№35 (8746) 4

04 мамыр 2024 ж.

№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031 
» » Ақ күріштен тау тұрғызған диқандар

Ақ күріштен тау тұрғызған диқандар


Жаңақорған ауданы облыстың шығысына қоныстанған, оңтүстігі Қарақұм мен Қызылқұм, теріскейі Қаратау өңірін қуалай жайғасқан, климаты тұрғындар үшін егін мен мал өсіруге қолайлы аймақ. Осы бір тарихи аймақта өткен ғасыр ішінде көптеген еңбек майталманы өңірді өркендету үшін аянбай еңбек ете білді.


1939 жылдан Жаңақорған ауданы Сырдария өзенінің екі қапталын егіс егуге бейімдеу үшін каналдар қазуды жоспарға енгізіп, іске кірісіп те кетті. Әуелі байырғы халқы тығыз орналасқан Төменарық және Сунақата алқаптарына канал қазуды қолға алды.
Ол кезде жер қазу құралы тек қана кетпен болатын. Ауданның 24 колхозынан канал қазуға қол күші жиналып, ортақ мүддеге жұдырықтай жұмылды. Ұзындығы 20 шақырымнан асатын Сунақата каналын қазу жұмысы қызған шақта Ұлы Отан соғысы басталып кетті. Ер азаматтар соғысқа аттанды, елде қарттар мен әйелдер қалды. Арнадан топырақты зембілге салып, сыртқа шығарды, тіпті өткелек тартып, канал қазудың түрлі амалы жасалды. Соғысқа кеткен тәжірибесі мол азаматтардың орнына жалынды жастар келді.
Сондай атпал азаматтың бірі - Зұлпыхар Мұсаханов. Ол 1933-1938 жылдары аудандық комсомол комитетінің хатшысы ретінде елмен етене араласып, халықтық мәселеде көпке дәнекер істің діңгегіндей еді. Ел басқару жауапкершілігін ерекше сезінген Зұлпыхар ата Сунақата каналын қазушылардың ұтымды ұйымдастырушысы бола білді. Айнымас жүрек, нар көңіл ердің серті қалайда каналды іске қосып, егін шаруашылығын өркендетуге барынша батыл қадам жасау болатын. Сөйтіп қыстың қақаған боранында да жұмыс бір сәт толастамады. Күндіз күйбең тіршілік, түнде каналдың ізімен от жағылып, тоңы жібітіледі. Сол үшін жыңғыл, шеңгел, қамыс шауып, алдын ала дайындалды. Ер - ырыстың кілті деген рас, тиімді тетік тапқаны арқасында жұмыс жанданды, канал қазудың екпіні еселене түсті. Осындай озық шаруаны ширатқан шаршы топ 1945 жылдың 7-і сәуір күні «Екпінді» ауылының егістігіне канал ұшын жеткізіп, құлағын ашты. Міне, мехнаттан мерей тапқан мұқалмас азаматтар алғашқы еңбек жеңісін осылай түйіндеген еді.
Сыр бойы халқының несібесі болған Сырдария өзенінің мол суы, екі қапталындағы ен тоғайы, төрт түлігі, егінжайы ел еңсесін көтеруге ерекше ықпал етті. Дегенмен инженерлік жүйеге келмеген алқаптар, оған жеткізілетін су жолы біршама қиындық туғызғаны бар. Сол тауқыметті тұйықтауға Петербургтегі су шаруашылығы институты мен Ташкенттегі адвокаттар даярлайтын мектепті бітірген Раушан Әбенқожаевтың сіңірген еңбегі елеулі. Ол Сырдарияның Көктөбе бөлігінен үлкен арық қазып, қазіргі Түгіскен массивін игерудің алғаш негізін қалайды. Бірақ каналдың жұмысы қаржының тапшылығынан, басқа да жағдайлардан 30 шақырымнан соң тоқтап қалады. Ел қамын ерте ойлаған аяулы азамат небәрі 41 жыл ғана өмір сүрді. Ұзақ дертке ұшырау салдары оның ғұмырын қысқа етті.
Сырдария өзенінің сол беткей бөлігін, яғни тың жерін игеруге бетбұрыс басталды. 1966 жылы Түгіскен миссивінен алты күріш совхозы ашылды. Бұл тарихи оқиға республикадағы теңдессіз еңбектің нәтижесі еді. Келінтөбе магистралының су артериясы шөлге тіршілік әкелді, табиғат оянды. Осы еселі еңбекте экскаватор машинисі Иван Захарович Макаренконың, механизаторлар Бисенбек Санақов, Ажиман Мырзатаев және басқалардың білек түріп, техника қуатымен тың жерді түлетті. Алғашқы жылдары 205 гектар күріш егіліп, әр гектарынан 40 центнерден өнім алынды. Судың нәрі күріш күтіміне өз ықпалын тигізді. Сол кезеңде штаб бастығы, ауылшаруашылығы саласының жетік маманы З. Мұсаханов кемел келешек үшін Келінтөбе каналын соза түсуді, оның ұзындығын 100 шақырым, сыйымдылығын 107 текше метрге жеткізуді ойластырып, жасампаз жобаны толықтай жүзеге асыруға азаматтық белсенділігін аямады. Осындай жетістікке жанасқан 1967-1980 жылдар аралығында 15000 гектар жер инженерлік жүйеге келтіріліп, ауданда 40 мың гектардан астам егін егіліп, бір жылда 600 мың центнер күріш мемлекетке өткізетін болды.
1969 жылы күріш пісіп, күрішке алғашқы орақ түсу сәтінде «ХХІІІ партсъезд» совхозын көру үшін Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев жұмыс сапарымен арнайы келген болатын. Дәл осы сапарды күткендей Түгіскен массивіндегі алты совхоз да ораққа сақадай сай еді. Науқанның қызған шағында Д.А Қонаевтың тың еңбеккерлерімен кездесуі естен кетпес мерекеге айналды.

Күріш дақылын бітік өсіру жолында даңғайыр диқан мен майталман механизаторлар шоғыры шықты. Бұл өңірден шыққан Кеңес Одағының Батыры Әнуар Әбутәліпов, күріш өсірудің шебері, Социалистік Еңбек Ері Арапбек Әбиев ел мақтанышы болатын. Олардың іргелі ізін ала диқан Әлиасқар Сұлтанов «Еңбек Даңқы» орденінің толық иегері атанды. Халық құрметіне бөленген Қамар Үсенбаева мен Тынысбек Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты боп сайланды. Даланы еңбек дүбіріне бөлеген Керуенбай Ысқақов, Есқожа Ысқақов, Айымтай Әжібаева, тракторшы Айша Наубаева, тағы басқа да ондаған озаттың есімі ел жадында жатталды, Түгіскен тыңын түлеткен тұғырлы тұлғаға айналды.

Жеке тектік қор иесі еңбек ардагері, «Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген ауыл шаруашылығы қызметкері», Жаңақорған поселкесінің «Құрметті азаматы» Зұлпыхар Мұсахановтың жеке тектік құжаттарынан алынған деректер.
Жеке тектік қор иесі Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, Қызылорда облысының Құрметті қайраткері, Жаңақорған ауданының Құрметті азаматы, Жаңақорған кентінің Құрметті азаматы Адырбек Сопыбековтың жеке тектік құжаттарынан алынған деректер.

Рахат Мусаханова,
«Қызылорда облысының
мемлекеттік архиві» КММ-нің
Жаңақорған аудандық филиалының
қойма меңгерушісі

31 наурыз 2022 ж. 244 0