№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Насыбай нәубетi қашанғы жалғаспақ?

Насыбай нәубетi қашанғы жалғаспақ?



Әлгi химикаттарды айтпағанның өзiнде, насыбайдың өзi адам денсаулығына қаншалықты керi әсер етенiн ескере бермейтiнiмiз қандай өкiнiштi. Тарихқа үңiлсек, оны таратушы ортаазиялық сығандар болғанымен, Қытай, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжiкстан, Түркiменстан мен Ауғанстанда ерте заманнан-ақ қолданылып келедi екен. Әйткенмен, бұрындары жасы үлкен ағалар, егде тартқан көкелердiң атып отыратынын көрушi едiк. Ал, қазiр жас демей, кәрi демей осы бiр зиянды затқа әуес. Осыдан бiршама уақыт бұрын мынандай сұмдық оқиғаны естiген едiк. Анасы жасөспiрiм баласының киiмдерiн жуып жатып, жейдесiнiң қалтасынан бiр қалташа насыбайды тауып алады. Үлкендердiң әдетi емес пе, баласының жасаған бұзықтығын көтере алмай, дереу жер-жебiрiне жетiп ұрысқаннан кейiн, қатты қорыққан бала бәрiн мойындапты. Сөйтсе, анасы «ендi атасың ба, жоқ па» деп, ашу үстiнде баласының аузына бiр уыс насыбайды салып жiберiптi. Алайда, небәрi он үш жасар бала аузындағысын жұтып қойып, сол жерде жан тапсырыпты. Одан бөлек, 2011 жылы 13 жасар жасөспiрiмнiң бiр жарым жыл бойы насыбай атып, орны толмас өкiнiшке шалдыққанын да естiдiк. Ол ауыз қуысының обырына шалдыққан. Ақ халаттылар оның ернiн, жақ асты бұлшықеттерiн алып тастап, бiрнеше онмыңдаған АҚШ долларына пластикалық ота жасаған болатын. Иә, адам айтса нанғысыз оқиғалар жер-жерлерде көп-ақ. Бәрi де, осы бiр түкке тұрғысыз дүниелердiң салдарынан болып жатыр.
Негiзi, насыбай – табак жапырағынан жасалатын зат. Түсiнiктi тiлмен айтқ­анда, табактың жоғарғы сортынан темекi жасалса, жарамсыз, нашар қалдығынан насыбай өндiрiледi. Темекi халық­аралық стандарттарға сай, құрамы көрсетiлiп жасалатын болса, ал насыба­йдың құрамы да, жасалу жолы мен өндiрiс орны да құпия.
Дәрiгер мамандардың айтуын­ша, насыбайдың адам денсаулығына тигiзер зияны шаш етектен деседi. Бiрiншiден, насыбай ату темекi тарту, араққа салыну, нашақорлық тәрiздi дерт болғандықтан, оған үйрен­гендер бiр мезет оны атпаса, басы ауырып, жүрегi соғып, мазасыз күйге түседi. Оның құрамына никотин, синиль қышқылы, көмiр қышқылы, сiрке қышқылы, азот, эфир майы және өкпе рагiне ұшырататын әртүрлi радиоактивтi қоспалар бар. Сол себептi де, оны тұрақты түрде ататын адамдардың жасы қысқа әрi ауыз қуысы, ас қорыту жүйесi сынды қатерлi iсiкке ұшыратуы әбден мүмкiн. Онымен қоймай, өмiр сүруге, еңбек етуге, отбасын асырауға деген ынта-ықыласты азайтып, тыныс алу жолдарын қабындырады. Егер ұдайы насыбай ататын болсаңыз, бiр мезет көз шырымын ала алмай, ұйқысыздық дертiне кезiктiм дей берiңiз. Тамаққа деген тәбеттi жойып, адам ағзасын әлсiретедi. Айта кетейiк, осы тақырыпта зерттеу жасап көрген қырғыз дәрiгерлерi болса, насыбайдың iшкi секрециялық бездердi қабындырып, ерлердi белсiздiкке ұрындыратынын ашына айтып әлек.
Сонымен қатар, насыбайдың құрамында азыққа жатпайтын iзбес, күл, тауықтың нәжiсi секiлдi ағзаны улайтын қоспаларда жеткiлiктi көрiнедi. Қарап отырсақ, мемлекет арақ пен темекiнiң бағасын бiрнеше есе қымбаттатты. Мәселен, арақтың ең арзанын 400-500 теңгеге. Оның үстiне, жақында ғана Елбасы күштi алкогольдiк сусындарға қатысты Заңға қол қойды. Ендi дүкен сөрелерiнде спирттiк iшiмдiктi сағат 21.00-ден түске дейiн сатуға тыйым салынып қана қоймай, арақ сатуға мейрамхана мен дәмханаларға ғана рұқсат етiлген. Ал бiлiм ошақтары мен балабақшалардың маңында арақ-шарапты еркiн сатуға мүлдем рұқсат жоқ. Ал, темекiнi орта бағамен 300-400 теңгеге алуыңызға тура келедi. Ол аздай, темекiнi арнайы орынға барып тартпасаңыз, тиiстi орындар байқап қалса жазаңыз дайын. Осындай өзгерiстерден кейiн, әрине қарапайым халық әрi арзан, әрi қолдануға тиiмдi насыбайды жөн көредi. Аяғыңыздан тозып iздеп, әуре-сарсаңға түспей-ақ, кез келген жерден таба аласыз. Жол-жөнекей, көшенiң бұрыш-бұрышынан алдарына үлкен бiр қапшықты қойып алып, бiртiндеп қалтаға орап отырғандарын көремiз. әдетте, үлкен базар маңайларында әр қадам сайын кездестiруге болады. Айталық, Алматы қаласындағы «Барахолка» аталып кеткен, сауда орнында насы­байдың түр-түрiн табуға болады екен. Сатушылардың жанына жолай кетсең, «Менiкi өзбекстаннан әкелiнген десе, ендi бiрi менiкi қырғызстаннан әкелiнген» деп, мақтауын асырып жатқаны. Әрине, ол жерде сатушының басты мақсаты алдындағы тауарын өткiзiп, ақша табу. қаперiңiзде жүрсiн, насыбай санитарлық-эпидемиологиялық зертханадан да тексеруден өткiзiлмейдi. Ал оларды тексерiп, қадағалап жатқан базар әкiмшiлiгi де жоқ. Ең сорақысы – насыбайдың мектеп маңында сатылуы. Күнкөрiс қамында жүрген апалар мектеп қасында шемiшке, сағыз, кәмпит, құртқа қоса, насыбай сатып отырады. Бұл мектеп оқушыларының насыбайға әуестiгiн арттырары сөзсiз. Өйткенi, елiктегiш жасөспiрiмдердiң бiрi насыбайға құмартып алса, екiншiсi қызығып алатыны сөзсiз.
Десе де, бiрқатар елдер насыбайды сатуға тосқауыл қойып, арнайы заң қабылдаған. Мысалы, Түрменстанда насыбай сатуға мүлде болмайды. Оны тасыған немесе сатқан адамдарға айыппұл салынып, ол тағы қайталанса, бас бостандығынан айыруға дейiн баратын көрiнедi. Ал, Америкада тыйым салу жөнiнде де заң бар. Керек десеңiз, көршiлес Ресейдiң мемлекеттiк думасы  ел аумағында насыбай сатуға тиым салды. Халықтың денсаулығын сақтау мақсатында жазылған жаңа заң бойынша, ендi насыбайды өндiру және оны сатуға тiптен болмайды. Дума депутаты Дмитрий Носовтың айтуынша, Өзбекстандағы ауыз рагiмен ауырғандардың 90 пайызының кеселге ұшырауы насыбай шегуден болған. Қазiр Ресейде де насыбай шегу кең тарап барады. Тiптi, балалар арасында насыбайға әуестенушiлiк көбейiп кеткен. Сондықтан, насыбайға тиым салу — ең өзектi мәселенiң бiрi деген тоқтамға келген депутаттар заң жобасын тұтас мақұлдаған едi. Ал бiзде ше? Тиым салмақ түгiлi, белгiлi бiр шаралар қарастырылған емес.
Осы орайда, көпшiлiктiң ойын бiлмек мақсатпен «Сiз насыбай туралы не бiлесiз? Ол қаншалықты зиян?» деп, сауал тастаған едiк. Сөйтсек, жауап берген жастардың көпшiлiгi өздерi тұтынатын болғасын ба, әйтеуiр шық жуыта қоймады. Сiздерде оқып көрiңiздер…
– Мәулен, 17 жаста: Өзiм алтыншы сыныптан бастап насыбай атамын. Кейде насыбай, кейде темекi тартамын. Қыздардың арасында жүргенде көбiне шылым шеккендi дұрыс көремiн. Ал, өзiмiздiң балалардың арасында әрине насыбайды атамыз. Себебi, темекi алуға ақша табыла бермейдi. Күнделіктi әке-шешем мектепке бара жатқанда 100-150 теңге бередi, қарның ашса тамақ алып жейсiң деп. Қайдағы он шақты бала жиналып аламыз да, ортақ ақша шығарып, насыбай сатып аламыз. Әрине, оның зиян екенiн естiп жүремiн. Бiрақ, баста қызығушылықпен дәмiн татып көрдiм да, ендi тәуелдi болып қалдым. Егер бiр күн атпайтын болсам, басым ауырып, «жынды» болып кете жаздаймын.
– Олжас, 25 жаста: Осы уақытқа дейiн насыбайдан өлдi дегендi естiген жоқпын. Баяғыда ауылда әрең жүрiп жүрген шалдардың өзi, қолдары қалтырап-дiрiлдеп отырып, атып отыратын едi ғой. Менде 14-15 жасымнан бастап балдармен қосылып ата бастағанмын. Қазiр он жылдай болып қалды. Жiгiттер түгiлi, оны қыздарда атады ғой. Оның қасында бiзге еш ренiш жоқ шығар. Дегенмен, бiр байқағаным, тiстен-тiс қалмайды екен. Барлығы тегiс сарғайып, ешқашан тiсiн жумайтын адам сияқты болып қалады екенсiң. Сондықтан да, бiр атып дәмiн татпау керек. Егер татып көрдiң ба, онда одан бас тарту өте қиын. Менде осы қояйыншы деп қанша оқталамын, бiрақ болмайды.
– Сәрсен, 19 жаста:  Бiз ерте құтырдық қой. Өзiм он екi жасымнан бастап темекi, насыбайға әуестендiм. Темекi болса темекi, насыбай болса насыбайды ата беремiн. Соңғы кездерi темекiнi де қымбаттатып жiбердi ғой. Бiр қорап темекiнi 300 теңгеге сатып аласың, оның қасында насыбай арзан небәрi 30 теңге. Сондықтан шылымды насыбайға ауыстырдым. Екеуiнiң де анау айтқандай бiр-бiрiнен артықшылықтары жоқ. Насыбайдың бiр жақсысы, иiсi бiлiне бермейдi. Үйдегiлер бiлiп қойса, не iстеймiн деп уайымдамайсың. Мектепте де тиiмдi. Сабақтың аяқталуына жақын қалғанда ауыз салып жiберем, қоңырау соғылғанда далаға тастаймын.
Мiне, осылай жасөспiрiмдер арасында насыбай ату сәнге айналып бара жатқандай. Әр нәрсеге елiктегiш олар насыбайдың зиянынан гөрi, өзгелерден ерекше болып көрiнудi ойласа керек. Ең сорақысы, бұл жасөспiрiмдердiң болашағы қандай болмақ!?
Әсел РЗАЕВА
27 наурыз 2023 ж. 302 0