№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Газет елдік пен ерлік– шежіресі

Газет елдік пен ерлік– шежіресі



Биыл Жаңақорған аудандық төл басылымы – «Жаңақорған тынысының» 90 жылдығына орай тақырыптық шаралар өткізу белгіленген. Соның кезекті бір шарасы аудан орталығындағы Адырбек Сопыбеков атындағы кітапханада ұйымдастырылды. Шарада аудандағы ардагер журналистер, көп жылдар газетпен қарым-қатынасын үзбей, тұрақты авторы болып келе жатқан тұлғалар бас қосты.
Жиынды ашқан аудандық Мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Сыздықов оқырманға күнделікті ақпаратты жеткізіп отыруда байыпты сараптама, нақты тұжырымға ғана сүйенетін баспасөздің маңызына тоқталып, тоқсан жылдық тарихы бар төл басылымның беттерінде таңбаланған өміршең тарихтың өнегелік маңызына тоқталды. Секунд сайын жаңаланып отыратын сайттардан газетті айрықшалайтын басымдықтарға тоқталып, газеттің биылғы атаулы мерейтойына мән дарытатын маңызды жобаларды ортаға салды. Келесі кезекте оқырмандар экраннан газеттің шежіресіне арналған бейнесюжетті тамашалады.
Бүгінгі жиынның қонағы, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қазақ журналистикасының қайраткері, аудандық «Ардагерлер мерейі» газетінің бас редакторы Пахмаддин Айнақожаев сөз алып, өз өмір жолы туралы айта келе әріптестері туралы еске алды. Газеттің қай кезеңде де зияткерлік сананы қалыптастырушы, қоғамдық көзқарасты тудырып отыратын қуатына тоқталды. Газеттің әр жылдары редакторы болып, оған жаңа леп, жаңа тыныс әкелген тұлғалар Айдархан Бибасаров, Алмас Бекжігітов, Қаныбек Әбдуов, Нұрлат Байкенже сынды редакторлардың еңбектеріне тоқталды.
Сол сияқты руханият жанашырлары қатарында Еуразия ассоцациясының тарихи мұраларды насихаттау қоғамының құрметті мүшесі, Жаңақорған ауданының құрметті азаматы, зейнеткер-тарихшы Шайдарбек Әшімұлы, ауылшаруашылығы саласында бірнеше рет аудандық, облыстық жарыстардың чемпионы, кезінде аудандық кеңестің депутаты болған, газетіміздің қазір де тұрақты авторы, қосүйеңкілік қаламгер Мұсабек Қалмұратовтар да өз кезегінде мазмұнды естеліктерімен бөлісті. Одан әрі ардагер журналист Ерубай Қалдыбек сөз алып, өзінің төл басылымда 2000 жылдардан бастап фототілші қызметін атқарған жылдар бедеріндегі суреттер шежіресі мен газет тігінділерін архивінде сақтап келе жатқандығын айтты.
Ардагер журналистермен кездесуде оқырмандар қатарында кент орталығындағы білім ошақтарында оқитын, келешекте тілші боламын деп талаптанып жүрген шәкірттер кезекпе-кезек сауалдарын қойды. Олар өздері таңдаған мамандығының болашағы тұрғысында ой қозғады. Қазіргідей аудиторияның түрліше коммуникациялық арналарға көшуі қоғамның баспа басылымдарына қызығушылығын төмендетпей ме деген сауалын қойып, газет пен телерадионың жағдайына алаңдайтындарын да жасырмады. Оларға берген жауабымыз, мәселе халыққа ұсынылатын контенттің сапасына байланысты. Мәселен, өркениетті озық мемлекеттердің өзінде газет өмір сүріп келеді. Тіпті элиталық газеттерге сұраныс басым. Зиялы қауым өкілдері таңғы және кешкі стол басында басылымдардың жаңа нөмірін парақтап отырмаса бойына ас батпайтындай. Өйткені оның әлеуметтік желідегі қадағаланбайтын ақпарат тасқынынан айырмашылығы, авторлық сараптамалар, нақты деректерге жүгінген журналистік зерттеулер маңызды. Бүгінде баспа басылымдары әлі де негізгі ақпарат көзі болып отыр. Газет оқуға деген қызығушылық неғұрлым ересек кісілер арасында әлі де жойылған жоқ.
Сондай-ақ, күн сайын теледидар алдында отырып, төрткүл дүниенің жаңалығына құлақ түретіндер де осы жастағылар. Сондықтан бұл екеуінің тынысы жалғаса берері анық. Бүгінде отандық ақпараттық контенттің бәсекеге қабілеттігі мен сапасын арттыруға барлық жағдайлар қарастырылуда. Ақпараттық Доктрина жобасы әзірленіп, жан-жақты талқылауға ұсынылды. Президент тапсырмасына орай дайындалған Доктринаның мақсаты – ақпараттық кеңістікті, отандық медианы қолдау және ақпаратқа қолжетімділікті арттыру болып отыр. Ақпараттық кеңістікте ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын бұл құжат жалпыұлттық және әлеуметтік дүниетанымның тұтас жүйесін қалыптастыруға жол ашады, саланы сапалық деңгейге көтеретін болады. Мықты медианы қалыптастыруда медиа тұтыну мәдениеті де маңызды.
Осы орайда жергілікті жерде де газет оқырмандарының жетпіс пайызға жуығын зиялы қауым өкілдері құрайтыны көп жайтты аңғартады. Зиялы қауым өкілдері дегеніміз – мұғалім, дәрігер, руханият саласының өкілдері. Сондықтан алдағы уақытта БАҚ құралдары өкілдері де өз жұмыстарын одан әрі ширатып, қоғамның алдында жүретін көшбасшы тұлғаларға айналуы тиіс. Біз жас оқырмандармен осындай ой-тілектерімізді бөлістік.

                                                                                                                                         Баян АЛАУДИНҚЫЗЫ
01 сәуір 2023 ж. 412 0