Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘЛИЕВ

ӘЛЕМ ТАНЫҒАН ӘЛИЕВ



Дүйсенбі күні А.Сопыбеков атындағы аудандық кітапханада Қ.Р Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Халық қаһарманы», «Әлем азаматы», Қ.Р. Ұлттық Ғылым Академиясының академигі Мұхтар Әлиевтің 90 жылдығына арналған «Алыптың аты өшпейді» атты ғылыми-танымдық конференция өтті.
Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуда еңбек жолында ауыл дәрігерінен бастап Қазақ КСР Денсаулық сақтау министріне дейінгі сатылардан өткен, жоғарғы Кеңес депутаты ретінде қоғамдық – әлеуметтік салада ерен қолтаңбасын қалдырған тұлғаны еске алуға арналған кешке Мұхтар Әлиевтің туыстары және жас оқырмандар қатысты.
Шараны ашқан аудандық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Әбілқайыр Әбілпаттаұлы:
– Биыл Мұхтар Әлиев ағамыздың 90 жылдығына орай ел көлемінде мәдени – танымдық шаралар ұйымдастырылып жатыр. Бүгінгі шара соның бір көрінісі.
Соңына өшпес ізін қалдырған халықаралық медицина саласында өзіндік өрнегі бар «Әлем азаматы», ауданымыздың «XX ғасыр Адамын» біз әрқашан да мақтан етеміз, – дей келе өзінің Мұхтар Әлиевке арнаған өлеңін оқыды.
Ел медицина саласында хирургияның беделді, құрметті көшбасшысы Мұхтар Әліұлы 70 докторлық, 83 кандидаттық диссертацияның, 970 ғылыми еңбектің авторы. 155 авторлық куәлікке ие. Оның 18 шәкірті Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған екен.
Мұхтар Әліұлы дәрігер, ассистент, хирург, бас хирург, ғылыми хирургиялық орталықтың басшысы, министр қызметіне дейін көтеріліп отандық медицина саласына өлшеусіз үлес қосты. Ол Жаңақорған ауданына қарасты Бөртескен елді мекенінде теміржолшы отбасында дүниеге келген. Анасы Құндыздан үш жасында, әкесі Әліден буыны қатпай көз жазып, жетімдіктің де зардабын тапты. Елге келген бір сапарында Мұхтар ағаның аузынан естіген мына естелігін түртіп алған екенбіз.
Күндердің бір күнінде ол түс көреді. Түсінде әлемде Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атанған Әл-Фараби «Менің бойымдағы құдыреттің бір ұшқынын сенен көріп тұрмын. Ата-бабамның әруағы қолдасын» деп алақан жайып, батасын берген екен. Сол түсінде көрген ғажайып оның алғы өміріне бағдаршам болды.
Мектеп интернатында білім алып, одан әрі Түркістан педагогикалық училищесін тәмамдайды. Ауыл мұғалімі күндіз-түні жанын жегідей жеген ата-ана өмірін жастай жұлып кеткен сырқаттың сырын түсініп, дертке дауа тапсам деген арманын қанат етіп, Алматы қаласындағы медициналық институтқа оқуға түседі. Оның денсаулық саласындағы керемет жеңісіне осылайша жол ашылды.
Жиында Жаңақорған ауданы Кеңес ауылында ұзақ жылдар терапевт-дәрігер болған Мұхтар Әліұлының шәкірті Абибулла Акимовтың ұстаз туралы жүрекжарды естелігін оқырмандар экран арқылы тамашалады.
Ол Мұхтар Әліұлының Манап Көкеновпен интернатта бірге оқығанын, кейін жүрек қалауымен дәрігерлік жолды таңдағанын айтты. Әріптес ағаның ауылдан барған қаншама ағайынға көмек қолын созғаны, елге әр келген сапарында атқарған қайырымдылық істеріне де тоқталып өтті. Кеңес ауылында және Шәуілдірде елдің рухани тәрбиесін бекемдеп, имандылыққа тәрбиелейтін мешіт салып бергенін айтты.
Жақында Шымкент қаласында алтын қолды дәрігердің 90 жылдығы мерекеленіп, ауылдағы ағайын болып қатысып қайтқанын да айтуды ұмытпады.
Кеш қонағы, ішкі істер саласының ардагер, ел ағасы Еркін Мұсаев сөз алып, еңбек жолын Шәуілдір, Темір станциясында мұғалім болып бастаған академиктің 90 жылдық мерейтойын Оңтүстік Қазақстан облысында үлкен деңгейде атап өткенін, осы шараға «Халық қаһарманының шәкірттері әріптестері келіп қатысқанын айтты. Осы мерейтой аясында бауыры Өмірзақ Әметовтың «Мұхтар аға» кітабы жарыққа шыққанын айта келе, естелік туындыны аудандық кітапханаға тарту етті.
Келесі кезекте кітапхана қызметкері Айнұр Шарап «Ұлттық хирургияның алыбы» атты көрмені оқырман назарына ұсынды. Көрмеге қойылған Адырбек Сопыбековтың кітабында Мұхтар Әлиевтің Орта Азияда ең алғашқы балалардың бүйрегін алмастыруды енгіз¬ген жаңалығын жеткізген «Тарихнама» кітабы, дәрігердің өз туындысы «Хирургиялық аурулардың симптомдары мен синдромдары», Зинабдин Шермұхамедұлының «Өткенім өлшем бо¬лар өміріме» атты кітабы, Ыбырайым Жүнісовтың деректі хикаяттардан тұратын жинағының жалпы мазмұны таныстырылды. Осы кітаптардың барлығында Мұхтар ағаның еңбек жолы, ата-анасы, үзеңгілес замандастары туралы кең қамтылған.
Кеш барысында аудан орталығындағы №125 Садықбек Сапарбеков атындағы орта мектебінің 10 сынып оқушысы Әсел Ыбырайхан ақын Адырбек Сопыбековтың Мұхтар ағаға арнауын оқыса, 9 сынып оқушысы Алина Шарап Зинабдин Шермұхамедұлының өлеңін жатқа оқып берді. Білімгерлерді рухани орталықққа бастап келген ұстаздары қазақ тілі және әдебиеті пәнінің оқытушысы Сымбат Алшынбекова тағылымды кештен алған мол әсерін ортаға салды.

Баян ҮСЕЙІНОВА
29 наурыз 2023 ж. 214 0