№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Немерені бауырыңызға басасыз ба?

Немерені бауырыңызға басасыз ба?


Ертеден келе жатқан әдемі бір дәстүр бар. Үйдің тұңғышы үйленіп, дүниеге сәби келгенде, атасы мен әжесі немерені бауырына салып жатады. Бір жағынан үлкендерге деген сыйластықтың белгісі десек, екіншіден өздерінің баласы қылып «меншіктеп» алатын ата-әжелерге ермек, көңілін аулау деуге болады. Жас ата-ана да «атасының баласы», «әжесінің баласы» деп ата мен әжеге қарай икемдейді. Атасы мен әжесі жоқ кезде ғана емірене иіскеп, мауқын басып алады. Бұл дәстүр бүгінде де бар, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Алайда бұрынғыдай көп емес, некен саяқ десек қате айтпаған болар едік. Неге десеңіз, ата-әжеге баласын бергісі келмейтін келіндер мен бала баққысы келмейтін әжелер де арамызда кездеседі. Көпке топырақ шашпасақ та, айналадағы қоғамнан көріп жүргеніміз осы...
Жер бетінде қаншама халық болса да, әрқайсысының өзіне тән өзгеден ерекшелендіріп тұратын әдет-ғұрпы мен дағдылары бар. Біздің мақаламызға арқау болып отырған «бауырына салу» деген дәстүр тек қазаққа ғана тән дағдының бірі. Әрине, өзге ұлттар да немерелерін жанындай жақсы көреді, қарайды. Дей тұрғанымен, қазақ халқында ғана тұңғыш немерені міндетті түрде атасы мен әжесінің бауырына салған. Ол сол үйдің кенжесі болып өседі. Бұл бір жағынан, жас отбасына деген қамқорлық болса, екіншіден баланы тәрбиелеуде өздері әлі жас ұл мен келіннің тәжірибесінің аздығын білгендіктен де немерені бауырына салған. Өйткені ата мен әже – көпті көрген, өмірдің талай белесінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол жандар. Мәселен, өзімнің де үлкенімді әжесі бауырына басып, өзінің қызы етіп меншіктеп алған. Тіпті, туылғаннан кейін он күннен кейін-ақ өзінің қасына алып, ерекше жақсы көрді.
Міне, алты жылдан бері екеуі бір-бірінен бір елі ажыраған емес. Қайда барса да қасынан тастамай, жылы-жұмсағын аузына тосып, өзге немерелерінен бөлектеп отырады. Қызық, кейде бізге тастап кетуге қимайды. Ондағысы «мен жоқ кезде сендер оны ұрасыңдар, ұрсасыңдар» дейді. Оған әрине, біз іштей қуанып, марқайып қаламыз. Балаңды атасы мен әжесі емірене бауырына басып, төбесіне көтеріп отырса одан артық не керек. Расында да, ата-әже тәрбиелеген баланың тілі ерте шығады. Себебі үлкен кісілер әрбір сөзді анық айтады, баламен үлкен адамша сөйлеседі. Бала жүре бастағаннан-ақ өздерімен үнемі бірге ертіп жүреді. Бала кішкентайынан үлкендердің әңгімесін тыңдап өседі. Көпшілік ортада көп жүргендіктен жақын-жуық туысты түгел таниды. Тіпті, біз тани бермейтін туған-туысты, көрші қолаңды кезіктіріп қалса, жүгіріп барып амандасып, ата мен әженің баласы екенін білдіріп жатады.
Десе де, соңғы уақыттары жас келіндер балаларын үлкендерден қызғанып, қызғыштай қорып, айналасынан шығармауға тырысады. Қанша жерде әжесі немесе атасы «менің балам» деп, меншіктеп алса да, үлкендердің көңіліне қарамай, үлкендердің көзінше «балам», «қызым» деп құшақтап, бетінен қайта-қайта иіскелеп отырады. Бұны көрген үлкендер іштей ренжіп жатады. Содан болар, бүгінде ата мен әженің бауырында өсетін немерелер көп емес. Оның үстіне, кейбір әжелер өзімшілдеу болып барады. Осыбір өзімшілдіктің бауырына салған балаға зияны да бар. Жастау әжелер өзімсініп «ап дегенде аузымнан түстің», «сені өзім тудым, өзімнің баламсың» деп баланың тілін қызық көріп, ата-анасына оғаш сөздер айтқызып, тым еркелетіп жібереді. Осының өзі балаға үлкен зиян тигізетінін өзімшіл ата-әже ойлай бермейді. Өзін баққан ата-әже өмірден өткенде, бала өз ата-анасына, өз бауырларына жұғыса алмай жетімсірейді. Өзін жалғыз қалғандай сезінеді әрі аттарын атап үйреткендіктен, әкесін «әке», шешесін «апа» дей алмай, қатты қиналып жатады. Бұл оның жан-дүниесіне қатты әсер етері сөзсіз. Іші біліп тұрса да, өз ата-анасына, өз бауырларына қосыла алмайды. Қазіргі психологтардың тілімен айтқанда, бұл бала үшін қатты стресс. Сондықтан да, баланы бауырға салғанда аса өзімшілдіктің қажеті шамалы. Оның өскен кездегі жағдайын да ойлап қойған абзал.

Осы тұста есімі елге белгілі, ауданымыздың мақтанышы Азия Қыстаубаева апайдың да немерелеріне деген ерекше ықыласын айта кетуді жөн көріп отырмыз. Зейнет жасына шығып, ел ісіне араласып отырса да, немерелеріне деген ықыласы өте ерекше екенін байқаймыз. Қай жерде көрсек те, немерелерін жанынан тастамай, олардың аузынан шыққан әрбір сөзін мұқият тыңдап, қалағандарын әпереді де жүреді. Сол себепті де, Азия апайдан осы тақырып төңірегінде ойын білуді жөн көрдік.

– Бала кезімізде өзімізде ата мен әженің бауырында өстік. Өзіміз көріп өскен тәрбиені қайталап жатқан жайымыз бар. Баяғыда үлкен «немере жаннан да тәтті» деп айтып отырушы еді. Ол кезде аса мән бермеген екенміз. Сөйтсек, шынымен де немере өте ыстық екен. Оның үстіне, ата мен әже көрген бала мейірімді, адал, тілалғыш, көпшіл, үлкенді сыйлап өседі. Әжесінің бауырында өскен бала әңгімешіл, сөзді тауып айтады, нықтап айтады. Қазақтың кез келген баласын тек өз ата-әжесі емес, бүкіл ауылдың абыз аталары мен өнегелі әжелері қамқорлығына алған. Бір топ бала ойнап жүрсе арасында үлкен ақсақалдардың баласын көргендер, өзге балалардан ерек көріп, «пәленнің баласы ғой», «түгеншенің немересі ғой» деп еркелеткен. Тіпті баланың өз ата-әжесі өмірден өтіп кеткеннен соң да баланың әлдебір тентектігіне «ой, ол пәленшенің еркесі еді ғой, еркелегені шығар», «атасы мен әжесінің көзін көрген біз бармыз ғой, еркелігі басылар» дейтін болған ғой. Ата-әжесінің көзін көргендер сырттай қамқорлығын білдіріп, көрген кезде ақыл-кеңесін айтып, арқасынан қағып, маңдайынан иіскеп жатады. Қарап тұрсаңыз, мұның өзі – тәрбие, – дейді Азия Қыстаубаева.


Иа, ата мен әженің тәрбиесінде өскен бала ерте есейеді, тірлікке епті болады. Ертеректе аталары немересі сүндетке отырған уақыттан бастап, оны тек той жиын ғана емес, өмірден өткен адамға топырақ салуға да апарған. Бұл туралы ел анасы Зейнеп Ахметованың еңбегінде әдемі жазылған.

– Өмір бар жерде өлім бар екенін, ертеңгі күні сол әжесінен, атасынан немесе басқа туыстарынан осылай айырылып қалатынын, екінші қайтып көрмейтінін бала сезінуі керек. Сонда ол баланың бойында ерекше мейірімі, ата-әжесіне деген ерекше ықыласы болады, ата-анасын ардақтайтын болады. Өмірдің бәрі тек қана қызық-қуаныштан тұрмайтынын ұғынғымыз келмейді, мән бермейміз. Өкінішке қарай, қазір «шошынады» деп балаларды өлімге ертіп апармайды. Өмір дегенің сырғып өте шығатын тақта жол емес қой, өрге де өрлейсің, төмен де сырғисың. Тек қана жиын-тойға барып үйренген, өлімнің басында болмаған, қабірге топырақ салмаған бала өзінің басына сондай жағдай түскенде не істерін білмей, есеңгіреп кетеді. Ал біздің қазақтың балалары кішкентайынан барлығын біліп өскен. Бозбала жігіттердің өзі той-томалақты былай қойғанда, өлімді жөнелтудің бүкіл жөн-жобасын білген. Сондықтан сүндетке отырған баланы топырақты өлімге апару керек, бала көріп өскені дұрыс. Топырақ салуды көрген баланың ішкі жандүниесінде өзгеріс пайда болады. «Күндердің күнінде мен де атамнан немесе әжемнен айырылып қалады екенмін ғой…» деп басқаша ойлай бастайды. Ой-өрісіне өзгеріс енеді. Бұл да – ата-әженің тәрбиесі. «Балаңды өскенше, немереңді өлгенше бағасың» дейді, ата-әжені соңғы сапарға шығарып салатын да – сол немере. Мүмкін болғанша немере сүйіп отырған ата-әжелер бір сәт немереге көңіл бөліп, оның тәрбиесіне үлес қосуы керек, – дейді Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп ана.

Иа, байыптап қарасақ ата мен әже көпті көрген, өмірдің талай белестерінен өткен, жақсылы-жаманды өмір кешкен тәжірибесі мол жандар ғой. Қонаққа барған балаға әдетте құлақ береді. Бұл да негізсіз емес. «Жақсы сөзге құлағы түрік болсын», «жақсы сөзді көп естісін», «ұғымтал әрі зерек болсын» деген ниет жатыр мұның астарында. Содан да болар, атасына еріп қонаққа барған бала да міндетті түрде құлақ күтіп отыратын болған. Қалай десек те, үлкен кісілердің сөзі орнықты, олар күнделікті күйбең тірліктің айналасындағы әңгімені айтпайды. Өздері бас қосқан кезде өткен-кеткен шежіреден, тарихтан әңгіме қозғайды. Ел ішіндегі әртүрлі түйткілді мәселелер, сол қоғамдағы болып жатқан жағдайлар үлкен кісілер арқылы баланың құлағына сіңеді.

                                                                                                                                                     Әсел Рзаева
26 қазан 2023 ж. 302 0