Облыстық әкелер форумы өтті
«Әке асқар тау, биік шың!» тақырыбында еркін форматтағы облыстық әкелер форумы отбасылық демалыс орнында өтті.
Форум ашық аспан астында және бейресми еркін пікір алмасу форматында әкелер мен ұл балаларының бірге қатысуымен ұйымдастырылды. Форумның мақсаты – Әкелердің еркін пікір алмасу алаңын құру және ұл балаларды ұлттық спорт түрлерімен таныстыра отырып қызығушылығын оятуға ықпал жасау, ұлттық аспаптарға және қолөнерге баулу.
Форумды облыс әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Асқарұлы Байманов ашып, «Қоғамдағы әр отбасының босағасы берік, мерейі үстем болмай мемлекеттің мықты болуы мүмкін емес.
Ал, әр отбасында елін сүйетін, ұлтына жаны ашитын, еңбекқор азаматтың тәрбиеленіп шығуында Әкенің орны ерекше» - деп атап өтіп, осы бағыттағы жұмыстарды бірлесіп атқаруға шақырды.
Форум барысында айтыскер ақын Нұрмат Мансуров, №140 мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Бақытжан Жақсылық сөз сөйлеп, облыстық мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері, оқу орындарының Әкелер кеңестерінің төрағалары, жастар өкілдері пікір білдірді.
Қатысушыларға қолөнер бұйымдарының көрмесі мен ат әбзелдері таныстырылып, ерттеу әдістерін үйретті. Асық ату ойыны мен оның шарттары таныстырылып, ойын өткізді, садақ ату сабағы да өткізілді. Зергерлер мен ағаш ұсталары және керамика шеберлері жастарға өз кәсіптерінің қыр-сырымен бөлісіп, мастер-кластар өткізді. Домбырашылар ансамблі күйлерді тартып көрермендерге ұлттық рухани демалыс сыйлады.