» » Суды пайдалану қараулықты сүймейді

Суды пайдалану қараулықты сүймейді


«Көктемнің әр күні жылға азық» деген қағиданы қастер тұтқан шаруа қауымы белін шарт түйіп, қарбалас бейнетке кірісіп кетті. Биылғы су тапшылығына байланысты дәнді ертерек сеуіп, ертерек егіп, жылдам жиып алуға талап қылмаса күзде судан қалып, еткен еңбектің еш кетуі әбден мүмкіндігін бағамдаған ағайынның бұл қимыл-әрекеті құптарлық. Шын бейнеттеніп, маңдай терін төккенді қара жер де құр қалдырмасы белгілі. Бірақ бір нәрсе айқын, көпке ортақ ауа, су, жер сынды Құдайдың қасиетті қазынасын пайдалануда қараулыққа барғанның шаруасы қырын кетіп, көптің қарғысын арқалап қалуы кәдік екендігін де киелі кәсіпті етене серік етіп келе жатқан елдегілер естен шығармаса керек.

Жерді қамқорлығына алып, содан нәпақасын терген еңбеккер қауымның адал бейнетін баптағаны бір басқа, иен даланы игілігіне икемдеуде технологиялық-инженериялық талаптарды мүлтіксіз орындап, мемлекетпен арадағы шарттарға да сергек көзқарас таныта білуі маңызды. Осы талаптардың ішінде егістік алқаптарға жаратылатын судың жағдайын білгіміз келіп, «Казсушар» РМК Қызылорда филиалының Жаңақорған өндірістік учаскесінің басшысы Әбдімәжит Ахметовты әңгімеге тартқан едік. Осы жолда отыз жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман биылғы су жағдайы барысын былай тарқатады:

– Бүгінде Шардара су қоймасында 4,9 млрд текшеметр су бар. Бұл былтырғыға қарағанда 1,2 млрд текшеметрге кем. Көксарайда су жоқ.Биыл облысқа 3,5 млрд текшеметр су бөлінді. Олай болса биыл су тапшылығы мәселесі былтырғыдан да өзекті бола түскелі тұр. Ауданға тиесілі лимит 450 млн текшеметр ғана болып тұр. Оның 100 млн текшеметрі экономикалық мақсатқа, қалған бөлігі ауылшаруашылығы дақылдарын суаруға пайдаланылмақ. Суды үнемдеу мақсатында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы ауданда күріш дақылының көлемін азайтуға тапсырма беріп отыр. Енді осы ауылшаруашылық жерлерін суландыру жайына келейік. Аудан бойынша 320-330 шаруақожалығымен келісімшартқа отырып, су жеткізіп беру біздің мекеменің құзырында. Былтыр 7000 га жерге күріш егіліп, азғантай аумаққа басқа дәнді дақылдар – бидай, мақсары, сондай-ақ жоңышқа егілген болатын. Бірақ осы егістік көлемін суғаруға келгенде тараптар бойынша белгіленген шарттардың орындалмай жататыны жиі кездеседі. Әсіресе шаруа қожалықтары иелерінің судың белгіленген ақысын уақытылы төлемеуі шаруашылық есептегі мекемеміздің қызметкерлеріне жалақы төлеу жүйесіне кедергі келтіріп жататыны өкінішті.

Суға ақы төлеуде әр айдың ақысы келесі айдың онына дейін төленіп бітуі тиіс. Төлемеген жағдайда ескерту хат беріліп, 5 күннен соң жауып тастауға құқылымыз.
– Тәртіп талаптары сақталмаған жерде ортақ мүддеге сын қағылары сөзсіз. Ереже талаптарды сақтамайтын жеке тараптарға қандай шаралар қолданылуы мүмкін?
– Ең бастысы, мекемемен арадағы келісім шарт өз мерзімінен кешіктірілмей жасалып, сол жүйемен жалғасуы тиіс. Өкінішке қарай, кей шаруашылықтар жұмыс басталғанша бұған мән беріп қарамайды. Науқан кезінде мойын бұруға шамасы келмей кететін кісілердің алдына біз өзіміз барып, келісімшартқа отыруға мәжбүрміз. Тәртібіне келгенде, келісім шарт құжаттары рәсімделіп болмай су беру заңсыздыққа келеді. Уақыттан қалмай суын алсын деп біз қамқорлық танытқанымызбен бұны сыбайластық көріністері ретінде бағалап, прокуратура тарапынан ескерту алып қалатын жағдайымыз бар. Сондықтан егіншілер ертерек қамданып, құжатын реттеп алғаны екі жаққа да тиімді болар еді дегім келеді.
– Жасыратын не бар, кейде суға таласып, егістік басында керілдесіп, бір-біріне кетпен сілтескен келеңсіз жағдайдың да болып жататынан естіп қаламыз. Бұған не себеп?
– Кеңестік кезеңде егіс бригадирлері деген болды. Одан соң кооперативтер суды реттеп отырды. Қазір жеке шаруашылықтар ортақ істе бір-бірімен санасуы керек. Судың басында отырған ағайын суды емен де семен пайдаланып, соңғысына жетпей жататыны әділдік емес. «Сағадағы су ішеді, аяқтағы у ішеді» дегендей, алауыздық осыдан келіп туындайды. Бұл мәселені мен аудан әкіміне де кіріп айттым. Шаруа қожалықтарының өз арасынан комиссия құруымыз қажет. Барлығына ортақ қадағалаушы жауапты маман болуы керек деп ойлаймын. Сонда әркім өзіне бекітілген лимит шегінде ғана суды пайдалануға тәртіп орнығар еді.
Мекеме басшысының айтуынша, биылғы жылы каналдар жүйесін тазалауда атқарылған жұмыстар қарқынды. Келінтөбе магистральды каналының 10 шақырым жері тазаланыпты. Бюджеттен 160 млн теңге бөлініп,Сунақата каналының толық тазалануына қол жеткен. Аудан әкімшілігінен қаражат бөлініп, бірнеше каналдар тазаланыпты.Келінтөбе каналының 10 шақырымы лайқадан аршылып, біраз су тоспалары жай жөндеуден өткізіліпті.
– Жалпы, мекемеге қарасты 5 магистральды канал,2 су қоймасы,42 шақырым қорғаныс бөгеті бар. Бүгінгі басты міндетіміз – халыққа жоспарлы суды жеткізіп беру. Бірақ аудан тұрғындары да заман талабына сай әрекет етіп, бейберекет дау-дамайдан гөрі егіншілік мәдениетіне бейімделгені құба-құп, – дейді Әбдімажит Ахметов.
Егіс егетін азаматтарға жерді дұрыс таңдап, су жылдам және қиындықсыз баратын алқаптарды таңдауы қажеттігін тынбай насихаттап келе жатқан маман кеңесі құптарлық.

Баян ҮСЕЙІНОВА
26 сәуір 2022 ж. 284 0