Сырдағы ауылдардың тіршілігі
Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының халықпен кезекті есепті кездесуі жалғасуда. Кестеге сай кездесу Сыр беткейдегі ауылдардан басталды. Бүгін 5 ауылдың тыныс-тіршілігін түгендеп, тұрғындардың талап-тілегін тыңдап қайттық. Алдымен аудан басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап, меже мен міндетті айқындап, нақты тапсырмаларды түгендеді. Елдің ұсыныс-пікірлерін ескеріп, осыдан 3 ай бұрынғы кездесудегі көтерілген мәселелерге жауап берді.
Жалпы, Сыр беткейде 11 ауыл тіршілік етсе, барлық ағайынның негізгі күнкөріс көзі ауылшаруашылығы саласы. Ерте көктемнен қара күзге дейін егін басында болып, қыс бойы төрт түлігін төлдетіп, тіршілігін жасайтын шаруалардың айтары көп емес. Басым көбі аяқ суды қозғайды. Өйткені, биыл күріш көлемі жылдағыдан едәуір көп. Былтыр 6500 гектардай дән себілсе, биылғы меже 8 мың гектардан асып жығылады. Сондықтан диқан қауымы керек кезде аяқ судан тарығып қалмасақ болғаны деп отыр. Бұл сауал күн тәртібінде, аудан басшысы қатаң бақылауда ұстап тұрғанын жеткізіп келеді. Ал, инфрақұрылым, оның ішінде жол, ауыз су, жарық және газ мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Әсіресе, жарық мәселесі ғаламат жоба болғалы тұр. Өйткені, аудан бойынша биыл 9, келер жылы 10 ауылдың жарығы толығымен жаңғыртылады. Оның ішінде, бағанасы, трансформаторы мен сымдары бар.
Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов пен аудандық мәслихат төрағасы Ғалымжан Сопбеков және аппарат басшысы Бақтияр Ахметов бастаған топ алдымен шалғайдағы ауыл Көктөбеге жол жүрді. Тұрғындармен мектеп ауласында жүздесіп, бірінші кезекте ұстаздармен тілдесті. Тарымен танымал аядай ауылда шаруа аз емес. Бұл жолы сұралған сауал ауылдағы әкімшілік ғимараты, кітапхана мен клуб үйінің мәселесі болды. Бұл бойынша аудан басшысы ғимаратты апатты деп тану керек, нақты құжат болса қаражатын қарастыруға жұмыс жасаймыз деп уағдаласты. Өйткені, үш бірдей нысанның жағдайы расында мәз емес. Оны әкім көзбен көріп, шешімді де шығарып отыр. Сондай-ақ, бұл ауылға ойын алаңқайы мен ағаш отырғызу аймағын қоршалауға қаржы қаралған. Мектептегі балалар тамағына қатысты да мәселелер қозғалды. Бұл сауалға кәсіпкер жауапты, оның қызметі қаралатын болады.
Шыны керек, биыл Қандөз ауылында жұмыс жетерлік. Кіре беріс көше реттелуде, жарық жүйесі жақында жаңғыратын болады, спорт кешеніне және Қалғансырға барар жол да реттеледі. Кешенге апарар жол асфальттанса, Қалғансыр елді мекеніне әзірге тас жол қайта салынып, жақсы жүйеге келтіріледі. Сондай-ақ, Нәзір Төреқұлов атындағы арнайы аллея салу идеясы да мақұлдануда, Мұрат Жолкелдіұлы аталған ұсынысты бірден құптай кетті. Ауылға қосымша инвестиция да құйылуда. Ең бастысы, ауыл халқы қаншама жыл асыға күткен дәрігер табылды. Енді тек жұмысқа ресми қабылданса болғаны, бұл да шешілген бір мәселе. Өйткені, көпшілік, әсіресе қариялар қуанып қалғаны рас. Басқа да мәселелер рет-ретімен шешілмек.
Биыл Қаратөбе ауылына амбулатория салынып, ел игілігіне беріледі. Сондай-ақ, жарық, полигонның қоршауы, жаяу жүргіншілер жолын салу да жоспарда бар. Қариялар жағы жер телімін, одан соң елге еңбегі сіңген ардагерге көше атын сұрай келіпті. Өзге де мәселелер қағазға түртілді. Ең бастысы, биыл ауыл әкімінің сайлауы болады. Осы науқанда ауыл белсенді болуы керек. Өйткені, ауылдың келешегі әкіміне байланысты, оның жауапкершілігі маңызды. Аудан басшысы осыны нақтылап, ертеңгі әкімдерін ауыл бірлесе отырып таңдауы керек екенін жеткізді.
– Биыл аудан бюджеті 20 млрд-қа жетті. Бұл өте үлкен қаржы, жасалынып жатқан және жоспарланған жобамыз жетіп жатыр. Барлығын кезең-кезеңімен шешудеміз. Көптің тілеуі болған көгілдір отын биыл екі ауылға қосылса, жыл соңына дейін тағы 5 ауылдың газ құрылысын бітіреміз. Келер жылға тағы бес ауыл, осылай айналдырған 3-4 жылда аудандағы барлық ауылға газ жеткізуді мақсат етудеміз. Ауылдарға барар жол бітті, ауыз су кезеңімен ретке келуде, көпір, әлеуметтік нысандар да уақытымен аяқталып келеді. Сондықтан барлығын сабырмен, шүкіршілікпен күтуіміз керек. Құдай қаласа, барлық мәселенің де шешімі бар, тек уақыт есебіне түйіндейік, – деді аудан әкімі. Биыл Келінтөбе ауылдық округінде 6 бірдей көше жөнделетін болды. Тротуар салынады, жарық мәселесі жөнделеді. Одан бөлек те атқарылатын шаруа шаш етектен. Ауылдың үлкенінен жасына дейін спорт кешені тезірек салынса деген тілекте. Келінтөбе ауыл аймаққа гандбол спортымен танымал ауыл. Бір ғана ауылдан шыққан бұрымдылар қазір облыстың ғана емес, елдің намысын қорғап келеді. Жиында көпірдің жайкүйі мен аяқ су мәселесі қозғалды. Одан бөлек, ұсақ-түйек сұрақтар да көлденеңдеді.
Аққорғандық ағайын Апанғақ елді мекеніне егін егу үшін аяқ су жеткізіп берсе деген тілегін жеткізді. Одан кейін, канал қазу мәселесін қозғады. Бұл ауыл да күріш егу әдісін жақсы меңгерген, судан тарықпаса мол өнім алуға ниетті. Жақында жол бойына керемет етіп ескерткіш тақта орнатты. Бұл да өскелең жастарға үлкен өнегелі іс. Тарихын өшірмей, тұлғаларын дәріптеп жатқан түгсікендіктерге әкім де ризашылығын білдірді.
Қожакент халқының да айтары бар. Олар да аяқ суды қозғайды, өйткені, ауылдың негізгі тіршілігі егін шаруасы. Сондай-ақ, биыл Исатай Әбдікәрімовтың туғанына 100 жыл толуда, осыған орай жаңа мектеп салынса дейді. Әрине ол мәселе қиындау, ол айтпаса да түсінікті. Негізінен ауылдың ажары айшықталған, азаматтардың демеушілігімен салынып жатқан жұмыс аз емес.
Келесі ауыл Өзгентке жол жүріп, жаңадан бой көтерген клуб үйінің құрылысын көрдік. Заманауи үлгіде салынып, жақында лентасы қиылатын клубтың келбеті келіскен. Жалпы бұл ауылда да атқарылып жатқан тірлік аз емес. Жарық, жол және ауыз су мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. Ауылдағы маңызды мәселелерді ауыл әкімі өзі тізбектеп, керек инфрақұрылымды жүйелеп берді. Ақсақалдар күрежол бойына көлік жылдамдығын азайтатын тақтайшылар ілуін өтінді. Себебі жолаушылардың қатты жылдамдықпен көлікті тізгіндеуі төрт түлікке зиян келтіруде екен.
Одан кейін М.Нәлібаев ауылына барып, ағайынның айтарын тыңдадық. Бұл ауылда да тындырымды тірлік көп. Жаңадан спорт кешені салынуда. Жақын күндері пайдалануға беріледі. Ауылға кіреберіс көпір салынып, ауылдың ажары кірді. Клуб үйі ретке келтірілуде.
Жалпы жұмыс жоқ емес, тек тұрғындар екі су қашыртқысын салуды және жұмыссыздықты азайтуды сұрауда. Ол уақыт еншісіндегі шаруа. Жаңарықта биыл ең үлкен жаңалық мектеп салынып жатыр. Арнайы бағдарлама аясында. Қысқасын айтқанда Жаңарықтағы жаңа мектеп зияткерлік білім ошағына айналуы тиіс деген мақсат қойылған. Облыс бойынша 20-дан астам мектеп арнайы жобамен салынса, соның бірі осы білім беру ордасы. Аудан әкімі ауыл жастарының ұсынысымен алдағы уақытта жеке келіп, тағы бір жиын өткізуге уағдаласты. Қыркеңседегі клуб үйінің тозығы жетіп, көркі қашқаны қашшан. Биыл күрделі жөндеу көріп, мәдениет сарайы жаңғырып жатыр. Құрылыс жұмысымен танысып, сапасына мән беріп, мердігер мекемеге нақты міндеттер жүктеді. Айта кететіні, бұл ауылда да 3 көше асфальттанады, ауыл қақпасы бой көтерді. Аудан басшысы әлі де жұмысты жүйелеуді тапсырды. – Қай құрылысты жеңіп алсақ та оны сапалы етіп жасау керекпіз. Өйткені, әрбір адамның ар-ұяты, ертеңгі күні жауап берер сәті барын ұмытпауға тиістіміз. Ал, тұрғындар бітер іске тек тілекші болып, бақылау жүргізсе болғаны. Ал керексіз жерде килігіп, білмейтінге тұмсық сұғу өте қате. Оны өзге мектептің жөндеу жұмысынан аңғару қиын емес. Жалпы Сыр ойында қоныстанға 11 ауылдың бүгінгі ахуалы тұрақты. Білім беру мекемелерінен, жол және әлеуметтік сала реттелген. Енді жарықты жүйелеп алсақ, сосын газды алып келеміз. Тек интернет мәселесі мазаны алып тұр. Оның да бір шешімін табамыз. Ең бастысы, елдің бірлігі бекем, сөзге тоқтам мен байлам болса болғаны. Уәде орындалуымен құнды, сол себепті бастаған іс аяқсыз қалмайды, – деп аудан басшысы сөзін түйіндеді.
Соңғы болып Байкенже ауылына ат басын бұрып, елдік тілегін тыңдадық. Көпшілік жаңадан салынып жатқан мектептің тезірек аяқталуын тілеп отырғаны рас. Бұл ауылдың әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Жұмыссыздық азайып, қос өндіріс мекемесі барлық жағынан дем беруге кірісіпті. Балалардың сабаққа қатынайтын көлігі берілді, биыл спорт кешенін салып беруге ниетті. Балаларды емдеу арнайы орталығын да тарту етсек деген ойын өткенде басшылық ашық айтты.
Міне, Сырдағы ауылдардың тыныстіршілігі қысқаша түйіндегенде осы. Елдің тілеуі таусылған емес, тек уақыт беріп, сабырмен күту керек. Ауыл әкімі мен халық қалаған депутаттар тынбай тірлік төрінде жүр. Дем беріп, қариялар ақыл айтып, жастар жұмыла жүкті көтсерсе бағынбайтын белес болмайды.
Қалғанына уақытты төреші етейік...
Әлібек Жарықбаев