№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Мақсат – елдің әлеуетін көтеру

Мақсат – елдің әлеуетін көтеру


Өткен апта соңында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов Сыр еліне арнайы іс-сапармен келді. Облыс орталығында, одан соң Шиелі және Жаңақорған ауданында болып, ел жағдайын көріп, сала қызметкерлерімен кездесіп, жоспарлармен бөлісті.

Биыл Мемлекет басшысы «Жастар практикасы» және «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жа­лақысын арттыру, сондай-ақ биз­нес-идеяларды дамыту үшін грант мөлшерін 400 АЕК-ке дейін ұлғайтуды тапсырды. Яғни, 1,2 млн теңгеге дейін ұлғайды, Жастар практикасына қатысушылардың жалақысы 20 пайызға, яғни 25-тен 30 АЕК-ке дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасына қатысушылардың жалақысы 50 пайызға, яғни 20-дан 30 АЕК-ке дейін өсті.
Өңірлерде жыл сайын 10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орнын құру тапсырмасы бар. Халық санының өсуін ескере отырып, 2025 жылға дейін 780 мың жұмыс орны ашылады. 2020 жылдан бастап ұстаздардың жалақысы кезең-кезеңмен арта бастаса, 2021 жылдан бері медициналық және әлеуметтік қызметкерлердің жалақысы көтерілді. Нәтижесінде, 2023 жылға қарай олардың жалақысы 2 есеге өседі. Ал 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 41 пайызға өсіп, 1 млн 650 мың адамның табысы артса, «Жастар практикасына қатысу кезеңі 6 айдан 12 айға дейін, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы 12-ден 18 айға дейін ұзартылды.
Вице-министр біздің аудандағы сапарын Жаңақорған кентінің тұр­ғыны, кәсіпкер Ақтоты Тастаеваның жұмысымен танысудан бастады. Аудан әкімі Руслан Рүстемов жол бастап, шебердің шағын шеберханасына келдік.Топ құрамында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру басқармасының басшысы Гаухар Қалмақова, аудан әкімінің орынбасары Оңал Ержанов және аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Жаңабек Тұрлыбеков бар. Сұранысқа сай кәсібін ілгерілетіп жүрген ісмер жанның шағын бизнесімен жан-жақты танысып, жұмысына сәттілік тіледі. Одан соң аудандық жұмыспен қамту мекемесі қызметкерлерімен кездесіп, жаңа өзгерістер мен толықтырулар туралы түсіндірме жүргізіп, пікір алмасты.
– Бүгінде қызмет көрсету саласында 900 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олар көбінесе бір реттік қызмет көрсетіп, көп жағдайда тапсырыс берушіден қорғалмайды. Бұл ретте біз «Платформалық жұмыспен қамту» атты бағдарламалық жобаны жасап шығардық. Қазір бағдарлама тестілеуден өтуде. Практикаға биыл енгізілетін болады. Бұл үй тазарту, қорғау, азық-түлік жеткізу сияқты қызмет көрсететін адамдарға осы қосымшада тіркеліп, тез әрі ыңғай­лы тапсырыс табуға мүмкіндік береді. Қосымшада тараптардың құқықтары мен міндеттері, орындаушының ең­бек құқықтарын қорғау туралы қыс­қартылған шарт көзделеді. Бұл кө­леңкедегі адамдарға кәсіпкерлік ортаны қалыпты деңгейге шығаруға және аударуға мүмкіндік береді, – деді вице-министр.
– Еңбек кодексінің 23 бабының 1-тармағы, 1-тармақшасында жұмыс берушінің таңдау құқығы берілген. Яғни, кез келген жұмыс беруші өзіне қажетті маманды таңдай алады. Бірақ мамандықты қажет етпейтін салалар, оның ішінде техқызметкерлерге де осы шарттар қарастырылған. Біздің ұсыныс осы таңдау құқығы алынып тасталса, бұл топтағы жұмысшыларға жұмысқа тұруға жеңілірек болар еді. Біз депутат ретінде халықпен жүздескенде реніш осы бағытта көбірек болады, – деді орталық директорының орынбасары, әрі аудандық мәслихат депутаты Мәжит Балқожаев.
– Ұсыныс орынды, бірақ әзірге бұл жүйені толықтай енгізе алмаймыз. Өйткені біздің елде кәсіпкер құқығы қорғалып, оларға басымдық көбірек берілген. Сол себепті, олардың құқын шектей алмаймыз, дегенмен мұны да бірлесе зерделейміз, – деген Ержан Біржанов аудандағы жалпы ахуалды сұрады.
Аудандық жұмыспен қамту орта­лығының директоры Жаңабек Тұр­лы­беков төмендегіні жеткізді.
– Қазір 48 жұмыс берушіден 183 бос жұмыс орыны тіркелген, олардың басым көбі кәсіпкерлік нысандарда. Яғни, кафе, шипажай және басқа да кәсіпорындардан келген. Мәселен, жақында ашылғалы тұрған құс фабрикасына 120 жұмысшы керек деген өтінім түсті. Оның ішінде директордан бастап қарауылға дейін көрсетілген. Жалпы аудан бойынша ресми жұмысшы ретінде тіркелген 1146 адам болса, соның 563-і белсенді шараға тартылды, әлеуметтік жұмыс орындарымен қамтылды. Жастардың тұрақты жұмысқа орналасуы 83 пайыз­ды құрады. Мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік салада жұмысқа қа­былданғандардың үлесі тең, бірақ мүмкіндігінше кәсіпкерлік салаға көбірек жұмылдыруға тырысудамыз. Өйткені, онда тұрақты, мамандыққа сай қызмет түрлері ұсынылады. Ал, мемлекеттік мекемелерде ол мүмкіндік мүлдем төмен.
– Дұрыс, биыл республика бойынша әлеуметтік жұмыс бойынша 156 мың адамға ғана қаражат бөлінсе, соның 123 мыңы мемлекеттік органдарда жүр, яғни қоғамдық негізде. Сондықтан кәсіпкерлік бағытқа жол сілтеу бастамасы тиімді, біздің мақсат халыққа осыны толық түсіндіру. Ең бастысы, министрлікке берілген мүмкіндікті тиімді пайдаланып, халықтың әлеуетін арттыруда жұмыла жұмыс жасауымыз керек, – деді Ержан Еркінұлы.
Басқосуда жастар практикасы мен жеке мүмкіндігі шектеулі жандарға көмекші бойынша, сосын ай сайынғы берілетін мемлекеттік әлеуметтік көмек, яғни азық-түлік ақшалай берілсе деген де ұсыныс болды. “Бұл сауал көп қойылады, бірақ, әр өңірдің саясаты, менталитеті әр түрлі. Оңтүстік өңірлерді ақшалай берілуді қаласа, ірі мегаполистерде күнделікті тұтынатын тауарды алғанды дұрыс көреді. Тіпті, бұл бюджетке де байланысты, кейбір облыстар қосымша үстемақы төлейді. Сондықтан бұл мәселе Әділет министрлігімен үлкен талқылауда. Оны уақыт еншісіне қал­дырайық, дегенмен барлығы оң жүйеге келтіріледі. Сол секілді жеке көмекшінің мәселесі де күрделі – деді вице-министр.
Ал, грант алушылардың несие берешегі туралы мәселе жақын арада шешіледі деген жақсы жаңалықпен бөлісті. Өйткені грант ұтып алған кәсіпкердің банкте қарызы болса ол ұстап қалады. Алатын 580 мыңның жартысын банк алса, қалған қаражат түкке де керексіз болып қалады. Осы мәселе жақын арада шешіледі деп сендірді.
Түйінін тарқатқанда, бүгінгі мем­лекеттің басты бағыты әлеуметтік салаға бет бұрғанын байқауға болады. Өйткені, елдің әлеуетін көтеру, тұрақты жұмысқа орнластыру, кәсіпкерлік саланы дамыту, бір сөзбен айтқанда, халықтың тұрмыс сапын жақсарту ең маңызды мәселе. Бұл – заман талабы.

Ақтотының шағын шеберханасы

Ақтоты Тастаева 2 жыл бұрын нәзік жандылардың киімін тігуді қолға алған. Арнайы курс оқымаса да Алла берген талантын кәсібіне идіріп, өз бетінше киім тіге бастапты. Кейіннен интернет арқылы керекті мәлімет қорын жинап, тәжірибесін толықтырды.
– Бастапқыда уақыт оздыру үшін тігетін едім, кейіннен кәсібіме айналды. Шүкір, қолымнан қазіргі сұраныстағы киімдер шығуда. Күніне кем дегенде екі көйлек тігуге тырысамын. Жас келіндерге, қалыңдыққа арналған көйлектерге сұраныс жиі түседі. Шыны керек, жастардың талғамы өте жоғары, бағасына емес, сапасына мән береді, сондықтан тауарды сапалы шығаруға тырысамын.
– Жақсы, ісіңізге Алла береке берсін. Біздің өңірлерді аралап, халықпен ашық диалог құрудағы мақсатымыз сіз секілді іскер жандармен жүздесіп, ұсынысы мен өтінішін, талап-тілегін тыңдап, жоғары билікке жеткізу. Шағын кәсіп бастаған екенсіз, енді осы бизнесті ары қарай дамытып, өзге өңірлерге импортқа шығаруға жол ашылсын. Біздің тараптан қандай көмек керек? – деген вице-министрге:
– Көп рақмет, істі қолға алғаннан кейін оған қажетті құрал-саймандарды мемлекет тарапынан берілген грант арқылы алдым. Менің алдыға қойған жоспарым көп. Аудан орталығынан шағын цех ашып, жұмысымды жетілдіру. Оған дейін тауарды жарнамалап, тұ­тынушы санын көбейтіп, керекті қара­жат қорын толықтырсам деймін. Тұрғын­дар кейде мекен-жайды білмей жатады.
– Заң бойынша бір реттік грант алған тұлғаның қайта алуға мүмкіншілігі жоқ. Дегенмен төмен пайызда несие рәсімдеуге болады. Мүмкіндік болса гранттың басқа да жолын қарастыруға тырысамыз.
Ержан Біржанов пен Ақтоты Тас­таеваның диалогына аудан басшысы Руслан Рүстемұлы қосылып:
– Біздің аудан мемлекеттен берілетін грант алу көрсеткіші бойынша облыста озық. Жыл сайын түрлі бизнес идеялар туындап, нарық сұранысына сай өнім өндіріле бастады. Соның бірі осы Ақ­тоты қарындасымыздың кәсібі. Кәсіп бастауға берілген аз қаражаттан нәтиже шығарған осындай жандарға қосымша грант немесе жеңілдіктер қарастырылса, – деген ұсынысын айтты.
Иә, өйткені қазір көбісі жеңілдетілген пайызбен несие ала алмайды. Оған себеп те аз емес. Біздің ауданда кәсіп­керлердің басым көбі гранттың игілігін көруде. Олардың саны 2 мыңнан асып жығылады. Бір өкініштісі, барлығы биз­несін жетілдіре қоймады. Ақтоты болса шағын ісін орта бизнеске дамытуға ниетті.
– Шикізатты Ақтау, Ақтөбе және Алматы облысынан алдырамын. Өйт­кені, сапасы сын көтереді. Мәселен, дубайлық маталар тек Ақтауда ғана болады. Олардың бағасы да қымбат, бірақ сапасы өте жоғары. Негізінен 583 000 қайтарымсыз қаржыға өзіме керекті құрал-жабдықтарды алдым, мәселен, үтік, тоқпен жұмыс істейтін тігін машинасы, түйме қаптайтын құрал бар. Мүмкіндік болса бұдан да үлкенірек аппарат алып, тапсырысты еселей түсуге тырысамын, – деді ол.
Ендеше, тағдырын жігермен жеңіп, биік тұғырға талпынысы зор Ақтотының осы бір ісін дөңгелетіп кетуіне, төл ісі тек өңір арасында ғана емес, шетелдік брендке шығуына атсалыссақ, ораза айында үлкен сауапты іс болар еді.
Вице-министрдің ауданға сапары осылай түйінделді. Біз өзімізде барды бағалай білмейтін әдетіміз бар. Осы күні кәсібіне нәр берген Ақтоты бау­ырымыздың жетістігіне біз де қуанып қайттық.

Әлібек ТЕМІРБЕК
12 сәуір 2022 ж. 304 0