерейлі тартуы осындай.
Әсел РЗАЕВА