№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Туризмнің тілін ұқ та, табыс тап!

Туризмнің тілін ұқ та, табыс тап!

Біздің елде бұл бағыттағы жұмыстар кемшін қалған. Өйткені, отандық туризмнің бағын байлап отырған себептің бірі – бағаның қымбаттығы. Яғни, қонақ үй қызметі мен межелі маршруттар өтемі шет мемлекеттен бірнеше есе жоғары. Жақында елдегі маркетингтік сараптамалық зерттеу орталығы ауқымды мониторинг жүргізді. Орталықтың қорытындысы бойынша Қазақстанның бәсекелестік басымдылығы: таңғажайып мәдениетінде, бай табиғи әлеуетіне (экотуризм), тарихи-мәдени, сауықтыру туризмімен айналысуға болатынын айқындады. Рас, бізде тамсана тамашалайтын, жалықпай көрікті жерлерді аралайтын орын жеткілікті. Сан ғасырдан сыр шертетін тарихи, мәдени ескерткіштер тағы бар. Ең басты мәселе – осындай тұмса табиғатқа, тарихи таңғажайыпқа құмар шетелдік туристерді қызықтыра һәм тарта білу. Әрине, туризм – тек таныстыру не тартудан тұрмайды, ол қыруар табыстың қайнар көзі.
Қызылорданың қауқары қалай?Қызылорда қашаннан тарихи нысандарға бай өлке. Әрбір төбесі мен тасын түрте қалсаңыз тіл бітеді. Қаншама құпиясын ішке бүккен көне шаһар мен мәдени мұра көмбеде жатыр. Ашық аспан астында мұражай ашуға мол мүмкіндік бар. Бұл бағытта жұмыстар да жүріп жатыр. Келер жылы Астанада өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне келетін туристерге Сыр елі өз жолбағытын әзірледі. Яғни, Қазақстанның алғашқы астанасы Қызылорда қаласы, «Қорқыт ата» мемориалдық кешені мен Байқоңыр ғарыш айлағын қамтитын «Қорқыт сазы және Байқоңыр ғарыш айлағы» маршруты. Одан бөлек, қызығушылық танытқан туристерге «Қамыстыбас» демалыс аймағы арқылы Арал теңізінің «Көкарал» бөгеті менмұндалап тұр. Қазірде Арал ауданындағы «Қамыстыбас» сауықтыру-демалыс кешенінің құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Келешекте келушілерге керемет мүмкіндіктерін ұсынатын болады.
Жәә... Жазиралы Жаңақорған жеріне келсек. Бәсенеден белгілі, аудан аумағы тарихи ескі қалашық пен мәдени-рухани ескерткішке бай. Туризмді дамытуға сұранып-ақ тұр. Бірақ межелі жолбағытқа баратын жол сапасы, яғни инфрақұрылым мәселесі, қонақ үй, мейрамхана жайында маза жоқ. Әйтпесе, «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан аудан ретінде туристік кластерді дамытуға мол мүмкіндік бар. Жарайт. Саусақпен санап отырып, тарихи орындарды түгендеп шықсақ. Аудан орталығына қашықтығын қоса есептегенде: Сығанақ қалашығы (40 шақарым), Көккесене-Алпамыс батырдың әйелі Гүлбаршынның кесенесі (34 шақарым), Төлегетай-Қылышты ата кесенесі (25 шақарым), Хорасан-ата (30 шақарым), Өзгент (25 шақарым), Құмиян (75 шақарым), Ақтас-Айқожа ишан кесенесі (65 шақарым), Сауран (65 шақарым), Таңбалы тас – Қаратау тауы, Бесарық өзенінің шатқалы (90 шақарым). Онда ежелгі адамдардың жазған петроглифтері бар. Соңғысы, Қатын қамал үңгірі (40 шақарым). Енді осының ішінен инфрақұрылымы шешілген қос туристік жолбағытты алсақ:
Былтыр аймақ басшысы Қ.Көшербаевтың қолдауымен облыстық бюджеттен «Әбдіғаппар-Төлегетай-Хорасан ата» автомобиль жолын орташа жөндеуден өткізуге 106,0 млн теңге бөлінді. Мердігер компания  «Қызылордажол» ЖШС аталмыш қаржының 99,4 млн теңгесіне кесенеге баратын жолды асфальттеді. Бұрындары баба басын зиярат етушілер жол азабын тартса, ендігі тақтайдай түзу қара жол уақыт қысқартады. Ел аузында Хорасан ата атанған Әбдіжәлел баб Сыр бойына Ислам діні мен мәдениетін алғаш алып келген.
Екіншісі – «Батыс Еуропа–Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында орналасқан, Ақ Орданың астанасы болған Сығанақ шаһары.  Қаншама жылдардан бері сабалаған жаңбырдың астында, уілдеген желдің өтінде орналасқан, сонау орта ғасырлар тарихынан сыр тартқан Сығанақтың болашағы жарқын. Сунақата ауылдық округі аумағында орналасқан ескі қалашықта Халықаралық қазақ-түрік университетінің археологиялық ғылыми-зерттеу орталығы кешенді қазба жұмыстарын жүргізуде.  Осы тұста №3 мектеп-интернаттың I-санатты география пәні мұғалімі С.Зейдалиеваның ғылыми жобасын айтуға болады. Ол жобаны бүгінде 10 сынып оқушысы А.Назарбекқызы түрлі ғылыми байқауда қорғап жүр. Таңдаған бағыты да өзекті. Яғни, «Сығанақ қалашығынан аспан астындағы мұражай ашу арқылы туризмді дамыту» атты ғылыми жоба. Мұражайдың арнайы сызба нобайы дайын. Тек қолдаушы мен жүзеге асырушы табылса болғаны. 
Сауықтыру кешені – туризмнің көзі
Тақырыпқа тұздық. Былтыр аудан әкімі Руслан Рүстемовтің бастамасымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай «Туған жерге тағзым» атты киноэкспедиция қолға алынды. Құм астында қалған қалалар мен қорғандар, діни рухани ескерткіш орындары таспаға басылып,  бүгінде қырық минутқа шақталып монтаждалу үстінде. Фильмнің басты ерекшелігі – үш тілге аударылатынында. Яғни, бұл дегеніміз – танымдық фильмнің танымалдығы артып, шетелден туристер тартуға мол мүмкіндік. Қолжетімді болған кең жолақты ғаламтор желісіне жарнамалап, рухани салаға қызығатын адамдарға насихат құралы болмақ.
Айтқандай, Жаңақорғанда тек тарихи ғана емес, сауықтыру кешендері арқылы демалушылар тартуға мол мүмкіндік бар. Аудан орталығында қос бірдей шипажай республикаға танымал. Негізгі емдік қорын «Теріскен» көлінің табиғи қара батпағы мен тұзды суы – бұл біздің бренд. «Жаңақорған» шипажайында ем қабылдаушы жандарға экскурсия жасауға арнайы экорус қарастырылған. Яғни, Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи мавзолейі мен Арыстан баб  кесенесіне саяхат ұйымдастырады. Ендігі кезекте «Туған жерге тағзым» фильмі жарыққа шықса, шипажайда емқабылдаушы қауымға көрсетіліп, жергілікті тарихи-мәдени орындарға бару ұсынылса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз.
Бұл бір. Екіншіден, «қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, ел аузында «Апанқақ» атанған ыстық шипалы су бар. Түгіскен массивінде орналасқанымен, Бексарық ауылдық округіне қарайды. Білетіндер ыстық су  800 метр тереңдіктен шығып жатыр. Ыстық судың құрамында сынап пен йод мол. Яғни, тері ауруына таптырмас бірден-бір ем. Мұнда республиканың түпкір-түпкірінен дертіне шипа іздеп келгендер қатары көп. Өкінішке орай, жолы нашар. Ем қабылдайтын орын бетон қабырғамен тұрғызылған. Ішінде екі ваннасы бар. Жаз маусымында ұзын-сонар кезек. Елді мекенде бар-жоғы 8 отбасы тұрады. Келушілер күндігіне 1500 теңге төлеп, тұрғындардың үйінде тұрақтайды. Инвестор табылса, бұлда бір сауықтыру кешеніне айналары ақиқат.
Дәл осы тақілеттес ыстық  су аудан орталығына 65 шақырым жерде орналасқан Ақтас-Айқожа ишан кесенесі аумағында да бар. Өкініштісі келушілер ашық аспан астында шомылуға мәжбүр. Десе де, келушілер жаз маусымында арта түседі.  Бұл жайында баба басындағы шырақшы Асылхан Балтабаевтың пікірін тыңдаған едік.
– Бүгінде баба басында тұрып жатқаныма жиырма жылдың жүзі болыпты. Осында келмей тұрып тері ауруы мазалады. Дәрігерлер «игзема» деген диагноз қойды. Бармаған жерім, баспаған тауым қалмады. Аудан, облыс орталығына дейін барып, дертіме шипа таппадым. Содан осы киелі мекенге көшіп келгеннен кейін, халық «жылы су» атап кеткен шипалы суға шомылуды тоқтатпадым. Күнделікті түсіп, сусын ретінде ішіп жүрдім. Шүкір қазір тері ауруынан құлан таза айығып кеттім. Әуелі Алла, осы шипалы судың әсері деп ойлаймын. Өйткені, мұнда зиярат етіп келушілердің басым бөлігі, осы жылы суға бола келеді. Дертіне шипа тапқандар саны көп. Жылына 100-150 зияратшыдан келеді. Оның ішінде, Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда қаласынан келетіндер көп, –дейді шырақшы.
 «Бәрін айт та бірін айт, туризмнің жырын айт» дегендей, біз тізбектеген орынға шетелден турист келді делік. Ал, ағылшынша ағып тұрған гид не экскурсовод табылады ма? Қонақ үй, мейрамхана бар дегеннің өзінде олар халықаралық стандартқа сай ма? Жақшаның ішінде айта кетейік, аудан орталығындағы қонақ үйдің саны бар-жоғы төртеу. Қысқасы тізбектей берсең тізбектеле береді. Хош. Ауданда туризмді дамыту үшін қайтпек керек? Біріншіден. Шетелден не отандық инвестор тарту керек. Тартылған инвестиция есебінен туристтік маршруттың инфрақұрылымын, сауықтыру кешенін, стандартқа сай қонақ үй мен мейрамханасын салу. Екіншіден. Туристік объектілерді маркетинг саласында жандандыру, яғни, үш тілде жарнамалау жағына баса назар аудару. Үшіншіден. Туризммен айналысатын кәсіпкерлерді тарту үшін мемлекет тарапынан белгілі мөлшерде жеңілдетілген салық түрін ұсыну. Қорыта айтқанда, туризмнің түпкі мақсаты, келген қонақты күтіп, тайқазанға табыс түсіру. Келесі жолы қайта келетіндей әсерде қалдыру. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, туристің де туризмнің де тілін ұқсаң – табыстың көзі. Тек табыс көзі ғана емес, әлем қауымдастығы алдында Қазақстанның беделін биіктетеді.
07 мамыр 2023 ж. 245 0