» » Селфи сергелдеңi

Селфи сергелдеңi


Селфи… Бұл сөз бiрiңiзге таныс, ендi бiрiңiзге таңсық болар. Бiрақ, кейiнгi кездерi екiнiң бiрi өзiн-өзi суретке түсiргiш екенiн бәрiмiз де байқап жүрмiз. Мәселен, интернетке қосылып, ондағы кез келген адамның парақшасын аша қалсаңыз, мiндеттi түрде саптай тiзiлген суреттер алдыңыздан шыға келедi. Бiр адамның бiрнеше жаңа образын байқауға болады. Бiрде шашын жайып, бiрде жинап, ендi бiрде көзiн қысып, ерiнiн шүртитiп немесе белiн таянып түрлi қимылдар жасап тұрғандарына дейiн бар. Ал, кейбiреулерi әр өткен күнiнен есеп берiп: «бүгiн мен пицца жеуге бардым», «ал, бүгiн суши жегiм келдi», «кешкiсiн достарыммен кездестiм», «бүгiн үйде манты жасап жатырмын», «мұңайып отырмын», «жылағым келедi», «ауырып жатырмын» деп, жүрген жерлерiнде суретке түсiп, алдыңызға бұлтартпас айғақпен жариялап қоятынын қайтерсiз.
Әйтеуiр, қай жерде жүрсе де қолына ұялы телефонын ұстап, өз-өздерiн суретке түсiрiп жатқаны.
Тiптi, есiмi елге белгiлi, кино, эстрада жұлдыздарына дейiн арнайы селфи жасап, әлеуметтiк желiлерге үнемi салып отырады. Көбiнде, киген киiмдерiн, iшкен тамақтарын, жасаған макияждарын, демалған орындарын, шетелде болған саяхаттарын парақшаларына жүктеп, халыққа жария етуден жалығар емес. Қарапайым халық үшiн танымал жандардың шынайы бейнесi мен жеке өмiрлерi қашанда қызықты. Сол себептi де, олардың жасаған бiр селфиiнiң өзiн бiрнеше мыңдаған адам көрiп, бағасын берiп, пiкiрлерiн жазады. Бiр қарағанда дұрыс та шығар. Алайда, әрбiр атақты тұлғаның парақшасына кiрiп, суреттерiн қарап, оған баға беру үшiн қаншама уақыт керек? Ойланып қарасаң, бостан босқа өтiп жатқан уақыт дерсiң…
Деректерге сүйенсек, «селфи» сөзi 2002 жылдары кеңiнен тарай бастапты. Бастапқыда Австралияда өткен ABC Online интернет-форумында қолданылған екен. Содан берi селфидi жанына серiк еткендердiң қатары көбеймесе, азайған емес. Осыдан 114 жылдай бұрын адамзат тарихында автопортрет дейтiн термин қалыптасқан. Ұлы ханшайым Анастасия Романованың он үш жасында алғаш рет өзiн-өзi түсiрген суретi «селфи»-дiң бастауы болған деседi.
Ғалымдардың зерттеуiне көз жүгiртсек, селфидi серiк еткендердiң 30 пайызы 18 бен 24 жас аралығындағы жастар екен. Әлем ғалымдарының селфидi осыншама зерттеп, жан-жақты iзденуiнiң де өзiндiк себебi бар болып шықты. Өйткенi, селфи уақыт өте келе психикалық ауруға шалдықтыратынын дәлелдеуде. Мысалы, өзiнiң суретiне көңiлi толмайтындар арасында өзiне-өзi қол салатындар да жоқ емес көрiнедi. Айталық, британдық Дэнни Боуман есiмдi жасөспiрiм 10 сағат iшiнде 200 рет селфи жасаған. Сол 200 рет түскен бейнесiнiң бiреуi де өзiне еш ұнамаса керек. Содан алты ай мектепке бармай, сабақтан бiржола қол үзiп, үйiнен шықпай, суретке түсiп, өзiнiң керемет образын iздеумен болған. Ақыр аяғында өзiнiң ойлаған жетiстiгiне жете алмаған бозбала кеудесiн кернеген күйiнiштен өзiне-өзi қол жұмсауға дейiн барған. Абырой болғанда, анасы оны дер кезiнде ауруханаға жеткiзiп, аман қалған.
Ендi, тосыннан яғни күтпеген жағдайда суретке түсу қорқынышты күшейттi. Айталық, биiк үйлер мен ғимараттардың шатырына шығып суретке түсетiн тәуекелге бел буғандар селфилетем деп тұрып, сақтықты ұмытып кетпесiне кiм кепiл. Бетi аулақ, бiрақ, басы айналып, болмаса ұстама ауруларынан, болмаса қатты қорыққандықтан төменге құлап кетсе ше?

Абилай Еркемай
Қорқыт Ата атындағы журналистика факультетінің 1курс студенті
28 мамыр 2026 ж. 614 0