Өкілетті мерзімі аяқталған аудандық маңызы бар қала, ауылдық округтің әкімдері кезегі келгенде сайлана алады. Оның барлығын халықтың өзі таңдайтын болады.
Ауданымыздағы Шалқия кенті мен Төменарық ауылдық округі әкімдерінің өкілеттік мерзімдерінің аяқталуына байланысты 2022 жылдың 16 қазанында белгіленген ереже аясында сайлау өтіп, халық өз таңдауын жасады.
Осы саяси науқанның нәтижесі бойынша аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов актив отырысын өткізіп, онда жаңадан сайланған әкімдерді таныстырды.
Осыған дейін Шалқия кенті әкімі болып Әбдімаулен Сабырханов қызмет атқарып келген болатын. Аудан басшысы бұл азаматтың атқарған жұмыстарына оң бағасын берді. Оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, кенттің көркеюіне сіңірген еңбегіне тоқталды. Мәселен, осы кезеңдері кентте 150 орындық мәдениет үйі бой көтергенін, іргедегі «Шалқия Цинк ЛТД» кен өндірісі компаниясымен әріптестік негізінде жұмыс жүргізе білуі нәтижесінде ауыл халқы игілігіне заманауи демалыс саябағын жасатуға қол жеткенін, Шалқия кентінің электр жүйесі толық жаңартылғанын айтты. «Тау самалы» лагеріне апаратын аудандық маңыздағы жол да жөндеуден өткізілді. Кенттің қоғамдық саяси ахуалы тұрақты болғаны да, резонансты жағдайлардың орын алмауы, осының барлығы әкімнің жұмысты дұрыс және үйлесімді жүргізуінің нәтижесі деген бағасын берді. Сондай-ақ Төменарық ауылдық округі әкімі қызметін атқарған Нұркен Орынбекұлының да ел тынысын тіктеу, ауыл халқының әл-ауқатының артуы жолында тынбай еңбектенген қызметін атап айтып, ауылда атқарылған жұмыстарға жеке-жеке тоқталды. Мәселен, ауылда ауыз су жүйесі жаңартылды. Ел күткен 15 орындық аурухананың құрылысын бастауға алғышарттар сақадай сай әзірленген Ауылдық клубтың күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы бүгінге дейін мемлекеттік қызмет талап нормалары аясында жұмысты үйлестіріп, үлгілі қырымен таныла білген қос азамат – Әбдімаулен Кеңесұлы және Нұркен Орынбекұлын Жаңақорған ауданының «Құрмет грамотасымен» марапаттады.
Өңір басшылығына келген бес айдан бері ауыл әкімдерінің іс-қимылын талдап, таразылып, тыңғылықты баға беріп үлгірген аудан әкімі бұл екі азаматтың жұмысына теріс пікірі жоқ екенін жасырмады. Бұл бағыттағы білімі мен іс-тәжірибелері алдағы уақытта ескерілетін де еске сала кетті. Жөн-жоралғысымен сөз алған екі азамат та бұған дейін төрт жыл мерзімде елге берген уәдеден шығу үрдісінде үлгілі жұмыс жасауға бар қажыр-қайратын аямағандарын, әлі де ел игілігі үшін қандай қызметке де дайын екендіктерін жеткізді.
Одан әрі 2022 жылғы 16 қазанда өткен Шалқия және Төменарық ауылдық округі әкімін сайлау нәтижелері бойынша жаңадан сайланған кент, ауыл әкімдеріне куәлік тапсыру үшін аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Сұлтан Ибрагимов сөз алды.
– Шалқия кенті әкімін сайлау туралы дауыстарды санаудың нәтижелері туралы №311 және №368, және Төменарық ауылдық округі әкімінің сайлау жөніндегі дауыстарын санаудың нәтижелері туралы №307 және №308 учаскелік сайлау комиссияларының хаттамаларының негізінде Жаңақорған аудандық сайлау комиссиясы Шалқия кенті мен Төменарық ауылдық округінде сайлау өтті деп таныды, - деді ол. Шалқия кенттік әкімдігіне 4 кандидат дауысқа түсті. Шалқия кенті бойынша сайлаушылар тізіміне 1680 азамат енгізілген, оның 1229-ы дауыс беруге қатысты. Шалқия кенті әкімінің сайлауы нәтижесінде Ерасылов Ғалымжан Бегайдарұлы Жаңақорған ауданы Шалқия кентінің әкімі болып сайланды.
Төменарық ауылдық округі әкіміне 3 кандидат дауысқа түсті. Төменарық ауылдық округі бойынша сайлаушылар тізіміне 2273 азамат енгізіліп, оның 1763-і дауыс беруге қатысты. Төменарық ауылдық округі бойынша сайлау қорытындысы Айымбетов Бақытжан Нәбиханұлына 1193 дауыс берілді. Ашимов Шерхан Шайдарбекұлы үшін 260 дауыс, Базарбаев Тұрғанәлі Сайынбайұлы үшін 243 дауыс берілді. Дауыс беру қорытындысымен Бақытжан Айымбетов Жаңақорған ауданы Төменарық ауылдық округінің әкімі болып сайланды, – деп хабарлама жасаған аудандық сайлау комиссиясы төрағасы осы екі азаматқа қызметтік куәлігін табыс етті.
Аудан әкімі Мұрат Тілеуімбетов жаңадан сайланған ауыл әкімдерін құттықтап, халықтың ойынан шығатындай адал қызмет ететіндеріне сенім білдірді.
Аудандық мәслихат хатшысы Ғалымжан Сопбеков өкілеттік мерзімі аяқталған әкімдер мен жаңадан сайланған әкімдерге өз тарапынан жылы лебізін қосты.
Баян ҮСЕЙІНОВА
ВА