Еңбекті сүйгеннің еңсесі биік
Еңбек адамдарына қашанда құрмет жоғары. Десе де мемлекеттік деңгейде қыркүйектің алғашқы жексенбісі Еңбек күні болып бекітілуі осы санаттағы азаматтарымыздың мерейін одан әрі биіктете түсуде лайықты алғышарттар қалыптастырары анық. Біз де осы даталы күнге орай аудан тыныс-тіршілігіне лайықты қолтаңбаларын қосып келе жатқан «Жаңарған Жаңақорған жастары» қоғамдық бірлестігі жетекшілерімен хабарласып, таңдаулы кейіпкерімізді іздеген едік.
Қоғам жұмысын алға апаруда белсенді ықпалы мол, аудандық мәслихат төрағасы Данияр Досантаев бізге салған жерден бір азаматты ұсынып, еңбегін ерекше атап көрсетуімізді өтінді. Бұл жігіттің есім сойы Қайдар Құлтасов екен, өзінің қолынан келмейтіні жоқ бесаспап маман. Сол ұсталығын, шеберлігін қайырымдылық мақсатқа да жұмсап, көпке көмегін тигізуден жалықпай келе жатқанын айтты. Мұндай азаматқа кіи сүйсінбесін, кім қызықпасын?
Даниярдың берген телефон нөмірін теріп, Қайдармен хабарластым. Маусымның қызып тұрған уақытында нағыз Істің адамының алтын уақытын алып тұрғанымды біліп тұрмын, сондықтан барынша қысқартып, мән-жайды баяндадым.«Апай, мен сізді танимын, Ақмырза Құлтасовтың ұлымын ғой, былтыр сізге барып, әкемнің өлеңдерін әкелетін болып кеткем, сол күйі қолым тимеді, мың сан жұмыс...» деп күмілжіді ар жақтағы інім. Біздікі де осы бауырымыздың мың сан жұмысынан сыны басқа болғанмен сипаты бір, бітпейтін қарекет қой, қарбаласып жүріп мен де ұмытқан екем, айтқан соң есіме түсті. Ақмырза Құлтасов ағамыз кешегі кеңестік кезеңде екінші тың ерлері ретінде мал шаруашылығын дамытуда талай рет чемпион болған майталман кісі еді, ол бір қыры, екінші жағынан сатира сайыпқыраны деуге тұрарлық шығармашылық әлеуеті бай, кезінде «Коммунизм жолының», одан соң «Жаңақорған тынысының» сын-сықақ мүйісінің бетін бермеген авторымыз болатын. Өмірден озғаннан кейін қолтаңбасы күрт үзілген ағамыздың жарқын бейнесі де жадымыздан жырақтап кетер ме еді, ол кісіні есімін жаңғыртқан жап-жас жігіттің қарашаңырағымызға соққанына көңіліміз сүйсініп, "ағаның жазғандарын жинап әкел" деп міндет те арқалатып жібергенбіз. Мына бала соны еске салып тұр.«Біздің тапсырмамымыз не болып жатыр?» деген сауалымызға «қолым тимей қарбалас болып кетті. қалт еткенде міндетті түрде соғамын» деді ол. Міне, сол кезде оның әкесі Ақмырза ағамыз туралы өздеріңізбен сырласып, бұрын жарияланбаған шығармаларын бөлісетін болармыз деп ойлаймын. Ал әзірге қырыққа да толмаған қылшылдап тұрған жасты нағыз еңбек адамы дәрежесіне көтерген бейнетті жылдардың белесіне көз жүгіртіп көрейік.
Қосүйеңкі ауылындағы №161 «Ынтымақ» орта мектебін 2002 жылы бітірген талапкер одан әрі арнайы білім алып, құрылыс жұмысына араласып кетеді. Алматы қаласында тұрғын үй салу жұмыстарында шыңдалып, прораб қызметін атқарады. 2010 жылдан бастап Түркістан қаласына кіреберіс қақпаның құрылысын жүргізген топтың бригадирі болады. Оны бітірген соң Қызылорда қаласының Шаңқай аймағында темір жол үстінен салынған көпірді қолдан өткізеді. Одан әрі Алматы қаласында болып, тұрғын үйлердің құрылысына қатысады. Былтырдан бастап Жаңақорғанда ерекше қарқын алған жаңа құрылыстардың жұмысына білек сыбана кірісіп кеткен жайы бар екен.
– Өткен жылдан бастап Жаңақорғанда көп өзгерістер болып жатыр, - дейді ол бізбен әңгімесінде. Ауданның бас жоспарында бұлай бірден жан-жақты жаңалықты жобалауды бюджет қалтасы көтере бермейтіні белгілі. Ауданға әкім болып келген Мұрат Тілеуімбетов көп істің көзін тауып, кәсіпкерлерді біріктіріп, ел игілігіне бағыттады. Жаңақорғанда көп заманауи нысандар демеушіліктің күшімен де қарқын алып, енді оның игілігін көпшілік көріп отыр. Мәселен, орталықта ашылған Праим парк саябағы жұртшылықтың жұмыла күш біріктіруімен қысқа мерзімде пайдалануға берілді. Сол сияқты ауданда бұрын болмаған айналма жол құрылысы да кәсіпкер азаматтардың бір жағадан бас шығарған ынтымақты ниетінің арқасында бітіп қалды. Осындай аудан халқының игілігіне бағытталған шараларға біздер, еңбек адамдары өзіміздің күштік, практикалық нақты көмегімізді беріп, жарқын істерді жеделдетуге қолқабыс бола влғанымызға қуанамыні.
Саябақ алаңының ішіне тас төсеп, заманауи үлгіде тегістеуде де біздің жігіттеріміз көп көмек көрсетті. Айналма жолдың құрылысын тездетуде де аз тер төкпедік. Бүгінде өзім вокзал маңдайындағы алаңда фонтан орнатуға кіріскен бригаданың жұмысына басшылық етудемін. Кәсіби мамандарым бұдан өзге үш-төрт құрылыс басында жұмысты қоса атқаруда. Үш азамат Шиеліде салынып жатқан мешіт құрылысында, үш-төртеуі Саяжайда ірге көтерген тұрғын үйді салып бітірудің қарекетімен жүр. Барлығы да кәсіби мамандар, - дейді ол.
Бүгінге дейін «Жаңарған Жаңақорған жастарының» тікелей күшімен ауданда жарымжан немесе қолы қысқалықтан қамығып жанары жасты болып жүрген сегіз-тоғыз жанұя баспаналы болып, бұларға алғыс-тілектерін жаудырып келе жатқаны аян. Біздің кейіпкеріміз – Қайдар Ақмырзаұлын осы қайырымды істерден бөлек қарай алмайды екенбіз. Қайдарды жазуымызды ұсынған Даниярдың да бізге айтқаны осы болды. Ол жастар болып қолға алып, жаңа үй тұрғызуға бел шешіп кіріскендерінде осы Қайдардың қаншама рет қайрылып келіп, еңбекақысына бір теңге де алмай жастар тұрғызған жаңа үйлердің есік-терезелердін сәндеп қойып беріп, үлкен азаматтық іс тындырғанын айтып еді. Жаны таза жігіттің бұл қасиетіне біз де қатты қуанып қалдық. Елімізде осындай жігерлі жастар көп болса қоғамымымыздың гүлдене беретіні даусыз.
Өзен де өз арнасымен ағады. Аузын ашса көмекейі көрінер ақкөңіл де, адал, қарапайым еңбек пен зият өнерді тал бойында қатар өрістетіп өнегелі өмірімен көпке үлгі болған Ақмырза ағамыздың ұрпағы әке атын осылай шығарса керек. Бүгінде өзі де бес перзенттің әкесі, ұсталық өнерімен Қазақстанның дамуына үлес қосып келе жатқан Қайдарды нағыз еңбектің адамы деп дәріптесек жарасатын сияқты.
Баян ҮСЕЙІНОВА