» » Қазақылыққа жақынмын

Қазақылыққа жақынмын



– Төменарықта 7 түрлі ұлт өкілдері бар. Оның ішінде кәрістер 50-ге жуық. Барлығымыз қазақ тілінде еркін сөйлейміз. Біздің аталарымыз бен әжелеріміз бұрынырақта кәріс тілінде шүйіркелескендері құлағымызда қалыпты. Ал бізге осы қажеттілік азайып барады. Қазір біздің ұрпақ өз тілімізді ұмыта бастадық. Оның үстіне аралалас неке көп. Көбі қазақ қызына үйленгендіктен ортамыз қазақыланды. Оған қоса, А.Д. Романов атындағы №53 мектептің қазақ сыныбында білім алдық.

Біздің отбасымызды аудан жұрты ұстаздар отбасы деп дәріптеп жатады. Мен де әкемнің жолын қуып, ұстаздық жолын таңдадым. Жастайымнан табиғат сұлулығына, қоршаған ортаның тазалығына жақын болдым. Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің биология мамандығын бітіріп, А.Д. Романов атындағы №53 мектепке орналастым. Ұжымдық спорттық сайыстарға жиі қатысамын. Қол күрестен жеңімпазбын, еркін күресте дес бермеймін.
Отбасы құрар жасқа келіп, шаңырақ көтеру керектігін ойлап жүрмін. Біздің салтымызда күйеу жігіт қораздың еті мен сусын апарып қыздың үйіне барады. «Құда түсу» үрдісі осылай басталады. Осы салтты әлі де ұмытпай, жалғап келеміз. Жүрек қалауын айтсам, қазақтың ибалы да инабатты, білімді қызы болса деген ойым бар. Себебі, өзім қазақылыққа жақын болған соң үйлену тойымыз қазақ дәстүрімен өтеді. Отбасымызда аптасына бір-екі күн бесбармақ жемесек, азып қалатын халықпыз. Қазақтың кең дастарханынан асқан береке жоқ шығар?!

Ногай АЛЕКСАНДР,
кәріс ұлтының өкілі
30 наурыз 2023 ж. 85 0