Балалар демалысы мазмұнды өтуі тиіс
Жайдары жаз келісімен балалардың көңілі шаттанып, қаладағы оқушы ауылға, ауылдағылар қалаға қыдыруды аңсайды. Көпшілігі балалық шақтың көңілді сәттерін қуанышқа толтыратын жазғы лагерьлерде демалуды қалайтыны да рас. Осы тұста ата-аналар да балалардың бос уақытын тиімді өткізу маңыздылығын алға тартады. Биыл ауданда балалар мен жасөспірімдерді сауықтыру жұмыстарын ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 11 млн 700 мың қаржы қаралған.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, жазғы лагерь барысында балалардың қауіпсіздігі мен сауықтырылуына барынша көңіл бөлінеді.
– Биыл аудан оқушыларының жазғы лагерьде демалуына 25 мың жолдама беріледі. Яғни, алдағы уақытта 468 оқушы жазғы тынығу лагеріне барады. Оған мемлекеттен 11 млн 700 мың теңгені құрайтын қаржы қаралғалы отыр. Заңға сәйкес, мемлекеттік сатып алу арқылы аудандағы «Тау самалы» мен «Талдысу» лагерьлері басты орынға шығады деген ойдамыз. Өйткені, осы екі лагерьдің құны бізге тиімді. Мәселен, Көкшетау немесе Шымкент сияқты қаладағы лагерьлердің құны өте қымбат. Бізге әр балаға жобамен 25 мыңдық жолдаманы сатып алу тиімді. Ал, басқа өңірлерге бұл қаржыға барып-келу мүмкін емес, – дейді аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің әдіскері Мира Жандарбекова.
Маманның сөзінше, жаз айларында аудан оқушылары Жаз-2022, міндетті оқу қоры, кәсіподақ пен демеушілердің, ата-ананың қолдауымен өзге облыстардағы легерьде демалуы мүмкін.
Жазғы лагерьде балалардың бос уақытын тиімді өткізу үшін дебаттық және аула клубтарында үйірмелер, спорттық секциялар, ұйымдастырылады.
Ал, жеке мектептерден ашылған ақылы лагерьлерге баласын апару әр ата-ананың өзінің еркінде.
Мәселен, ауданда алғаш рет «START» интеллектуалдық жазғы лагері 6-маусымнан бастап өз жұмысын бастағалы тұр. Балалар «Сана» жеке мектебінің ғимаратында тынығады. Бұл лагерьдің өзгелерден артықшылығы – баланың интеллектісін дамытуға жұмыс жасайды.
– Мен баланың жан-жақты дамығанын қалаймын. Сондықтан, «Асылым» оқу орталығының жанынан баланың ой-өрісін дамытатын жазғы лагерь ашуды жөн көрдім. Бала лагерьде 15 күн бойы тілдерді үйреніп, барлық білімді ойын арқылы үйренеді. Аз қамтылған және толық емес отбасының баласын да ақысыз қабылдауды жоспарлап жатырмыз. Бастысы – бала жазғы демалысын тиімді өткізеді. Лагерьде санитарлық режим сақталып, балалар қауіпсіздігі толық қамтылады. Түскі үзілісте демалатын орындары да қарастырылған, – дейді «Асылым» оқу орталығының директоры Әйгерім Төлегенова.
Айта кетейік, барлық білім беру және спорт ұйымдарында жазғы демалыс кезінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірқатар шаралар қабылданған. Мектеп жанындағы лагерьлер мен алаңдарда балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында балалармен профилактикалық сабақтар жүргізіледі.
Түйін. Бала дегенде әр ата-ананың талабы күшті. Кім болса да өз баласының саналы да салиқалы ержеткенін қалайды. Бұл жолда баланың бос уақытын сапалы өткізіп, смартфонның боғауынан босату өте маңызды. Ал, үш ай жазға созылатын демалыста жазғы лагерьлердің таптырмас көмекші екені анық. Олай болса, балалардың жайдары жазды көңілді өткізуіне тілектеспіз...
Айсұлу АЛДАНАЗАР