№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлыс және ұлы іс

Ұлыс және ұлы іс


Қасиетті Наурыз айының 27 жұлдызы жаңақорғандықтарға жарқын көңіл-күй тарту етті. Кенттің күншығысында күмбезі жарқыраған жаңа мешіт үйі жұртшылыққа есігін айқара ашты. Киелі мекеніміздегі тағы бір тағылым мен тәрбие мектебінің ашылу салтанатына Қазақстан діни басқармасының төрағасы, Бас муфти Наурызбай қажы Тағанұлы арнайы келіп қатысты.


Мешіттің ашылу салтанатында алғы сөз алған еліміздің Бас муфтиі Наурызбай қажы Тағанұлы:
– Қадірлі жамағат! Бүгін біз Алла қалауымен қасиетті шараға жиналып отырмыз. Мешіт – Алланың үйі. Мешітке келген жұртшылық тәнін тазартып, шынайы ниетпен келеді. Көз жасын төгіп, Аллаға дұға етеді. Алла осы келген адамдардың күнәсін кешіріп, сол күйімен үйінен шығарып салады.
Бұл мешіт талай ғасыр осы елдің адамдарын, жас толқынды имандылыққа тәрбиеледі. Бұл – тәрбие мектебі. Осындай мектеп салып бепген анаиызға Алла разы болсын. Нағыз Аллаға сенген, нағыз ақиретке сенген адам Алланың үйін көркейтеді. Шынайы иманды мүміндер ғана осындай мешітті салады. «Кімде-кім халық үшін, жамағат үшін мешіт салып берсе Оған да Алла дәл осындай үй салып береді» делінген.
Біздер текті бабаның ұрпағымыз. Қазақтың хандары, би-шешендері Аллаға иман еткен, бес мезгіл намазын қаза етпей, құлшылығына берік болған.
Өткен жылдың соңында Түркия мемлекетіне іссапармен жолым түскен еді. Сол елдің муфтиі: «Мен Қазақстанға барғанымда мешітте кілең жастарды көріп қуандым. Сіздер бұған қалай қол жеткіздіңіздер?» деп сұрақ қойды. «Біз текті халықтың ұрпағымыз. Жастарымыз ата жолын жалғап келеді. Оларды имандылыққа баулыған ұстаз еңбегінің жемісі бұл» дедім. Бұл сұрақ бекер қойылмады. Біз талай қысталаң кезеңнен өттік. Талай отарлауды бастан өткердік. Аллаға шүкір, Тәуелсіздіктің арқасында ата дінімізбен қайта қауыштық.
Тәуелсіздік тұсында елімізде 68 мешіт болса, қазірде 2714 мешіт бар.

Мешіттер – халықты ынтымаққа шақыратын орын. Бір қынжыларлығы, исламды жамылған кей ағымдар бізді ішімізден іріту үшін, осы өсу процесін тоқтату үшін әртүрлі жалған ағымдарды кіргізіп, бауырды бауырға қарсы қоюдың амал-әрекетінде жүр. Жалған ақпаратқа сеніп, алданып қалмайық. Біздің бабалар ұстанған Әбу Ханифа мазхабы, Матурида сенім мектебі – бабалар ұстанған жол осы.
Қазақ халқына ұлан-байтақ отанды бекерден-бекер берген жоқ. Көңілі дархан қазақтың жері де дархан. Бабаларымыз батыр болып, осы Отаны үшін құрбан болды, аналар жесір, балалар жетім қалды. Солардың көз жасы, дұғасы қабыл болып, Тәуелсіздікке қол жеткіздік. Енді осы Тәуелсіздікті қорғап қалу – әрқайсымыздың асыл міндетіміз.

Адам ары кеткенде жүз жыл өмір сүруі мүмкін. Ал Алла үйі бірнеше жүз жылдар елге қызмет етпек. Азан айтылған жерде береке болады. Ислам рухани мектеп - мешітті құрметтеуді міндеттейді. Дініміз үлкенді құрметтеуді міндеттейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы осыдан екі жыл бұрын Имамдар форумында сөйлеген сөзінде: «Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы отыз жыл ішінде елдің бірлігіне, ынтымағына зор үлес қосып келеді» деді. Біз бабалар ұстанған осы жолдан танбауымыз керек. Ата-бабамыз мешіт, медресе салды. Абай атамыз да медреседе оқыды. «Абай жолы» да «Қайтқанда» деген тараумен басталып, медреседен қайтып келе жатқан, жан-жақты көп өскен өреннің рухани өресін суреттеуден басталады. Сондықтан ұрпағымызды ұлық қасиетке бастап, ақиқатқа жетелейтін жақсылық жолдан жаңылмауда негізгі ұстын – мешіт үйін тұрғызып беріп отырған ардақты анамызға Алла разы болсын, – дей келе, өз атынан және ҚМДБ атынан Несібелі Бектасқызына Алғыс хатын табыс етті. Мешіттің имамы Мейрамбек Баймұратовқа Құран кітабын тарту етті.
Сөз кезегін алған облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев қуа­нышты бөлісіп келген Бас муфтиге, ел ағаларына, қалың жұртшылыққа рахметін жеткізді. «Әр елдің өз ерекшелігі болады, мемлекеттің ең басты тапсырысы – адамдардың әл-ау­қатын өсіруге жағдай жасау. Көркейген көшелер, жаңа ғимараттар осының дәлелі. Туған жерге жаңа мешіттің туын тіккен Несібелі Бек­тасқызына ризашылығымызды білді­реміз» деді. Одан соң аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы, Жаңа­қорған ауданының Құрметті аза­маты Өмірсерік Тақырбасов туған жер халқы қуанышына ортақтасып келген қонақтар мен ресми өкілдерге ел атынан ризашылығын білдірді. Сол сияқты көршілес Шиелі ауданынан келген Қызылорда облысының Құрметті азаматы Архабаев Бердіәлі ағамыз осындай тірлікке тәуекел жасаған қазақ қызына «Сырдың Томирисі» деген бағасын берді. Одан әрі ҚР Тау-Кен ғылымдары саласының академигі, «Халықтар достығы» медалінің иегері Әбілтан Бегімбетұлы ұлт тәрбиесінде имандылықтың қуатына тоқталды Отанды сүю – иманнан. Кеше, қаңтар оқиғасында дүрмекке еріп кеткен жастардың бойында отансүйгіштік қасиеттің кемдігі осындай тәрбиенің осалдығынан орын алды деген пікірін де бүгіп қалмады.
Жиын модераторы Қызылорда об­лысы дін істері басқармасы жанын­дағы дін мәселелерін зерттеу орта­лығының теолог-маманы Бақтияр Есенгелдіұлының жүрекжарды сөзі талайдың көңілін толқытты.

– Жаңақорған топырағынан шық­қан қаршадай қыздың жоғары лауазым­ды қызметін тастап, мансаптың жо­лын қумай, маңдайының терін төгіп, алақаны ауырып, табанынан тозып, ер азаматтан артық елге еңбегі сіңгеніне Алладан тек амандық тілейміз.

Әрбір істің қайыры егесіне бай­ланысты. Мешітті салып бітіп, даңқын шығару үшін оған өзінің атын немесе әкесінің атын беріп, тегін мадақтап, жарнамалағысы келетіндер көп кездеседі. Ал Несібелі апамыз елге ауызбіршілік ең керек уақытта ондай тектік, рулық мүддені емес, елдік мүддені жоғары қойып, қолымен салып шыққан мешіт үйіне «Әл-Мумин» деген атауды еншілетуді құп көріпті. Қандай тағылым аларлық өнеге, – деді.

Мешіт – аманат, халқым – жамағат!

Мешіттің ашылу салтанатына жиналған әлеумет алдында сөз алған Несібелі Бектасқызы:
– Елім, жерімді жүрегімде сақтап, ылғи да аңсап тұрамын. Қандай жетістіктеріңізге болмасын мақтандым, марқайдым. Сіздер қиналған уақытта қолымнан келгенше қолымды созуға тырыстым.
Осы мешітте оқылған азан даусы, бата-тілектер Ұлы Егемізге жетіп, еліміздің ауызбіршілігі мен тыныштығын берсін деп тілеймін, – деді.
Жаңа мешіттің лентасын қию салтанатты рәсімін Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы және облыс әкімінің орынбасары Қайрат Рзақұлұлы орындап, көпшіліктің ортақ мекеніне алдымен бас сұғып, соңынан ерген жамағаттың түңғыш сәждеге маңдайы тиді.
Жиналған жұртшылық мешіттің салтанатты ашылу шарасынан кейін арнайы асханасында және кең ауласында жайылған дастархан басында ақ тілектерімен бөлісті.

Баян ҮСЕЙІНОВА
29 наурыз 2022 ж. 348 0