№78 (8789) 1

01 қазан 2024 ж.

№77 (8788) 28

28 қыркүйек 2024 ж.

№76 (8787) 24

24 қыркүйек 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031 
» » Ақпарат министрі Ауданымызда болды

Ақпарат министрі Ауданымызда болды


ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Сыр еліне сапары аясында аудандық газеттердің жайжағдайымен жете танысуды да қаперден тыс қалдырмай, 90 жылдық тарихы бар төл басылымымызға атбасын бұруы жергілікті журналист ағайынның жауапкершілігін биіктете түскендей.

  «Сыр еліне бұдан бұрын да талай жолым түскен. Министр ретінде алғашқы сапарымды осы Сыр елінен бастап отырмын. Оның ішінде арнайы жергілікті газеттің жұмысымен танысуды жөн көрдім. Бұл басылым тоқсан жылдық тарихы бар, төл дәстүрі қалыптасқан, үлкен қаламгерлердің қаламының ұшы қалған ұлағат ұясы екендігімен де ерекшеленеді. Аудандық газеттердің жағдайы туралы мәселені біз әркез көтеріп келеміз, қазір де бұл біздің назарымызда. Бұрын аудандық газеттер шеберлік шеберханасы саналды. Өзіміздің де ең алғашқы мақаламыз осы аудандық газетке шықты. Мен ауылдық жерде туып-өстім. Біздің газетке деген құрметіміз сол аудандық газетте қалыптасты. Аудандық газет редакциясы керемет құттыхана саналады. Ауданнан шыққан, қазіргі танымал қаламгерлердің әрбірі үшін солай. Оны өңірдің жылнамасы деп айтуға болады. Туған жердің бүкіл тарихын, өткенімізді тасқа  таңбалап қалдырған газет тұғырынан әлі тайған жоқ, – деді ол.

Министр күре жолдың бойында жатқан, сондықтан тасымал жағы да жеңілдеу болатын өңірімізде ақпараттық коммуникация саласында өндіре жұмыс жасауға мүмкіндік бар екенін айтуды да ұмытпады. Жергілікті үнжарияда жұмыс істеп, үлкен басылымдарға әбден шыңдалып баратын үлгілі үрдістерді үзіп алмау, талапты жастарды ынталандыру керектігін де ескертті. Аудандық газетте жүрген Оралханды, Фаризаны тани білген Шерағаңның үлгісін атап өтті. Ауданда отырып, қазақ баспасөзіне қызмет жасап отырған азаматтарға осы саланың жетекшісі ретінде алғысын жеткізді.

Келесі кезекте Сыр өңіріндегі басылымдарды бір орталыққа шоғырландырып, тіршілік тынысын жүйелі жүргізуді қолға алған «Сыр-медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев сөз алып, шығармашылық саласында да мықты тұлғаларды дүниеге әкелген қасиетімен дара екендігін айтты.

«Жаңақорған тынысы» газетінің мазмұны және дизайндық көркемделуі жөнінен аудандық басылымдар арасында жүйелі түрде «Үздік басылым» ретінде танылып келе жатқанын жеткізді. Газет жұмысын жандандыруда дәстүрлі медиа мен жаңа медианы үлгілі үйлестіре отырып, мерзімді басылымдардың бұқарамен қарым-қатынасын нығайту мәселелерін ортақ шешетіндігін ортаға салды. «Жаңақорған тынысы» газетінің бас редакторы Баян Үсейінова тоқсан жылдық тарихы бар төл басылымның сан соқпақты тарихына тоқталып, қай кезде болмасын ағалар аманатына адал жарияланымның, ақпараттық қана емес, ағартушылық та миссиясына беріктігін тілге тиек етті.

Одан әрі газет пен оқырман байланысын нығайта түсудің практикалық әдістәсілдеріне тоқталып, газет бетінде түрлі салаға арнайы беттер берілетіні, атаулы айдарлар бойынша сериялық мақалалар ұйымдастырылып келе жатқанын айтты. Сонымен қатар Сыр топырағынан шыққан, бүгінде әлемдік деңгейде танымал талантты тұлғалармен елге келген сапарында дидарласып, қолтаңбасын алып қалу дәстүрінің туған жер басылымының беделіне биік рух дарытар ерекшелігіне екпін берді.

«Мен сіздердің жағдайларыңызды білуге келдім» деген министрдің сөзі журналистердің ойында жүрген сауалдарын бөлісуіне түрткі болғандай. Газет қызметкерлері – Әлібек Жарықбаев, Әсел Рзаевалардың «Келешекте қабылданғалы отырған БАҚ туралы заңда журналист мәртебесі бекемделе ме?» деген сауалдарына министрдің жауабы төмендегіше өрілді:

– Масс-медиа туралы заң әлі талқылануда. Мұның ішінде жалпы журналистің мәртебесі, субсидиялау, қаржыландыру, жарнама, ақпаратқа жылдам қолжетімділіктен басқа онлайн-платформалар және интернет құралдары туралы ережелер де тереңірек қарастырылуда. Жалпы жеке пікірім, блогер мен журналисті қатар қоюға болмайды. Журналистің статусы биік болуы керек. Блогер журналистің мәртебесіне жету үшін көп еңбектену керек, - деді.

 Министр сонымен қатар интернетті реттемеудің салдарынан сөз бостандығын желеу етіп эфирге еркін шығып кететін әртүрлі фейк ақпаратқа, жалғандыққа тосқауыл қою қиын екендігін айтты. Сол сияқты жаңа заңда журналистің ақпаратқа қолжетімділігі, басқа да түрлі жеңілдіктер қарастырылатынын сөз етті.

– Президентіміз айтқандай, ашық қоғамда бәрі заң шеңберінде айқындалу керек. Заң алдында барлық азаматтар бірдей. Мұндай мәселеде біз заң үстемдігін қамтамасыз ете аламыз.

Әділетті қоғамда әрбір жан жақсы еңбек еткенде жақсы өмір сүретініне сенімді болу керек. Ал еңбектің нағыз майталмандары біздің жанымызда жүр. Бұрын қарапайым еңбек адамдары туралы көп жаздық. Аудандық газеттің бір озық тұсы – қарапайым еңбек адамының шынайы бейнесін беріп келеді. Бұл еңбек адамына үлкен қуаныш сыйлайды. Солардың қуанышына ортақ болу, бұл бір жағынан өте сауапты, ізгілікті жұмыс. Аудандық газеттің жеті мың данамен тарауы, редакция үйінің асармен салынуы, бәрі де елдіктің туы биіктігін, халықтың ұжымдық рухы берік екендігін көрсетеді. Сіздердің үлгілеріңізді көпке таратуға тырысу керек.

Әлеумет желіде жарысып лайк жинап, бір-бірімен шикі ақпаратын таратып, негатив көбейіп тұрған кезде газет шын мәнінде ар-ожданымызды, дәстүрімізді, ұлттық болмысымызды сақтауда тұғырында нық тұр.

Министрдің бұл жүрекжарды сөзі барлығымызды толқытты. Құрметті мейманға төл басылым бетінде жазармандардың әр жылдарда шыққан сүйекті мақалаларынан жинақталған «Дәуір айнасы» атты кітабы тарту етілді.

Баян Үсейінова


07 қараша 2022 ж. 303 0