№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ҚалдыҚты Қайта өңдейтін кез келді

ҚалдыҚты Қайта өңдейтін кез келді


БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күнінің белгіленгеніне биыл 50 жыл толды. Жарты ғасыр уақыт ішінде бірнеше ел етегін жинап, айналысын мұнтаздай таза ұстауға аяғынан тік тұрды. Бірақ, басым көбі әлі де тазалық мәдениетін қалыптастыра алмай отыр. Оның шінде біздің ел де бар. Осыдан барып тазалықтың қадірін түсінбей жүрген елдер қаншама көп деген түсінік келеді. Басқасын айтпағанда пластмасса өнімдерді азайтуға кей мемлекет құлық танытпай тұр. Тіпті, өңдемек түгілі арнайы орындарға тастауды жатсына бастады. Бұл мәселе бүгінгі әлем елдерінде үлкен проблемаға айналды. Осы бойынша тереңірек талдап, сараптап көруді жөн көрдік.
Қазір қалдықтарды жою, қайта өңдеу арқылы кәдеге жарату бағытында шағын зауыттар іске қосыла бастады. Әйтсе де, қоқысты сұрыптау ісі бір жүйеге түсе қойған жоқ. Жан-жақты қолдау тетіктері де қалыптасты дей алмаймыз. Бұл – тұрмыстық заттарды өңдеу ісінің өріс алуына дем бере алмайтыны белгілі.
Дегенмен, жаңақорғандық Насырла Мурзаев пен Нұрлан Садуақасов осы саланы дамытуға ниетті. Бірнеше жылдан бері қатты қалдықтарды жинап Шымкенттегі зауытқа өткізуді бастаған кәсіп иелері алдымен оларды сүзгіден өткізіп, әр қалдықты бөліп-бөліп жөнелтуді қолға алды. Енді шикізаттан өнім шығаруды қолға алсақ керемет болар еді.
Әлем қайда, біз қайда?
Алдымен, әлем тәжірибесінен бастасақ. Дамыған отыздыққа енудің басты құралы – бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру. Яғни, шағын және орта бизнесі дамыған, өңдеу өнеркәсібі қалыптасқанда ғана көшке ілесе аламыз. Алайда, тазалық мәдениеті маңызды орын алады. Осыны ескерген дамыған елдер бүгінде тазалыққа мән беріп, тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу ісін қолға ала бастады.
Мәселен, Швеция, Франция мен Италия сынды мемлекеттердің кейбір қалалары «пластикалық пакеттер мен бөтелкелерден» бас тартып, орама қағаздарға көше бастады. Себебі, пластикалық заттардың зияны өте көп. Данияның тәжірибесі де елеулі. Бұл елде 1994 жылдан бері пластик құты мен пакетті шектеген. Алдымен мәдениетті жолмен. Яғни, өндірушілердің экологиялық сауатын ашу арқылы. Сосын қаржылық жолмен. Яғни, сатушыларға пластик ыдыс пен пакет үшін салық салу арқылы. Осындай жолмен тұрмыстық қатты қалдықтарды 90 пайызға төмендеткен. Енді Даниядан табиғи процесте 400 жылдай уақытта толық жойылатын пластик пакеттер мен құтыны табу қиын. Қаламгер Қайнар Олжайдың жазуынша, ағылшындар да полиэтилен мен пластиктен жасалған тұрмыстық қатты заттарды шектеудің жолын тапқан. Олардың кейбір супермаркеттері мен дүкендер желісінде «Бізге өз дорбаларыңызбен келіңіздер!» деген әлеуметтік жарнамалар ілінген екен. Ал, Қытайда кәріздің шойын қақпағын ұрлай бергендіктен құтылардың ауызын пластикпен тығындауды жолға қойыпты. Кейбір елдер қатты қалдықтарды жинап, қолданысқа енгізу үшін зауыттарды іске қоса бастады.
Мәселен, Өзбекстанда пластик құтыларды өңдеу ісі жолға қойылған. Олар көбіне қайта балқытып, көкөніс пен жеміс салатын жәшіктер шығарады. Себебі, ағаш пен темір жәшіктерден жасалған жәшіктер қолдануға ыңғайлы. Осы себепті, сұранысы да жоғары. Сол секілді Қытай темірден түйін түйсе, филиппиндіктер полителен пакеттер мен ыдыс құтылардан қайық жасап, туристтерге ақылы қызмет көрсетіп, нәпақасын тауып отыр. Ал, Мексика пластиктік тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жаратып, үйлер тұрғыза бастапты. Міне, әлем елдері зиянды заттарды қажеттілікке икемдеп, тазалыққа мән беріп жатыр. Тағы бірі қайта өңдеп, қолданысқа енгізуде. Биыл наурызда Кения астанасы Найробиге шартараптың экология саласына жауапты басшылары жиналған-ды. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау Ассамблеясының кезекті кездесуінде планетаның басты экологтері «Пластмасса қалдығын жоямыз» деп аталатын қарар қабылдаған еді. Олардың қатарында Қазақстан да бар. Құжатта пластик өнімдерімен күресу тәсілдері егжей-тегжей жазылды. Енді, келесі жиын кезінде, яғни 2024 жылы қарарды бекітпек. Жалпы, пластмасса өнімдерінің қалдығы бүгінде әлемге үлкен қауіп төндіріп отырғаны белгілі. Өйткені бұл материалдың табиғи жолмен шіруі өте баяу жүреді.
Көп жағдайда жүздеген жылдарға созылады.
Сол себепті мұндай қоқыс қоршаған ортаға да, адамдардың денсаулығына да, жан-жануарларға да үлкен қауіп төндіреді. Мәселен, жыл сайын әлемде 400 миллион тонна пластик қоқыс шығарылады екен. Өкініштісі де сол, 400 миллион тонна қоқыстың жартысына жуығы – сусын құтысы, қаптама секілді бір реттік пайдаланылатын пластмасса өнімдер. Алайда жалпы пластик қалдықтың тек он пайызы ғана қайта өңделеді. Қалғаны полигондарға төгіліп, ормандар мен далаларда шашылып, мұхиттарды ластайды. Шамамен, жыл сайын 23 миллион тонна пластмасса өзендерге, көлдерге, теңіздер мен мұхиттарға ағып кетеді. Шартараптың экологтері пластмасса қалдығына бас ауыртуы бекер емес. Ірі өндіруші компаниялар пластмасса өндірісін жылдан-жылға ұлғайтып келеді. Сарапшылар бұған шектеу қойылмаса немесе реттелмесе 2050 жылға қарай пластик өнім тұтыну көлемі екі есеге артатынын айтып дабыл қағуда. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының деректеріне сәйкес, қайта өңдеу саласына 65 миллиард доллар инвестиция қажет. Бірақ бұл пластик өнеркәсібіне салынған инвестицияның жартысы ғана.
Сондай-ақ алдағы жиырма жылда пластикалық ластануды 80 пайызға азайту мол пайда әкелмек. Әсіресе денсаулыққа, климатқа, ауаның ластануына, мұхитқа төнген қауіпті азайтады. Алда-жалда әлем осындай қадамға бара қалса, 3 триллион доллар шығынның алдын алуға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, ауаға парникті газдардың шығуын да азайтады. БҰҰ келтірген деректе жаһандық көмірқышқыл газы шығарылымы 500 миллион тоннаға азаятыны көрсетілген. Қоқыспен күресу үшін кей мемлекет пластмасса өнімдерін азайтуды жоспарлап отыр. Мәселен, Еуропалық комиссия былтыр бір реттік пластик қаптамалар өндірісін шектеуге қатысты заң жобасын ұсынды. Басты мақсат – 2050 жылға қарай қоршаған ортаға зиян келтірмейтін өңірге айналу. Осы жолда мейрамханалар, қонақүйлер және дүкендерде бір реттік пластмасса қорапшалар мен қаптамаларға тыйым салынбақ.
Мұның бәрі түптеп келгенде қоршаған ортадағы тепе-теңдік заңдылығын сақтап, әлемді экологиялық апаттан қорғап, адам денсаулығына қамқорлықтан туып отыр.

                                                                                                                                                  Әли Темірбек

17 маусым 2023 ж. 258 0