ЕңбеК ерінің өмірі – ұрпаққа өнеге
Біз сөз еткелі отырған еңбек ері Құдайберген Қалманов ауданымыздың алдыңғы қатардан көрінуіне үлкен үлес қосып, қолынан келгенін аянып қалмай атсалысып, өмірінің соңына дейін еңбек етуден қол үзбеген. Жастайынан күріш өсірудің қыр-сырын меңгеріп, тынымсыз тірліктің арқасында есімі етене танылған жан. Бақытын еңбектен тапқан, еңбегімен елінің де, өзінің де даңқын шығарған диқан туған жер төсінде қайың сапты кетпенімен ерлікке тән еңбек дастанын таңбалады.
Күріш дақылын өсірудің қас шебері 1947 жылы Қожакент елді мекенінде дүниеге келді. Ол жастайынан өмірдің ащысын татып,тепкісін көріп өсті. Туған жерге аянбай еңбек етіп, отбасын құрды. 1975 жылы Түгіскен кеңшарына қоныс аударып, механизатор болып жұмысқа орналасады. Белгілі бір саланың тізгінін ұстаса да, жер ананың төсінде еңбек етуді бір сәтке де қапы қалдырмай, күріш егу мен нәтижелі өнім алудың қырсырын жетік меңгеріп, ізінен ерген ауыл жастарына да үйретіп, егіс алқабын таңдап, аялы алақанымен жас баладай мәпелеп күтудің қыр-сырын жетік меңгерді. Еңбек ерінің жүріп өткен жолы, ұлан-ғайыр ісі, ұрпағына үлгі-өнеге. Еңбектен ләззат алған азамат өз замандастарының ішінде қарапайымдылығымен, адамдармен тез араласып кететін кішіпейілдігімен, халқымыздың әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін жақсы меңгергендігімен, туған жері мен елінің тарихын жетік білетіндігімен ерекшеленеді. Ата жолы – ізгі жол. Өседі, өнеді, өркендейді. Алаш қайраткері Әлихан Бөкейханов «Елге қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дегеніндей, Құдайберген Қалмановтың ғибратты ғұмырнамасынан елге еңбек етуде мінезді болудың айрықша үлгісін көреміз. Өмірінде тек тазалықты, әділдікті ту етті. Табиғатты аялап, отырған жерін бауға айналдырды. Отбасында, бау-шарбағын түзеп, ұрпақ өсірді. Өмірлік серігі Шырынкүл Сұлтанбекова екеуі тоғыз перзент сүйді. Бір ұл, сегіз қыз өсіріп, азамат етті. Бір әттеген-айы, еңбек адамының ғұмыры қысқа болды. Небәрі 63 жасында өмірден озды. Ия, осындай батыр аталарымыздың өмір жолы өскелең ұрпақты ұлтжандылыққа, Отанды сүюге тәрбиелеуде өнеге болары сөзсіз.
Әсел Рзаева