Ануар Абуталиповке 100
Тарихи жадымыз қайта жаңғырып, ұрпақ алдындағы борышымыз орындалсын десек, бабалар аманатына құрметпен қарап, оларды ұлықтау ісінде өзгелерден озық болуымыз керек.
Биыл Ұлы Отан соғысының батыры, "Ленин" орденінің екі дүркін иегері Ануар Абуталиповке 100 жыл толады. Осыған байланысты жыл бойына батырдың ерлігін насихаттау мақсатында ауқымды шаралар жоспарланған.
Осы мақсатта бүгін аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Тілеуімбетов батырдың туған жері Түгіскен елді мекенінде арнайы болып, ауыл азаматтары және батырдың ұрпақтарымен жүздесті. Елді мекенде Ануар атамыздың атында үлкен көше бар, алайда батыр атына берілген көше белгісі яғни арнайы бюстін бірнеше жылдар бұрын Ануар атамыздың ұрпақтары орнатқан екен. Одан кейін ескерткіштің алдынан кесіп өтетін облыстық маңыздағы жол қайта жөнделіп, ескерткіш жол бойынан тым төменде қалып қойған.
"Өлі разы болмай, тірі байымайды" дегендей аудан әкімі Мұрат Тілеумбетов бір ай ішінде яғни 9 мамыр - Жеңіс күніне дейін демеушілердің көмегімен көше бойындағы ескерткішке қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізетінін және алдағы уақытта жас ұрпақтың ата - баба ерлігіне тағзым етіп, еске алатын орынға айналатынын жеткізді.