№102 (8813) 28

28 желтоқсан 2024 ж.

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » » Мерейлі отбасы – ел мерейі

Мерейлі отбасы – ел мерейі


Отбасы – халық болашағының кепілі. Шаңырақтағы жарастық пен татулық – өмірді енді танып келе жатқан жасқа үлгі. Ұрпағының тұқымы ұсақталмай, ұлағатты болса отбасының да мерейі үстем. Осындай мерейлі отбасы Сунақата ауылдық округіндегі Құлымбетовтер әулеті.


Ерлі-зайыпты Тұрсынбек Әбенұлы мен жұбайы Роза Сәдірбаева екеуі де Жетісай мәдени ағарту техникумында білім алды. Олар туған жердің мәдени- рухани өркендеуіне үлес қосу үшін Сунақата ауылындағы мәдениет үйіне жұмысқа орналасып, содан бері табан аудармай 37 жыл еңбек етіп келеді.
Ауыл әкімі Ақылмұрат Жұмаділлаев:
– Қалымбетовтер отбасы ауылы­мыздағы сыйлы жанұялардың бірі. Бірі мәдениет үйінде, бірі кітапханада адал еңбек етіп, перзенттеріне де өнеге тәрбие бере білді. Тура жолмен жүрген жанұяның балалары да тәрбиелі, өз істерінің маманы, – деді.
Тұрсынбек аға кейіннен жоғары білім алу мақсатында Шымкент педагогикалық университетін, жұбайы Роза апай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетін оқып, жоғары білім алады.
Мәдениет үйінде қызмет ете жүріп ауылда жүрген талай талантты өнерпаздардың өнерін шыңдайды.
Бүгінде Тұрсынбек Әбенұлының шә­кірттері республикалық байқаулардан жүлделі орындар иеленіп жүр.
«Баланың жақсысы – әке мен шеше­нің ары, ата-ананың абыройы, жаманы – қайғысы, азап-соры» дегендей, болашақ тәрбиесіне ұстын қылар әкенің орны жөнінде тоқталған Тұрсынбек аға.
– Әке отбасының асыраушысы, қамқор­шысы. Мен де осы жауап­кершілікті түсініп, балаларымды тәр­тіпке, еңбекке баулып және мейірімді болуды саналарына сіңірдім. Әрине бұл тұрғыда анасының да қызметі орасан зор. Жанұяда әкенің әмбебап болуы қиналмай өмір сүру үшін маңызды. «Бір әкенің берген тәрбиесін жүз мектеп бере аламайды» деген бабалар сөзінің жаны бар. Cондықтан біздің отбасымызда адалдық пен сыйластық бірінші орында, – дейді ол.
Отбасы – шағын мемлекет деп қарасақ, сол мемлекеттің қабырғасының берік болуы ата-ананың өнегесіне, тәрбиесіне байланысты. «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» демекші Тұрсынбек аға мен Роза апаның өнегесін көрген ұрпақтарының да тәрбиесі келіскен.
Отанасы Роза Төлегенқызы осы жылы мәдениет қызметкерлері күні қарсаңында «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» атағын иеленіпті.
– Біздің отбасындағы берік ұста­нымымыз білімді болу, адал еңбек ету, отбасында ынтымақты ауызбіршілікті сақтау. «Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап, Әуре етеді ішіне қулық сақтап, Өзіңе сен өзіңді алып шығар, Білімің мен ақылың екі жақтап» деген Абай сөзі ортақ қағидамыз. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» дегендей, бала тәрбиесінде және оның дара тұлға болып қалыптасуында ата-ананың маңызы зор, – дейді Роза апамыз.
Мерейлі отбасы екі ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Үйдің үлкені Мұхит қос дипломды азамат, мәдениет саласында қызмет атқарады. Түрлі байқаудың жеңімпазы. Ол жақында ғана өткен «Шиелі жыл үздігі – 2021» мега жобасында Тәуелсіз елдің мұрат-мүддесі жолындағы қызметі үшін «Үздік әнші» номинациясы мен «Жыл үздігі – 2021» статуэткасын, аудан әкімінің Алғыс хатын иеленді. Екінші ұлы Шыңғыс қазіргі таңда ауылда кәсіпкерлікті дамыту мақсатында қоғамдық заманауи монша салып, ел игіліне пайдалануға берді. Бұл монша Екпінді, Еңбек, Сунақата тұрғындарына қызмет көрсетуде. Сымбат Алматыдағы М.Тынышпаев атындағы темір жол академиясын бітіріп, тұрмыс құрып қазір Ақтөбе облысында темір жол саласында қызмет жасайды. Осы перзенттерінен Айсултан, Айлин, Медина, Муслима, Айбатыр атты немерелері бар.
«Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім – жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады» деген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзін әр адам санасына сіңірсе, Тәуелсіз еліміз одан әрі гүлденері анық.

Рауза ӘЗІЛХАН

29 желтоқсан 2021 ж. 616 0