» » Тал егу – сауапты іс

Тал егу – сауапты іс

Асыл дінімізде тал егудің сауабы мол екені насихатталады. Жайқалтып бау-бақша баптап, ертеңгі күнге есімін екшеп кеткендер қаншама. Осындай ұлық дәстүріміз қасиетті Рамазан айында жалғасын тауып, Сыр өңірінің жасыл желекті алқапқа айналуына көпшілік күш біріктіріп, наурыздың соңғы сенбілігінде «Тал егу – сауапты іс» атты экологиялық акциясы ұйымдастырылды.
Тал-терек отырғызу – мың жылға бергісіз сауапты іс. Олай дейтініміз, жерге шаншылған әрбір тал күтімі болса, жапырағы жайқалған дараққа айналып, аптап ыстықта саялар көлеңкең, қыстыгүні суық боранға қамсау болары сөзсіз. Осы істің тереңіне үлкен мағына дарытқан облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірлік һәм өміршеңдік «Тал егу – сауапты іс!» облыстық экологиялық акциясына бастамашы болды. Бұл акцияда жаңақорғандық жерлестер өте белсенділік танытып, ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті мемлекеттік мекеме және құқық қорғау органдарының басшылары, белсенді жастар қатысты. Жаңақорған кентінің басты көшелерінің қос жағалауына жыл сайын жайқалған тал-теректер егіліп, ерекше күтімге алынуы «жасыл аймаққа» жақындатуда. Шаңы бұрқырап жататын көшенің сәні келіп, гүлдеген ағаштардың хош иісі мұрын жарады. Міне, осындай көктем көркін енді Тәуелсіздік көшесінің бойынан да сезінуге болады. Осы көшенің қос қапталын қоршалап, тал егуге әрі оны күтіп-баптауға су көзі де шешіліпті. Акция аясында он мың түп тал-терек отырғызуды мақсат еткен сенбілікшілер ерекше көңіл-күймен қызу тіршілікті бастап кетті. Акцияның алғашқы сенбілігінде 4000 мыңға жуық түп көшет отырғызылды. «Игі істің басына – жақсы келер қасына» дегендей сауабы мол істің ұйытқысы болып, көпшілікті ортақ іске біріктіріп, акцияның маңызын насихаттаған Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Жолкелдіұлы:
Қасиетті Рамазан айында туған жеріміздің гүлденуіне, ауасының тазаруына әрі сауапты іске қол-көмегін беруге келген әрбір адамға алғысым шексіз. Бір күндік шарада көшеттерді егіп қана қоймай, әрбір отырғызылған шыбықты күтімге аламыз. Сенбілік жұмыстарын тек маусымдық емес, елдік мүддеде ойымыз бір арнада тоғысатындай әдетке айналдырсақ ұтарымыз мол, – деді.
Сенбілік – қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып халықты ауызбіршілікке шақыратын игілікті іс.



Халықшыл бастамада бірқатар зиялы қауым өкілдері, сонымен бірге ауданымыздағы барлық мекеме қызметшілері мен тұрғындар төбе көрсетті. Соның бірі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов: « Сенбілікке белсенді қатысып, әрбір іске араласып келемін. Бүгінгі сенбіліктің жөні бөлек. Мұны сауапты да, салауатты да іс деуге болады. Біздің буын «елім маған не береді деп емес, мен еліме не бердім?» деп ар алдында өзіне-өзі есеп беріп есейген тұлғалар еді. Сондықтан жасымыз біразға таяса да елдік мұратта еңсемізді тік ұстап, көшет отырғызуға келдік. Ел ағаларының көбінің аузы берік болса да, шыдап бағып, қол-көмек беруде. Жаратқан осындай бейнеткеш жандарға мол сауаптан жазсын. Рамазан құтты болсын! – деді.
Сенбіліктің жұмысын қарқындатып, жастық жігерін байқата білген жастардың да өз айтары бар: – Бала күнімізде осы көшелерді шаң қаптыра ойнаушы едік. Бүгін сол көшенің көріктенуіне қолғабыс етудеміз. Ұжымдағы барлық қызметкерлер әр сенбілікте белсенді қатысуда. Біз мұны өзіміздің азаматтық борышымыз деп санаймыз, – деді аудандық жастар ресурстық орталығының маманы Мақсат Құлмырзаев. Айта кетейік, бұл көгалдандыру акциясына барлық ауыл-аймақ түгел қатысып, көше бойына тал-теректер екті. Оның ішінде ең көп көшет еккен ауылдың бірі Жаманбай ауылдық округінің әкімі Әлібек Абдуллаев бізге берген сұқбатында:
– Әр сенбілікке ауылдағы ерікті жастар мен мекеме қызметкерлері қатысады. Тал-теректі күтіп-баптау үшін арнайы қоршаулар тұрғызылған. Бұл іске жеке кәсіпкерлер мен мектеп түлектері демеуші болуда. Осыған қарап жастар бойындағы отансүйгіштік қасиетін аңғару қиын емес, – деді. Айта кетейік, жылдағы дәстүрге сай, тазалық, көркейту және абаттандыру жұмыстарымен белсенді айналысатын елді мекендер «Үздік аудан орталығы»,«Үздік ауыл» және кент ішіндегі «Үздік мөлтек аудан» номинациялары бойынша бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.

                                                                                                                                                     Әсел РЗАЕВА
28 мамыр 2023 ж. 315 0