Мен қазақтың бауырымын
– Қазақтай дархан халыққа алғысымыз шексіз. Қиындықта демеп, жақсылықта жаны жадырап, ақылын аямамайтын дана халық деп санаймын. Мен Төменарық ауылында туылдым, әрі осы ауылға жастық жалыным мен жігерімді арнап, ауыл балаларына дәріс беріп жүрмін. Тарқата айтсам, А.Д. Романов атындағы №53 мектептің белсенді оқушыларының бірі болдым. Поэзияға құмарлығым басым болып, мүшайраларда топ жардым. Тарих пен әдебиет пәні бойынша бірнеше рет олимпиадаға қатысып, жүлдегер болдым. Бұл өз қатарластарыммен бірге дамуға, жүйелі білім алуға, жетістіктерге жетуге жол ашты. Мектеп ұстаздарыма қарап бой түзеп, еркін сөйлеуге машықтандым. Әр жетістігіме риясыз қуана білген жанашыр достарым мен ұстаздарым барына тәубе етемін. Әртүрлі ұлт өкілдерінен дос таптым. Біз қанымыз әртүрлі болғанымен мақсатымыз бен мүддеміз бір болғандықтан тату болдық. Отбасымда да, ортамда да қазақ тілінде сөйлесеміз.
Арман жетегімен Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің физика-математика факультетіне құжат тапсырып, студент болып қабылдандым. Студенттік шағымда да қазақ балаларымен дос болып, бір пәтерде бір нанды бөліп жеп, қызықты күндеріміз өтті. Осы кезеңде қазақтың дарынды ұл-қыздарының бойынан көптеген өзіме қажет асыл қасиеттерді танып, жақсысын үйренуге тырыстым. Мектепті де, университетті де үздік оқып, қызыл дипломға ие болдым. Бос уақытымда еркін күрес түрімен шұғылданып, ерік-жігерімді жаныдым. Жоғары білім алып, ауылыма оралып, өзім оқыған ашқан А.Д. Романов атындағы №53 мектепке мұғалім болып қабылдандым. Арада 5 жыл өтпей-ақ, осы ұжымда тәрбие ісі жөніндегі орынбасары лауазымына көтерілдім. Қазақша ән айтып, қазақ тілінде өлең жазамын. Бірнеше мүшайралараға қатысып, өнерімді ортаға салып келемін. Жүректен шыққан өлеңдерім баспасөз беттеріне шықты. Әрине, өз тілімді білемін, салт-дәртүрімді ұмытпаймын. Өзбек этно-мәдени іс шараларына қатысып, өзімнің ұлтымның салт-дәстүрлерін насихаттаймын. Ата-бабамнің ізін сөндірмей, отбасымда өз ұстанымымды ұмытқан емеспін.
Мен қазақтың бауырымын! Ортақ құндылықтарымызды аялап, Тәуелсіздіктің Туы мәңгі желбіреуі үшін өз отбасымның татулығын, достарымның бірлігін, ауылымының ынтымағын нығайта бермекпін.
Отабек КАЮМДЖАН,
Өзбек ұлтының өкілі: