Қоғамдық көлік тұрақтанды
Кент тұрғындарының көпшілігі қоғамдық көліктің қызметіне мұқтаж. Күніне кем дегенде бір рет отырсақ та, тұрақты тұтынушысына айналдық. Әсіресе, МАИ бекеті, Ипподром мен Саяжайда тұратын ағайын қоғамдық көлікпен күнде жүруге мәжбүр. Өйткені қазір бәрінің бірдей жеке көлігі жоқ деуге болады. Соңғы уақыттары аудан орталығында қызмет жасайтын олардың жұмысы жүйесіз, нақтылы жүру тәртібі ретсіз болғаны рас. Оны тұрғындардың күнделікті әлеуметтік желіге жазып жатқан пікірлерінен-ақ аңғаруға болады. Сол олқылықтың орны толып келеді.
Ауданішілік 3 бағыт және 3 кентішілік бағыттар бойынша тұрақты тасымалдау қызметі қалыптасты. Қоғамдық маршрут кентішілік бағыттардан Қорғантоғай – Саяжай, Жаңа-ауыл – МАИ бекеті, Алтынсарин – Ипподром мөлтек ауданы бағытында қатынайтыны белгілі. Жаңа жылдан бастап қандай өзгерістер бар, кент ішінде қай бағытта, қанша көлік бөлінген және олардың қазіргі хал-ахуалы жөнінде аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен білгуе тырыстық.
– Жолаушылар тасымалы қызметін тұрақты қамтамасыз етуге арналған конкурс нәтижесімен жаңа тасымалдаушы кәсіпкер анықталды.Қазір Ә.Ержігітов №1 «Қорғантоғай-Саяжай» бағытындағы маршрут Саяжай 9 көшесімен жүріп өтсе, №2 «Жаңаауыл-МАИ» бекеті бағытындағы маршрут МАИ бекеті мен Жаңаауыл ықшам ауданы аралығында қатынайды. Сонымен бірге №3 «Алтынсарин-Ипподром» бағытындағы маршруттың жүру сызбасына өзгерістер енгізілді. Тұрғындардың сұранысы негізінде жаңадан ашылған №169 мектепті қамти отырып, екінші жағынан соңғы аялдама агроколледж болып белгіленді. Кентішілік маршруттардың жол ақысы – 50 теңге. Қоғамдық көліктердің жұмысын жандандыру бағытында тасымалдаушы тарапынан көліктердің қатары жаңа автобустармен толықтырылуда. Негізгі бағыт – көліктердің саны мен сапасын арттырып, жүру ара қашықтығын ұзарту. Сондай-ақ кентішілік автобустардың бекітілген сызбалары, жүру кестелері, жұмыс уақыты көрсетілген ақпараттық тақтайшалар әзірленуде және аялдамалар мен қоғамдық көліктерде орналастырылатын болады, – дейді жауапты мекеме басшысы Қайрат Сапарбаев.
Қоғамдық көліктің қызметіне жүгініп жүрген тұрғындарды сөйлетіп көрген едік, бәрінің ойы бір жерден шықты. «Саяжай» мөлтек ауданының тұрғындарын да әңгімеге тарттық. Азаматтар арасынан Сержан Қасымбековтың ойын түртіп алдық.
– Осы уақытқа дейін қоғамдық көліктің жайын айта-айта әбден шаршадық. Бірақ қазір бәрі жүйеленіп келеді. Алайда аралары тым ұзақ. Кейде үйден шыға бере бірі өтіп кетеді, оған үлгермей қалсаң, екіншісін жарты сағаттай күтіп қаламыз. Сосын балаларымыздың барлығы мектеп жасында ғой. Олар сабақтан 12-30 да, кешке 6-дан аса шығады. Ол кезде көліктер кейде мүлде болмайды. Көктемде білінбейді, қыс ауасында өте қиын. Сол себепті де, көп ата-аналар балаларына такси шақыртып жатады. Ал, такси қызметі арзан емес, қалтаны қағып түседі. Енді, жақсы жаңалықты естіп жатырмыз, қоғамдық көліктердің бағыты кеңейіп жатыр. Бастысы, қарапайым халықтың жүріп-тұруына жарап тұрса екен, – дейді азамат.
Жауапты мекемеден кентішілік қоғамдық көліктердің күнделікті жасайтын рейс саны 11-12 айналымға және әр бағыттағы көліктер санының 4 шағын автобусқа есептелгенін білдік. Тұрғындарды тасымалдауда күнделікті 170-180-дей жолаушы осы қоғамдық көліктің қызметіне жүгінеді.
– Қазіргі уақытта тұрғындар қоғамдық көліктен гөрі такси қызметіне көп жүгінуде. Кенттің әкімшілік аумағы кеңейіп, территориясы ауқымды бола түсті. Транспорттың кешігуіне түрлі факторлар әсер етуі мүмкін. Соның ішінде техниканың бұзылып қалуы және басқа да жағдаяттар кіреді. Әйтсе де көліктердің күнделікті уақытылы жүруін қадағалап отырамыз, – дейді бөлім басшысы.
Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ