№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Сегіз ауылға сапар

Сегіз ауылға сапар



Халықпен әр тоқсан сайын жүздесіп, ауылдың әл-ахуалын көтеруге міндеттелген әкімдер бұл бағытта мін жібермеуде. Аудан әкімі Мұрат Тлеуімбетов бастаған сала басшылары екінші рет ауыл аймаққа сапарлап, кездесуде келелі мәселелер көтерді. Ауыл жұртшылығының негізгі мәселесі ауыз су мен аяқ су екені белгілі. Ауданда кіші көлдер мен дария суы егіншілік пен мал суына толық жетіп отырған жоқ. Осы мәселенің оңтайлы шешілу жолын каналдарды тазаланбауы, дария суының жаз маусымында деңгейі төмендеуі, егінші қауымның ретсіз су байлауы секілді мәселелер тұсап тұр. Мұны қалай шешеміз? Жаңақорғанға дейін келетін дария суының деңгейін тұрақты ұстауға келісім жасалыпты. Демек, күріш бастырып алуға диқандарға әлі де болса мүмкіндік бар.
Ал, ауыз су мәселесін шешуде республикалық бюджеттен 1,2 млд. теңге қаралуда. Бұған алдағы уақытта «Тақыркөл» бас су алғышынан №1 сорғы станциясына дейінгі магистральды су өткізгішінің екінші желісін салмақ ниетте. Талап топтық су құбырын кеңейту үшін 5 жаңа ұңғыма бұрғылау ісі басталды. Осы екі жұмыс аяқталса аудандағы әрбір отбасына ауыз су келетін болады. Бұл туралы әр ауылдағы кездесуде аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы түсіндіре келіп:
– Біз 9 елді-мекенде электр жүйесін жаңғыртуға демеуші есебінен жобалар жасатып, мемлекеттік сараптамадан өткізіп, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлгіздік. Осы қарқынмен тағы да 10 ауылдың жарық жүйесін жаңартамыз. Тарқатып айтсам,Екпінді, Қожамберді, Сүттіқұдық, Бірлік, Қосүйеңкі, Жаңарық, Ақсуат, Өзгент, Түгіскен, Қаратөбе ауылының жоба-сметалық құжаты жасалды. Алдағы уақытта республикалық қолдау тапса жұмыс жүйелі жүретін болады. Өткен жылы Бірлік пен Қырашқа газ кірді. Биыл Төменарық, Жайылма, Шалқия, Құттықожа, Кейденге газ кіретін болады. Ауыл жолдары да назарымызда, аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолы мен 17 ауылдың 18 ауыл ішілік жолы орташа жөндеуден өтпек.Оған қоса, демеушілердің қаржысымен де бірнеше көшелерде жөндеу жұмыстары жасалады. Халықты әлеуметтік қолдау аясында мемлекет тарапынан қолдаулар үздіксіз жүретін болады, – деген еді.
Біз барған сегіз ауылдың өзіндік мәселесі бар. Кейден ауылдық округіне биыл газ кіретіні белгілі. Оған бюджеттен 381 млн. қаржы бағытталды. Аққұм ауылына ойын алаңқайы салынады. Өткен кездесуде халық Аққұмның электр жүйесі сын көтермейтінін, желді күндерде жарық сөнетінін айтып шағымданған еді. Бүгінде жарық желісі КТЖ теңгерімінен шығарылып, КРЭК теңгеріміне өткізуге құжаттар әзірленген. Бұйырса, жыл соңында сапалы электр желісіне қосылады. Кейденнің С.Мұхтаров көшесі, Аққұм мен Қауықтың көшелеріне 940 млн қаржы қаралады. Кейденнің ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразәлі Әбжанов «Тайпақкөл-Қандарал» көлдер жүйесін қайта жаңғырту жұмысына жергілікті биліктің назары ауғанына ризашылығын білдірді.
Шалқия кентінде жаңа клуб үйі өз жұмысын бастады. Орталық саябағы жайқалған жасыл желекке айналыпты. Құм-тас тасыған көліктер, шипалы санаторий мен «Шалқия-Цинк ЛТД» кенішінің қызу тіршілігінен-ақ халықтың әлеуметтік жағдайы түзеле бастады деуге болатындай. Кенттің көлемі едеуір артып, жаңа үйлер мен мұндалап тұр. Саябақтың ішінде еліміздің басты нышаны көк туымыздың тұғырын өз қаржыларына орнатып жатқан жастардың талабын көргенде ерекше қуанып қалдық. Бұйырса, салтанатты ашылу рәсімін Рәміздер күнінде өткізбек. Кент аналары атынан сөз алған Камила Камбарова ауыз су мәселесі өзекті екенін жеткізді. Зауыттан алып отырған судың тұрақты ағып тұрмауы тіршілікті тұралатыпты. Әсіресе, мекеме үшін тазалық ісіне су тапшылығы жиі кедергі екенін айтты. Ауызсуға тәуелділікті жоюдың амалын табу керекақ. Кент аймағынан тас-құм тиеген көліктер жүк тасу талабын жиі бұзып отырғаны да айтылды. Осы кездесуде
аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Шалқия кентінің әкіміне осы мәселені шешу үшін арнайы қабылдау өткізетінін айтып, оған дейін кенттің ауыз су жүйесін толық зерделеп, жобасын жасауды тапсырды. Ал, көліктердің қиыршық тасты ашық күйде тасымалдауының заңсыздығы нақтыланып отыр. Мұнымен полиция бөлімі айналысуы тиіс-ті.
Жайылма ауылына тоқталсақ, мұнда 150 орындық клуб үйі салынуда. Газдандыру жұмысы да жүруде. Су құбырын жаңарту бағыты да жүйеленіп келеді. Осы кездесуде ауыл халқы жастарға спорт кешенін салып беруін сұрады. Бұл ұсынысты аудан әкімі алдағы уақытта жоспарлайтынын жеткізді.
Сунақатада халықтың ынтымағы берік екендігі көрінді. Кешегі дүлей дауылдан ауыл мектебінің шатыры ұшып, елді әбігерге салған еді. №194 мектеп ұстаздары ұйымшылдық танытып, ел жанашырлары демеушілік жасап, мектеп шатыры қалпына келтіріліпті. Осы игі істен-ақ ел бірлігін байқадық. Аудандық мәслихат депутаты Құралай Орынбасарова білім ұясына 1,5 млн теңге демеушілік жасап, халықтың алғысына бөленді.
Бұл туралы аудан әкімі Мұрат Тлеуімбетов ерекше ілтипатпен айтып өтті. Сунақатаның 3 көшесіне 48 дана күн көзінен қуат алатын жарық шамы қойылады. Сондай-ақ, жолдарды асфальттау, ауыл клубына 2 желдеткіш алу да жоспарда тұр. Екпінді ауылында «Самара-Шымкент-Екпінді» автомобиль жолының 4-6 шақырымына жөндеу басталды. Тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын жаңғырту үшін жоба-сметалық құжаты әзірленуде. Елдімекенге су жеткізетін М-3 каналына жөндеу жұмысы жүреді. Көшелерді жарықтандыру бойынша 3,8 млн теңге қаралуда. Е.Жексенбиев көшесінің бағанасын жаңарту үшін жұмыс басталды. Өткен кездесуде көтерілген кіреберістегі ойлы-қырлы жол жөндеу көрген. Аудан әкімі Мұрат Тлеуімбетов халықтың ұсынысына назар аударып, егін суын молайтудың амалын қарастыратынын жеткізді.
Төменарық көп ұлтты, әрі ең көлемді ауылдың бірі. Мұнда жоғары қысымды газ құбырын жеткізу үшін 1 млд, 229 млн теңге, А.Исаев, А.Романов, Ә.Молдағұлова, Б.Байымбетов көше бағанына жарық орнатуға 3,7 млн теңге, Өмеш арығы мен Жақсылық арығын тазалауға 1млд 237 млн. теңге бөлінді.
Аудан әкімі төменарықтықтармен жүздесуінде:
«Осы ауылға аурухана соғылатын болды. Жанында шағын амблаториясы болады. Бұйырса, келер жылы ірге тасы қаланады» деп қуантты. Басқосуда ауылды көркейтіпжайнату үшін жеке тұлғалардың демеушілігін жүзеге асыру қажеттігі де сөз болды. Осы талапта аудандық мәслихат депутаттары жұмыс жасау қажеттігі айтылды.
Сүттіқұдықтағы басқосу клуб үйінде өрбіді. Көрермен залына жиналған халық көп. Ауыл әкімін сайлауға дайындалып жүрген ағайынның көзқарастары бір арнаға тоғысып жатқандай. Ауылға жаны ашитын, іскер азаматты ұсынуға ынталы. Бұл ауылда жол белгілерін орнату, су құбырын жүргізу,күл-қоқыс тастайтын аймақты белгілеу негізгі іс болып тұр. Электр желілерін жаңартуға да көңіл бөлінген. Қожамбердіде салынып бітіп тұрған спорт кешені халыққа пайдалануға беру мәселесі алдымыздан шықты. Осы мәселені шешу үшін аудан әкімі Мұрат Тлеуімбетов арнайы құрылысшыны қабылдауға пейілді екенін жеткізді.
ТҮЙІН. «Ауыл – ел бесігі!». Ауылдағы ағайынның жағдайы оңалмай еліміздің көші ілгерілемейді. Президент пәрменінің де маңызы осында жатса керек-ті. Халық тілегі мен талабына бейжай қарамай, бұхарамен байланысын үзбей, сабыр мен іскерлікті ұштастыру әрбір әкім-қараның басты міндеті. Тектіліктің төрі болған туған жеріміздің тынысы ашылу үшін әрбір тұрғынның жүрегінен жол тауып, көңілге үміт ұялатсақ, келешекке деген халықтың сенімін нығайтсақ сегіз ауылға жасаған сапарымыздың сәтті болғаны емес пе?!

Мақпал Пәтенова

13 мамыр 2023 ж. 156 0