Каспий жағалауындағы қамыс өртін сөндіруге Қызылордадан тікұшақ тартылады
Каспий жағалауындағы қамыс өртінің аумағы 20 гектарға жетті. Өртті сөндіруге Қызылордадан су төгетін құрылғысы бар тікұшақ тартылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобынан мәлім еткендей, 7 шілдеде кешкі сағат 21:00-дегі жағдай бойынша қамыс өсімдіктерінің жану аумағы 20 гектарды құрайды.
«Қамыс өртін сөөндіру таңертеңгі сағат 9:00-де басталды. Кешке дейін төтенше жағдайлар департаменті мен «Ақжайық» мемлекеттік табиға резерватының 71 қызметкері 15 техника, 2 мотопомпамен шамамен 5 гектар аумақтағы қамыс өртін сөндірді. Қамыс өртін сөндіруге жағалаудың сулы-батпақты болғаны қиындық келтіруде. Сол себептен, 8 шілдеде теңіз жағалауындағы өрт ошақтарын сөндіру үшін Қызылорда қаласынан су төгетін құрылғысы бар МИ-8 тікұшағын тарту жоспарланып отыр. Өрт ошағының одан әрі тарауын болдырмау үшін айналасындағы жерді жыртуға соқасы бар К-700 тракторы тартылады», -деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.