№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ғаламтордағы алаяқтық

Ғаламтордағы алаяқтық



Бәлкiм, бiрiңiзге таныс, ендi бiрiңiзге таңсық болар. Бiрақ, жұмыс iздеген кез келген адам бұл жүйенi жақсы бiледі. Өйткенi, ғаламторда «жұмыс» деген хабарландырудың басым көпшiлiгi осы тектес. Осыдан бiраз уақыт бұрын жақын құрбымның бiрi менi желiлiк маркетингтiң бiрiне кiруiмдi өтiндi. Күн сайын келіп: «Шынымды айтсам, мен бұны өзiмнiң жаным ашитын жақын адамдарыма ғана айтамын. Мен Құдай қаласа, екi айдан кейiн көлiк алғалы жатырмын. Ал, жазда ата-анама шетелге жолдама алып қойдым» деп, менiң де қызығушылығымды оятуға тырысты. Құрбымның көңілін қимай, менде оның басшысымен сөйлесуге келістім. Құдай-ау, айналдырған екi-үш айдың iшiнде ауқатты адамдар қатарына қосылып кететiнiме кепiлдiк бердi. Әрине, ол үшiн еңбек етiп, «қаржылық пирамида» құру қажет. Аталмыш кәсiпке мойынсұнған адамдардың айтатын ортақ тақырыбы – тек ақша және бонус. Бонустық ұпайды неғұрлым көп жинаған сайын, пайыздық көрсеткiшiң де артады. Пайыздан-пайызға жеткен сайын келесi сатыға жетуге ұмтылуың қажет.
Алайда, бұл iстердi бастамас бұрын алдымен өздерiнiң тауарларын, яғни эксклюзивтi швейцар сағаттары, әртүрлi қымбат тастардан жасалған әшекей бұйымдар мен шетелге саяхат карталары сынды заттарды сатып алуың қажет. Ал, олардың ең арзаны кем дегенде 150 мың теңгеден төмен емес. Егер, сiздiң қалтаңызда ондай қаржы жоқ болса, еш қиналмаңыз. Өйткенi, керектi қаражатты қалай табу керектiгiн өздерi егжей-тегжейлi түсiндiредi. Мысалы, ақшаң болса қай туысыңа көмектесер едiң, солардың тiзiмiн жазасың (10 кiсiден кем болмауы керек). Әлгi кiсi байыған жағдайда өзiнiң көмектескiсi келген кiсiлерiнiң аттарын тiзiп отырып жазып бередi. Мұны күтiп тұрған әлгi адам ендi оған былай дейдi: «Ал ендi сен қиын жағдайға тап болсаң, осы кiсiлер саған қанша теңгеге дейiн көмектесе алады, соны жаз»,– дейдi. Жазып болғаннан кейiн: «Ендi, сен қазiр осы кiсiлерден барып қарыз ал. Себебi, сен қазiр қиын жағдайда тұрсың. Тағдырыңды шешетiн бизнеске кiре алмай қиналып тұрсың. Егер туған-туыстарың көмектеспесе, кез келген банктен несие алуыңа болады»,– деп қарыз алудың жолын көрсетеді.
Бұдан кейiн сiз керемет кәсiпкерге айналып кетесiз, ғаламторда өзiңiздiң электронды дүкенiңiз ашылып, ақша деген көл болып ағып келедi-мiс. Ол үшiн бар-жоғы екi-ақ танысыңды алып келiп, желiге кiргiзуiң керек. Содан кейін көл-көсір пайда табасыз деп байлықтың ауылын қол созым жерге жақындатып қойған кеңес берушi қыздың жылы-жылы сөйлегенi «жыланды iнiнен шығаратындай». Жастардың ең осал тұсы – баспана мәселесi екендiгi баршаға мәлiм. «Сен аз ғана уақыттың iшiнде өзiңнiң кең сарайдай баспанаңа ие боласың» деп, төбемнен алтын жаудырып қойды. Бұл қандай батпан құйрық десеңiзшi. Бiр байқағаным, бұл сауда түрiнде шiмiрiкпей өтiрiк айта салу деген түкке тұрғысыз екен. Себебi, олардың өзiнен «қанша пайда тауып жүрсiң?» десең, ойланбастан «айына 1000 АҚШ долларын аламын» деп, аспай-саспай жауап бергенде сенiп қаласыз.
«Бiз әлемдегi №1 компаниямыз» деп сендіріп, өнiмдерiн шетелдiк жетекшi фирмалар өндiретiнiн, заттарының сапалы екенiн, бағасының қалта көтеретiнiн, ақыр соңында компания өкiлi болсаңыз, еш өкiнбейтiнiңiздi айтады. Сол жерде жұмыс iстеп жүрген жастарды мысал етiп көрсетiп, сабағына да, жұмысына да үлгерiп, белгiлi пайыздық көрсеткiштерге ие болғанын айтып тамсандырады. Мiне, дәл осылай өз сенiмдерiне кiргiзiп алып, тақырға отырғызып кететiндердiң әрекетi. Бәлкiм, «аңқау елге арамза молда» деген осы болар. Әйтеуір, періштем қаққан болса керек, олардың аяласынан аман шықтым. Тек, әлгі құрбым несие алып кірген еді. Ол несиесін жаба алмай, өзге банктен тағы да несие алды. Сөйтіп, бір басына 2-3 несиені жамап алып, әлі күнге дейін айлығының 70 пайызын банкке беріп отыр.
Ия, ғаламтор дамыған сайын виртуалды алаяқтық кәдімгідей белең ала бастады. Алдаудың тәсілдері сан алуан болғанымен, түпкі мақсаты аңқау адамдардан көбірек ақша жымқыру. Әсіресе, елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері тұрғындар көбіне үйде, немен шұғылданарын білмей, жылт еткенге сенгіш болып алды. Әсіресе, «Орифлейм», «Мэри Кей», «Эйвон» сынды компаниялар көпшілік арасына танылып қалды. Осы желілік маркетинг жайлы сан пікірлердің арасында жаманы да, жақсысы да бар. Қазір түрлі бағдарламаларды пайдаланудың қарапайымдылығымен қоңырау шалады немесе абоненттік нөмірлерге SMS хабарлама жібереді және компанияның байланыс операторымен бірге өткізген науқаны туралы есеп беріп, нәтижесінде сіздің абоненттік нөміріңіз жеңіп шыққанын айтады. Ұтысты кім жек көрсін, бірақ аяқ астынан тап болған олжаны басқа қаладан алу керек не оның құнын пластикалық картаға ауыстыру қажет болады-мыс. Әрі қарай қылмыскер интернеттегі (мобильді) банкингті өз құрылғысына қосады. Одан әрі өз ойын жүзеге асырып, ақшаңыздан әп-сәтте айырылып қаласыз.
Желі арқылы сан алуан дәрумендер, ыдыс-аяқ жуатын тазалағыш құралдар, биологиялық белсенді қоспалар мен косметикалық заттарды желі арқылы қолжетімді бағаға сатып алғың келді делік. Алдымен осындай үлгідегі қылмыскердің арбауына түсіп қалмау үшін сауатты болуың қажет. Азаматтық құқық бұзушылықтың жаңа түрлері және ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы алаяқтық қылмыс жасау белең алуда. Мұны аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ғани Тұрсекеев те жасырмады.
– Интернет алаяқтық – қазіргі уақытта алаяқтықтың ең көп тараған түрі. Алаяқтар сiзге қоңырау шалып, өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері етіп таныстырып, біреу сіздің шотыңыздан ақша алуға немесе несие алуға тырысып жатқанын хабарлайды. Шын мәнінде бұл сізді жаңылыстыру. Алаяқтар жалған жолмен сiзден құпия сөздерді, банк карталарының нөмірлерін біліп, сіздің ақша қаражаттарыңызды ұрлайды. Ағымдағы жылы 17 алаяқтық орын алса, оның 4-і каспий банк арқылы несие алу бойынша тіркелген. Бірақ мұндай интернет алаяқтықтың ашылуы қиынға соғып отыр. Өйткені оның әдіс-тәсілдері күнбе-күн жаңаруда, хаккерлік механизм де сан құбылып отыруымен сан соқтырып кететіні жасырын емес. Тұрғындар арасында әсіресе бюджеттен айма-ай жалақы алып отыраған мекеме қызметкерлері арасында алдану фактілері өте көп. Осы орайда айта кетейін, ең алдымен алаяқтардың қолына түспеу үшін тек тексерілген интернет-дүкендерді таңдап, әлеуметтік желілер немесе жарнамалық сайттар арқылы алдын-ала жасалған тапсырыстарды төлемеу керек. Егер өнім сізге өте қажет болып тұрса немесе оның бағасы өте тартымды болса, тапсырыс берер алдында интернет-дүкенді алаяқтық үшін тексерген жөн.
Әлеуметтік желілерде әр түрлі тауарларды, өнімдерді және қызметтерді сатуға арналған жарнамалды қарағанда сақ болыңыз. Әр түрлі банктердегі шоттарға төлем аударуды талап еткен жағдайда мұқият болу керек. Алдын ала төлем жасамаңыз. Абонент нөміріңізге келіп түскен СМС кодты үшінші тұлғаларға жібермеңіз. Тауарларды расталмаған сату көздерін пайдаланбаңыз. Әлеуметтік желілерде жасалатын күмәнді мәліметтерден бас тартыңыз. Төлем жүйелерімен белгісіз тұлғаларға ақша аудармаңыз. Басқа қаладан қосалқы бөлшектер мен тауарларды сатып алғанда достарыңызбен таныстарыңызға айтып, сатушымен кездесуге және сатып алған өнімді тексеруді өтініңіз, әбден көз жеткізіңіз. Бейне байланыс жүйесі арқылы сатушының өз төлқұжатын көрсетуін сұраңыз. Сонымен қатар, ең бастысы ешкімге банк шотыңызды толық нөмірін, құпия сөздерін беруге, айтуға міндетті емессіз, осыны ұмытпаңыздар, – дейді сала басшысы.
Бүгiнде елде елуден аса желiлiк компания жұмыс iстейдi екен. Олар әртүрлi биологиялық қоспалар, косметика, бижутерия, тұрмыстық химия және өзге де қажеттi өнiмдер саудалайды. Мәселен, Avon, Oriflame, Mary Kay, Anway сынды косметика заттарын сататын компанияларда жұмыс iстемеген студент кемде-кем. Сабақ үстiнде ұстаздар мен курстастарына әкелген заттарын таныстырып, өткiзуге тырысады. Алайда, еткен еңбекке компания ақы төлемейдi, керiсiнше қол астыңа адам жинап, солардан түсетiн ақшаны алатын боласың деп сендiредi. Айта кетейiк, бастауын Америкадан алған сауданың бұл түрi 1934 жылдан бастап тұрмысымызға ене бастады. Америкалық Карл Ренборг азық-түлiктерге қосымша дәрумендер шығаруды қолға алып, оны таныстары мен достарына тегiн таратады. Бiрақ оның дәрумендерiн ешкiмнiң алғысы келмейдi. Барлық iстегенi сәтсiздiкке ұшырай берген соң, Карл өз өнiмiнiң дәмiн татып көргендерi үшiн таныстарына ақша төлей бастайды. Өтiнiш бергендер саны күрт өседi. Осы кезде Карл Ренборгтың басына өнiмiн таныстары арқылы таратып, пайда табуға болады деген ой келеді. «California Vitamins» атты алғаш желiлiк компания осылай пайда болған екен.
Иә, естімеген елде көп деген осы болар. Көп жағдайда жалындап тұрған жастар сәл мүлт кетіп, тұзу жолдан жаңылып қалады дейтін едік. Қазір бұл қақпанға түсіп жатқан үлкендер қатары да баршылық. Алайда, өмірде көргені мен көңілге түйгені көп үлкендердің өзі осындай әрекеттерге бел алдырып жатқаны көңілге қаяу салады. Бірақ, айлакер компания мүшелері әсте осындай егде тартқан жандардан көп пайда табатын көрінеді.
Қарап отырсақ, аз жұмыс істеп, көп табыс табуға шақыратындардан көз сүрінеді бүгінде. «Алған жалақыңызға көңіліңіз тола ма? Қыз-жігіттерді кеңсеге жұмысқа шақырамыз. Жақсы, білімі, тәжірибесі маңызды емес. Айлығы – 200 мың теңге» деген іспетті жарнамаларды әр жерден көзі шалмаған адам кемде-кем шығар. Сондықтан да, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, тәуекелге бел буып, қолда бар ақшаны желге ұшырмауды ойлап қойыңыз.
P.S.  Ұлы Абай атамыз «ойын арзан, күлкі қымбат» дегенді тектен-текке айтпаса керек. Жалпы, бай болу, материалдық жағдайыңыздың жақсаруы – алдымен өзіңізді байытудан, яғни, жігер, жалқаулықтан арылу, тынбас еңбектен басталатынын естен шығармасақ екен. Кім не десе де, оңай жерде алтын жатпайтыны белгілі жайт. Ақшалы атану үшін де еңбекқорлық, табандылық, төзімділік секілді қасиеттер қажет-ақ.
Әсел РЗАЕВА.
30 қыркүйек 2023 ж. 404 0