» » Жері күрішті, елі ырысты

Жері күрішті, елі ырысты

КҮРІШ КӨРМЕ-ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

Өткен сенбіде Қызылордаға ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған Үкімет делегациясы жұмыс сапарымен келді. Делегация мүшелері облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен бірге ауыл шаруашылығы  нысандарының жұмысымен танысып, «Жері күрішті, елі ырысты Қызылорда» атты 2 күндік күріш көрме-жәрмеңкесіне қатысты.syrboyi.kz


Алдымен Үкімет басшысының орынбасары Сырдария ауданындағы «Мағжан и К» ЖШС күріш ақтау және тұз өндіру зауыттарының жұмысымен танысты. Заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен жабдықталған және бірыңғай автоматтандырылған жүйе арқылы басқарылатын кәсіпорын азық-түлік тауарларының бірқатар түрін шығаруда.
Мұнан кейін Серік Жұманғарин «Абай-Дәулет» ЖШС күріш зауытын және күріш сататын арнайы дүкенін аралады. «Жан Арай» ЖШС агроөнеркәсіп кешенінің қуаттылығы 4000 тонна қойма құрылысымен танысты.
Сонымен қатар ҚР Премьер-министрінің орынбасары күріш көрме-жәрмеңкесінің салтанатты ашылу рәсіміне қатысты. Көрме-жәрмеңкені республика көлемінде күріш бағасын тұрақтандыру мақсатында Қызылорда облысының әкімдігі, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚР Сауда және интеграция министрлігі бірлесіп ұйымдастырған. Оған барлық облыс әкімдерінің салалық орынбасарлары, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация төрағалары және ел өңірлерінен 100-ден астам кәсіпкер қатысты.
КӨШПЕЛІ МӘЖІЛІС
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің Қызылорда облысына жұмыс сапары аясында әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларын өндіру және сату мәселелеріне арналған көшпелі жиын өтті.
Жиынға республиканың 19 өңірі мен ірі қалаларынан 120-дан астам өкіл келіп қатысты.
Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сыр өңірінде осындай үлкен шараның өткізілуі аймақтың басты өніміне қатысты екенін атап өтті.
– Облысымыздың кейінгі жылдардағы серпінді даму қарқыны туралы білесіздер. Биыл жалпы инфляция деңгейі 104,8%-ды құраған болса, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 108,8% болған еді. Бұл – еліміздегі баға тұрақтандыру бойынша қабылданған жаңа тәсілдердің оң нәтижесі. Біз баға тұрақтандыруда сауда желілерінен алшақтап, өндіруші құрылымдарға бетбұрыс жасадық. Бүгінгі ауқымды шарамыз, бастамамыз арқылы көздеген мақсатымыз – ішкі нарықта өнім өндірушілер мен өңірлердің әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары арасында делдалсыз тікелей сауда қарым-қатынасын орнату, – деді аймақ басшысы.
Жиында орталық атқарушы органдар және барлық өңір әкімдерінің орынбасарлары, азық-түлік тауарөндірушілері әлеуметтік маңызды тауарлар бағасының қазіргі жағдайына қатысты баяндама жасады. Өзара тиімді форвардтық шарттар жасасып, «Тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесі» пилоттық жобасын таныстырды. Мұнан бөлек, мәжілісте экспорттық әлеует және даму перспективалары талқыланып, жергілікті атқарушы орган өкілдері халық кең тұтынатын өнімдердің бағасын тұрақтандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды баяндады.
«БҰЛ – ӨТЕ ДҰРЫС БАСТАМА»
ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин бастаған Үкімет делегациясы жұмыс сапары аясында Сыр өңірінің су шаруашылығы нысандарын аралады.
Алдымен Үкімет делегациясы «Қызылорда» су торабына барды. Еске салсақ, «Қызылорда» су торабын күрделі жөндеу жұмыстары 2020 жылы күзде басталды. Оған 2 миллиард 600 миллион теңге бөлінген. Қазіргі таңда негізгі жұмыстар аяқталған, су торабының екі арнасы жұмыс жасауда. Алдағы уақытта автокөлік көпірі нығайтылмақ. Жоба жыл аяғына дейін аяқталып, толық пайдалануға беріледі.
Әрі қарай Серік Жұманғарин «Абзал және К» ТС-ның күріш алқабына барды. «Абзал және К» ТС 1994 жылы құрылған. Сырдария ауданы Н.Ілиясов ауылында күріш егіп, алынған өнімді компания зауытында өңдейді. Компанияның күріш өнімдері қазақстандық нарықпен қатар Ресей, Украина, Тәжікстан, Өзбекстан, Моңғолия, тағы басқа елдерге сатылады.
Мұнан әрі Үкімет басшысының орынбасары Н.Ілиясов ауылында жүргізілген абаттандыру жұмыстарын, салынған әлеуметтік нысандарды тамашалады. «Абзал и К» ТС бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында ұзақ жылдан бері елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына инвестиция салып келеді. Өткен жылы 300 млн теңгеден астам қаржыға «Еңбекшілер аллеясы» бой көтерді.
Еске салсақ, Серiк Жұманғарин өңiрде «Жерi күрiштi, елi ырысты Қызылорда» көрме-жәрмеңкесінің ашылу рәсіміне қатысқан болатын. Тауар өндірушілердің қатысуымен арнайы мәжіліс өткізді.
– Бүгінгі сапарымыздың басты мақсаты – облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған күрiш жәрмеңкесіне қатысу. Әрине, бұл – өте дұрыс бастама.
Келiссөз барысында көптеген маңызды құжаттарға қол қойылды, – деді Үкімет басшысының орынбасары сапар қорытындысында.

27 маусым 2023 ж. 118 0