№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » “Ықылас” – ортақ ниеттің жемісі

“Ықылас” – ортақ ниеттің жемісі



Жаңақорғанның күншығыс жағынан бой көтерген күмбезі жарқыраған екінші мешіттің аты – «Ықылас» деп аталды. Бұл мешіт те жексенбі күні тұрғындарға есігін айқара ашып, айнала жамағаттың сәждеге бас қойған ортақ ұясына айналуда.
Мешіттің ашылу рәсімінде жиналған халық алдында сөз алған ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілі, «Ақмешіт-Сырдария» мешітінің бас имамы Әбу Болатбек елді Алланың ақ үйінің ашылуымен құттықтап, атадан балаға мирас болып келе жатқан хақ дініміздің бірлігімізді бекемдей түсеріне, жер бетінде тазалық пен мейірімділіктің қанат жаюына тірек екенін айтты. Мешітті салып берген кәсіпкер Нұрсұлтан Бейбітжанұлына КМДБ басқармасы төрағасы Наурызбай Тағанұлының Алғыс хатын және сый-сияпатын табыс етті.
Шарада аудан әкімі орынбасары Бектас Нуридинов игі істі бастандырған кәсіпкер азаматты жан-жақты қолдаған “Жаңарған Жаңақорған жастары” жігіттеріне рахметін айтты.
Одан әрі Жаңақорған ауданының бас имамы Әбдіхалық Нематов сөз алып, Жаңақорған жастарына өз атынан ризашылығын жеткізді. Қашан болсын ізгі амалдардың қасынан табылатын иманы мықты, достық пен ауызбіршілікке берік ел жастарына келешектерің нұрлы болсын деген ақ батасын берді.
Осы мешітті салуға өзі бастамашы болып, қазығын қадаған кәсіпкер жас Нұрсұлтан Бейбітжанұлын әңгімеге тарттық. Жасы отыздан енді асқан жас жігіттің осындай үлкен іске жасқанбай бел бууы шынымен таң қалдырды.
– Бірде Сарыағаштан келе жатып Түркістан мен Шымкенттің арасында қаншама мешіт көрдім. Ауылға неге осындай мешіт салмасқа деген ой келді. Үлкендермен ақылдастым. Алғашында жерді трассаның бойынан алдық, өткен-кеткен жолаушыларға қажетті мешіт салғымыз келген. Кейін ол жерге Несібелі апамыз мешіт салып берді.Біз содан соң кенттің көшесінен мешітке қашық тұрғындар үшін құлшылық үйін салуға кірістік. Осы жерден бізге 20 соттық жер беріліп, он соттық жерге имамға арнап екі қабатты үй құрылысы басталды. Мешіт құрылысын 2022 жылы ақпанда бастадық. Биыл қазан айында бітіп отырмыз. Бұлай ойламаған да едік. Жігіттер көп болып қолға алып, жан-жақтан көмектесуінің арқасында аз уақытта жұмысты еңсердік. Досантаев Дархан екеуміз бастаған мешіт құрылысы жылдам қарқын алып, тұтастай кешенімен пайдалануға беріп отырмыз. Асханасы, жуынатын жайлары, бәрі сақадай-сай іске қосылды. Осы жерде «Жаңарған Жаңақорған жастары» бірлестігі мүшелерінің құрылыс жұмыстарында қолдан келгенін аямай, қаржылай да, еңбегімен де көрсеткен көмегі осындай жарқын нәтижемен аяқталды. Сондықтан да біз мешітіміздің атын «Ықылас» деп қойдық. Бұл бір жағынан қасиетті аяттың аты, екінші жағынан не талап қылсаң да ықыластана кіріссең бітпейтін іс болмайды екен, – деді ол.

Баян Үсейінова

17 қазан 2023 ж. 207 0