№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Өмірі – күле білу, өнері – күлдіре білу

Өмірі – күле білу, өнері – күлдіре білу



Жазушылық – үлкен өнер. Ал осы өнердің ішіндегі аса қиыны – балаларға арнап жазу және сын-сықақ жазу. Қаламгерлер ішінде балалар жазушылары мен сатириктердің сиректеу болатыны содан. «Күлдіре білу – өнер, күле білу – өмір, күлкіге қалу – өлім» деген екен өз кәсібі туралы сатирик жазушы Сейіт Кенжеахметұлы. Әдебиет ардың ісі деген осы.
Жазушылық – талант. Бұл да екінің бірінің басына қона бермеген қасиет. Жазушы болу үшін оның арнайы оқуы жоқ. Бұған өзіміздің қаламгерлерден мысалдар іздесек, геолог Ілияс Есенберлин, Олжас Сүлейменов, металлург Кәкімбек Салықов, осылай бұл тізімді біраз жерге апаруға болар еді. Ал осы бойдағы талантты тұншықтырмай ұштаудың, шыңдаудың амалы – оқу, іздену және еңбектену. Шығармашының жетістігі – бір пайыз талантының, қалғаны тынымсыз ізденісті еңбегінің арқасы деген тұжырым да қаламгер өмірінің ақиқаты.
Біздің кейіпкеріміз – сықақшы жазу­шы Нұрмахан Назымханұлы Елтайдың мамандығы ғалым-агроном, Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Біраз уақыт туған жері Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында «Түркістан» кеңшарында Қандөз ауылында жұмысшы, комсо­мол ұйымының хатшысы, жастар бригадасының бригадирі, кеңшар директорының орынбасары қызмет­те­рінде шаруашылықпен шұғылданды. Дегенмен іште жатқан бұла талант, өршіл талап, айнымас мақсат оны оқушы күнінен еліктірген қаламгерлік сүрлеуінебіржолата бұра берген еді. 
Нұрмахан Елтай 1953 жылы 28 қыркүйекте осы Қандөз ауылында дүниеге келген. Алғашқы апыл-тапыл талпынысын еске алғанда бала Нұрмахан сурет салуға, саз балшықтан түрлі үй жануарларының бейнесін жасауға үйірсек болғанын айтады. Атасы Елтай немересінің көзі үйрене берсін деді ме екен, «Кәне, Нұрманжан, газет оқышы» деп қолына үйге жаздырып алдыратын газеттерді ұстатып қоятын болған. Ал мектепке барып «Әліппе» ашып, қара танығанынан бастап әкесі Назымхан сол газет-журналдардың мақалаларын оқытып, тыңдап отырады екен. Осылай балаларға арналған «Балдырған» жур­налын, «Қазақстан пионері» (қазір «Ұлан») газетін оқуға деген құмарлығы туған балақай Нұрмахан үшінші сыныптан бастап енді өз бетінше түрлі кітаптарды оқуға кіріскен. Міне, баланы жастайынан оқуға құштарлыққа еліктіріп баулыған ата мен әке тәрбиесінің нәтижесі. Осылай ауылдағы мектеп және ауыл кітапханасындағы кітаптардың талайын ол оқушы жасөспірім кезінде-ақ оқып тастапты.
Жақсы кітап – қашанда жаман достан артық. Жалпы менде жақсы қасиеттер болса, ол кітаппен дос болуымның арқасында да қалыптасты.
Осы кітап оқуға құштарлық оның қолына қалам алдырып, өзі мектеп өмірінен «Қазақстан пионері» газетіне тырнақалды жазбаларын жолдай бас­тайды. Редакциядан келетін «Талабың дұрыс, әлі де іздене түс» деген сынды үміттендіретін хат ол кезде оқушы үшін арқадан қаққан айналайынның үлкені. Талай қаламгер осы жолдан өткенін жымия еске алары сөзсіз. Осылайша қалам сүйкеп, төселе жүріп, аудандық газетке де хабар-ошарлары шыға бастайды. Келе-келе «Қазақстан әйелдері» журналында ұдайы жария­ланатын «Құпия сөзді» құрауға машықтанып, басылымының белгілі авторының біріне айналады.
Мектеп бітірген 1970 жылы жастарды ауылдан жүз шақырым, Қызылқұм ішіндегі фермаға қозы сою жұмысына апарады. Мүлгіген Қызылқұмның арғы беті Өзбекстанның Жызақ облысына қарайтын, халқының басым көпшілігі қазақтар Тамды ауданы, әйгілі сазгер Шәмші мен ақын Қадыр әнге қосқан Тамды аруының жұрты, өзбектің даңқты «Ялла» ансамбілі шырқайтын Үшқұдық та осы жақта, Қызылорда облысының Жаңақорған және Шиелі аудандарымен шекаралас ағайын ел. Газетке хат-хабарлары шығып машықтанып әрі тілші бала атанып қалған бозбала Нұрмахан сол жердегі малшыларға, жұмыскерлерге, қызметкерлерге арнап, «Кең өріс» деген қабырға газетін шығаруды қолға алады. Онда жазылған мақалалар да, салынған суреттер де өзінікі. Тосын шығарылымдарды оқығандардың бәрі мәз, қияндағы мекенде қабырға газетіне шығудың өзі оларға мақтаныш. Сол науқан кезінде құмдағы малшыларды аралап облыстан келген өкіл қабырға газетін көріп, кеңшар парторгіне «Талабы жақсы, жазушы болатын бала екен» деп Нұрмаханды сыртынан мақтап кетіпті. Сөз құдыреті деген осы! Осынау бір ауыз сөз мектепті жаңа бітірген ауыл қолбаласы Нұрмаханның жүрегіне жылы ұялап, оның бойында жанғалы тұрған ұшқынды тұтатып жіберген еді. «Кең өрістен» кең өріске талпыныс осылай басталып кеткен. Осы бір ауыз сөз дер кезінде айтылып, балаң қиялды шарықтатпаса, бүгінгі қазақ әдебиетінде аса шетін жанр – сатира сарбазы Нұрмахан Елтай қалыптасар ма еді. Бала кезден жазу-сызу әуестігі осылай бірте-берте оның қаламгерлік кәсібіне айналып кеткен-ді. Оның үстіне осы ауылдан түлеп ұшқан қаламгер, қазақ журналистикасының көрнекті қайраткері Нұрмахан Оразбеков те ауылдастары ауыздарынан тастамайтын үлгі тұтар ағалардың бірі еді.
Қолына қалам алып шығарма­шылықпен шұғылданғанына елу жылға таялыпты.  Жиырмашақты кітабы жарық көрген. Баспасөзде жарияланған мақала­ларында есеп жоқ. Кейінгі жиырма жыл көлемінде Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің Шиелі және Жаңақорған аудандары бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Әріптестері батыл тілші Нұрекеңді мерзімді басылымның жаужүрек жауынгері атап кеткен еді. 
Әйгілі сатирик Оспанхан Әубәкіров 1970 жылдардың ортасынан республи­калық басылымдарға шыға бастаған Нұрмахан Елтайдың алғашқы әңгіме­леріне назар аударады. Сөзі сүзеген сардар Ос-Аға өзін Сыр бойынан Алма­тыға арнайы іздеп келіп, сәлемдескен жас талап ізбасарына біраз ақыл-кеңесін айтып, ризалықпен батасын беріпті. Сондай-ақ республикалық «Ара» сатиралық журналына алғашқы сықақтары атақты сықақшы ақын Асқар Тоқмағанбетовтің сәт сапар тілегімен жарияланды. Республикалық «Лениншіл жас» (қазір «Жас Алаш») газетінде ай сайын сын-сықақ «Сүзеген сөз» бетін жаттықтырған ұстазы Оспанханға ұқсап, Нұрмахан да аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің «Көк ине» сатиралық бетін жүргізеді.
Шаруашылықта комсомол-жастар бригадасының бригадирі Нұрмахан ауылдан жырақтағы егіс алқабынан атпен кештетіп үйіне келіп, біраз күн ойына түйген әзіл-сықақтарын түнімен жазып шығар еді. Таңертең автобусқа отырып жүз шақырым жол жүріп, аудан орталығы Жаңақорғанға жетеді, аудандық газет редакциясына күтіп отырған материалдарын уақтылы тапсырып қайтып жүреді. Құмарлық-ай! Нұрмаханның осылайша қат-қабат тірлігі таусылмайтын, ылғи науқан шаруашылықтан да, аңсары артық шығармашылықтан да қол үзбеуінің арқасында аудандық «Жаңақорған тынысы» газетінің «Көк ине» сатиралық беті осылай үзбей шығып тұрды. Кейін «Егемен Қазақстан» газетінің «Сөз сойыл», «Қазақ әдебиеті» газетінің әзіл-сықақ бетінің тұрақты авторына айналды. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіне қызметке келгенде мұнда «Түрлі-түрлі бастар бар» сатира бетін ашып, оның редакторы болды. 
Қашанда қауырт газет жұмысы көп жыл осы салада істеген қаламгерді қасаңдандырып, жазар тақырыптарының аясын тарылтып, таптаурын жолға салып жіберуі де мүмкін. Еркін шығар­машылыққа, кең өріске ұмтылысы әрі еңбекқорлығы Нұрмаханды 2000 жылдардың басында өзіндік «Хан алшы» деген аймақтық газетін шығаруды қолына алдырды. Бұл игілікті де ізгілікті ісі қазір «Шарайна-Сейхун» аймақтық ақпараттық-танымдық газе­ті болып жалғасқан. Басылымның тақырыбы – негізінен руханият, әдебиет, мәдениет мәселелері. Бұл да ізденімпаз оқырманға олжа. Ауданда тағы бір басылымның, тәуелсіз басылымының пайда болуы талапты жастардың осында қаламгерлікке қадам басу, журналистік кәсіптің қыр-сырын үйрену мектебіне айналды. Тәлімгерлері – Нұрекеңнің өзі. Газеттің төртінші бетінде тұрақты орны бар «Қуақының қамшысы» бөлімінде Нұрмахан ел ішінде аузы дуалы, сөзі уәлі адамдар айтқан небір тәлім-тәрбиелік мәні бар әзіл-оспақ, қалжың, қағытпа, ұрымтал сөздерді, мөлтек әңгімелерді жариялап отырады. Дос-жарандар ортасында айтып қалған орайлы сөздеріміз Нұрмаханның қырағы назарынан тыс қалмайды. Ол халықтың рухани қазынасын осылай гүлдерден бал жинаған арадай нәрмен молықтырып жүргені. Ғалымдар оның бұл еңбегін фольклор іздеуші деп бағалған.
Оншақты сатиралық кітабы жарық көрген, жетпістің төріне шыққан Нұрмахан Елтай бұл күнде шығармашылық ортаға, көзі қарақты оқырманға жақсы таныс жазушы. Асқар Тоқмағанбетовтен бата алған, Оспанханның шәкірті, Көпеннің ізбасары Нұрмаханның өзі қазір сықақшы қаламгерлердің алғы сапында. Оның қазақ сатириктері шоғырында өткір де өзекті, ойлы шығармашылық еңбегімен алған өз орны бар. Қаламгер жеңіл күлдіру үшін жазбайды, оның әр сықақ әңгімесінің, өлеңінің астарында терең ой, тәрбилік мән жатады. Шығармаларын оқып отырып еріксіз езу тартасың, жымиясың, қынжыласың. Тұрмыс-тіршіліктегі, қоғам өміріндегі келеңсіздіктерді, адам мінезіндегі міндерді сыпайы мысқылмен әжуалау үшін өзің мұндай құлық пен қылықтан рухани жоғары тұруың шарт. Онсыз жұрттың күлкісіне өзің қаласың.
Журналист-жазушы Нұрекең ел ортасында. Оның кейіпкерлері де сол ел арасында. «Гөзал келе жатыр» деген әзіл әңгімем алғаш «Қазақстан әйел­дері» журналында жарияланып, ауыл адамдары әлгі Гөзал қуды «іздеумен» біраз әуре болғаны бар деп жымия еске алады Нұрмахан.
Оның «Үшінші тайм» деген жина­ғында «Әкім» деген мынадай бір сықақ бар. 
– Сен Абайды білесің бе?– деп сұрады.
Есепшінің қағазы әрқашан дайын тұрады.
Олай-бұлай қопарыстырып,
– Иә, білемін,
Оған біз қарызбыз,– деді.
– Өткенде бес тонна май алып,
жартысын машинаңызға жаққан жоқсыз ба?
Запчасқа деп жартысын сатқан жоқсыз ба?..
– Ой, сен де!
Айтып тұрғаның заправщик Абай ма?
Есебін тауып қарызынан құтыл қалайда.
Есепші ұлы ақын Абайдан хабарсыз.
Сонан соң әкім завклубқа шүйлікті:
– Абайдың қандай өлеңін айта аласың?
Келмейді саған жаңағы сөзді қайталағым.
– Е, басеке!
Ол кісі бай болған,
Бәйгеге шабатын аты сай болған.
Атты суреттеген өлеңдері
ертегі ғой жоқтарға.
Жіберіңізші,
барайын деп едім көкпарға.
Осы мезет
Кіріп келіп ардагер шал:
– Өлеңді қайтесің? – деп қалды.
– Ұн таусылды, көмір жоқ,
Қақаған қысың да кеп қалды.
Көзі жайнап әкім
Орнынан тұрды ұшып.
– Маладес, шалым, маладес!– деп
Қарияны алды құшып.
Сөзін айттың төренің,
Мынауыңыз еске салады
ұлы ақынның «Қыс» деген өлеңін.
Қол шапалақтап прораб сөз сөйледі тұра қап:
– Мәке,
Абай атам өлеңді қалай қиыстырып құрайды.
Әсіресе маған «Кірпіш» деген өлеңі ұнайды, – деп хабары барын білдірді.
Бұл сөз әкімді де күлдірді.
– Е, бала, болмаса да білімің оншама, керек еді сол кірпішің үйдегі салып жатқан моншаға…
Нұрмаханның бұл сықағы өмірде болған мына бір оқиғаны есіме түсірді. 1995 жылы ұлы хакім Абайдың 150 жылдығы тойланатын болып, жер-жерде түрлі шаралар ұйымдастырылып жатқан. Әйгілі Қал-Аға – әзіл-қалжыңның ұстасы Қалтай Мұхамеджанов елдік «Түркістан» газетінің бас редакторы еді, Абай тойына қатысты бір шаруамен Алматы қаласында әкімдердің бірі, танымал адамға барады. Әкім қабылдайды. Қалекең келген шаруасын айта бастайды. Сонда әлгі әкім «е, әлгі тақпақ шығаратын адам ба?» деп, Абайдан хабары барын білдіреді... Кейін осы оспадарсыз оқиғаны Қалекең «сабазың Абайды жақсы біледі екен» деп күлкі етіп айтып жүрді. 
Нұрмаханның осы «Үшінші тайм» кітабы туралы баспасөзде пікір білдірген белгілі әдебиет сыншысы Бақыт Сарбалаұлы сол мақаласына «Қақпа алдында – Нұрмахан Елтай» деген тақырып қойған екен. Әсілі келеңсіздікті келемеждеп, тіліп айтар Нұрмахан қақпашы емес, шабуылшы. Осы мақаласында сыншы Б.Сарбалаұлы орынды атап көрсеткеніндей, Нұрмахан Елтай – мол байлық-базары бар қаламгер, мүмкіндігі нар қаламгер. Бұны Нұрмахан Елтайдың төл шығармалары дәлелдейді. «Қатырамыз», «Сыпыра сыйлық», «Үшінші тайм», «Жайма базар», «Сүйінші дайындаңыздар», «Ауылдың айтқыштары», «Беласар», «Беті бүлк етті», «Қияға қонған қыран», «Көкиненің көзі»,«Япырмай, бұл қандай қызық?!» кітаптары және «Сырдария кітапханасы» сериясына, басқа да жинақтарға енген шығармалары.
Күлдіре отырып, адамға ой сала білу – астарлы үлкен өнер. Әдемі әзілмен қоғамдағы келеңсіздіктерді сынға алу оңай емес. Осы ретте кейінгі кезде теледидар көрермендері әзіл арзандап барады, күлдіру үшін жасалатын күлдібадам дүние қаптап кетті деген сын-пікірлерді орынды айтып қалуда. Сатирик жазушы Нұрмахан Елтай: Әттең, жеңіл-желпі қылжақ көбейіңкіреп кетті. Сахнадағы ойнақы анекдоттарды сатираға, азусыз қылжақбастарды сатириктерге қоспаймын, – дейді.
Нұрмаханмен таныс-біліс болғаныма біраз жыл. Әріптестік шығармашылық байланысымыз да бар. Шиелі ауданының 90 жылдығына арналған «Шежірелі Шиелі» кітабын дайындауға Нұрекең де белсене атсалысқан. Елге барғанда дос-жарандар жолығысамыз, шүйіркелесе әңгімелесеміз. Отағасының бабын баққан, жаны жәннатта болғыр, таяуда дүниеден өткен аяулы жары Орынкүлдің маңызды шайының үстінде әңгімеміздің аясы кең, аман-саулық, ауыл ел мен астананың тыныс-тіршілігін сұрастырудан басталатын сөзіміз өрбіп, біз қозғамайтын тақырып қалмайды-ау. Нұрмахан әңгімеге даңғыл, ортамыз езу жиғызбас күлкі. Осылай емін-еркін сырласа алатын, ақжарқын сыйласа білетін замандас доспен қауышу қашанда ғанибет. Келесі кездесуді іздеп тұрасың.
Нұрмахан жоқ іздеуші, барды түгендеуші. Ол Сыр бойының ежелгі қалалары Бестам, Жүніс, Күйеутам, Сығанақ туралы тарихтан сыр шертті. Жазушы Қалмақан Әбдіқадыров өмірінің соңғы жылдары Шиеліде тұрған үйді тауып, оған ескерткіш тақта орнатылуына себепші болды. Заңғар ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есенов сәбибінде тербетілген бесікті тапты.
Нұрмахан сондай-ақ әйгілі Сырдың «Қараторғайы» әнін шығарған Шолпан Жанболатқызы апамызды да іздеуші зияткерлердің бірі. Қазақта әйгілі екі «Қараторғай» әні бар. Біріншісі – Арқаның «Қараторғайы», оны шығарған – Ақан сері. Екіншісі – Сырдың «Қараторғайы», оның иесі Сыр елінің қыз серісі Шолпан Жанболатқызы. Бірнеше нұсқасы тараған осы әннің бірде Үкілі Ыбырайға телініп, кейде халық әні аталып жүрген де жай бар.
Бұл туындыны қазақ әндерін жинаушы Александр Затаевич 1920 жылы Ташкент қазақтарынан жазып алған екен. Шолпан жайында біршама жазба мәлімет қалдырған да осы А.Затаевич. Оның «1000 песен казахского народа» деген кітабы 1925 жылы Мәскеуде жарық көрген. Қазақ әндерін жинауды А.Затаевич осы Шолпанның «Қараторғайынан» бастапты.
Небәрі 43 жыл ғана өмір сүрген әнші-сазгер Шолпан Жанболатқызы 1880 жылы Шиелінің Телікөл төңірегінде дүниеге келіпті. Талантты әнші Ресей патшалары Романовтардың таққа отыруының 300 жылдығын тойлауға орай 1911 жылы Ташкентте губернатор ұйымдастырған Түркістан өлкесі өнерпаздарының сайысында бас жүлде алады. Осында оның орындауында «Қараторғай», «Ой көк», «Ахау Семей» әндері граммофон күйтабағына жазылған. Қазақ әншілері арасынан әні алғаш күйтабаққа жазылған тұңғыш өнерпаз сірә осы Шолпан болар. Бұл әндердің барлығы да Ташкент төңірегіне кеңінен тарағандықтан шығар, өзбектің «Ялла» ансамблі өз репертуарына қазақ әнін қосқысы келгенде таңдаулары Сырдың «Қараторғайына» түсіпті.
Әншілік даңқы талайға жайылған Шолпан жайлы Нұрмахан да осы там-тұм мәліметті одан әрі нақтылау, кеңейту, халқымыздың ұмыт қалған өнерпазын Бұдабай, Палымша сияқты ортамызға оралтуға еңбектеніп, ізденіп келеді. «Қараторғай» атанған апамыз Шолпан Жанболатқызының есімін және өнерін ұлықтау Сыр өңірінен, оның туған жері Шиеліден бастау алуы керек. Әншінің мұраларын өз аты¬на қайтару үшін оның атында әншілік өнер байқауларын өткізген жөн. Көмейіне бұлбұл ұя салған әншіге Шиеліден ескерткіш белгі орнатылса, – дейді Нұрмахан Елтай.
Қазақстан Жазушылар одағының және Журналистер одағының мүшесі, сатирик, облыс әкімінің 2023 жылғы мәдениет және әдебиет өкілдеріне арналған «Тұран» сыйлығының алғашқы иегерлерінің бірі Нұрмахан Елтай«Шиелі ауданының құрметті азаматы». Ел ортасында жүріп жақсысын асырып, жамандығын жасырмай, жанашырлықпен сын тезіне алатын, қашанда алғы сапта – еңбекқор, өмірі – күле білу, өнері – күлдіре білуқарымды қаламгер Нұрмахан Назымханұлы Елтай жетпіс жылдық мерейжасында «Қызылорда облысының құрметті азаматы», тіпті «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» сияқты мәртебелі марапатпен қошеметтелсе нұр үстіне нұр. Еңбегі лайық!
Ақайдар ЫСЫМҰЛЫ,
Шиелі ауданының құрметті азаматы,
Қызылорда облысының құрметті ардагері,
Қазақ журналистикасының қайраткері
12 тамыз 2023 ж. 215 0