№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңа мектептің кірпіші қаланды

Жаңа мектептің кірпіші қаланды


Кент тұрғындары көптен күткен қуаныш – Ипподром аумағында 300 орындық мектептің қазығы қағылып, кірпіші қаланды. Аудан әкімі Руслан Рүстемов алғашқы кірпішін өзі қойып, мердігер мекеменің жұмысына сәттілік тілеп, құрылыстың сапалы болуына, әрі межеленген уақытта аяқталуына қадағалау жасауды тапсырды.


Жалпы кент көлемі жыл сайын кеңейіп, тұрғындар саны да өсіп келеді. Аудандағы 85 мың халықтың жартысына жуығы кент орталығында тіршілік етеді. Сондықтан әлеуметтік нысандарға, оның ішінде білім беру ұйымдарына деген сұраныс арта бермек. Өйткені бала сыйымдылығы басты назарда, екінші жағынан бәсекелестік орта қалыптаса бастады. Қазірдің өзінде кентте 6 білім ордасы, 4 бастауыш жекеменшік мектеп орналасқан. Тағы қосымша жеке кәсіпкер бір бастауыш білім орталығын іске қосуға әзір. Сондай-ақ, мемлекет тарапынан 3 мектептің құрылысы жүр­гізілуде. Соның бірі аталмыш жаңа нысан. Жаңақорған ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі журналистер жолсапары аясында мердігер компания иесі, ауданның ардагерлері мен аудан басшысы, жастар, тұрғындармен бірге құрылыс жұмысын жандандыруға ат­салысып, алғашқы қолғабысты жасады.
– Биыл Сыр өңірінде 6 мектептің құрылысы жүргізілуде, соның 3-еуі біздің ауданда. Бұйырса, үш мектептің лентасы биыл қиылып, ел игілігне беріледі деген сенім бар. Жалпы аудан бойынша 7 әлеуметтік нысан салынуда, басымдық білім саласына бағыттаудамыз. Ең бастысы, жұмыс жүйелі, құрылыс сапалы болғаны абзал. Осыны ескеріп, техникалық бақылау, қадағалау жұмыс­тарын күшейтіп, тұрғындар тілегін орындауға тырысып келеміз, – деп аудан әкімі аймақ тілшілеріне жүзеге асып жатқан жұмыстарды жүйелеп берді.
Қызылорда облыстық құрылыс, сәу­лет және қала құрылысы басқар­масы тапсырысымен басталған С.Сұлтан­мұ­ратов көшесі бойындағы 300 орындық жаңа мектеп құрылысының басты мердігері «Авангард» ЖШС. Компания жыл аяғына дейін нысанды аяқтауы тиіс. Мекеме басшысы Расул Искаков­­тың айтуынша, құрылыс материалдарына отандық өнім пайдалануда. Яғни, екі түрлі кірпішті елдің екі өңірінен әкеліп, қалауда.
– Техникалық қадағалаушы «Асем құрылыспен», келісім-шарт бойынша 16 ақпанда жұмысқа кірістік. Жалпы сметалық құны 949 млн теңге құ­райды. Мерзімі 13 ай, жоспар бойынша келесі жылдың наурыз айында тап­сыруымыз керек. Алайда өз күшіміз­бен мүмкіндігінше мерзімінен бұрын тапсы­руды жөн көрдік. Мекемеде 140 қызметкер бар, қосымша жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартудамыз. 3 қабатты мектеп 2 блоктан тұрады. Жалпы мектеп заманға сай, әлеуті зор ғимаратқа айналатынына сенім білдіреміз. Өйткені біздің мекеменің бұл салада тәжірибесі өте мол, сондықтан жыл соңында ел игілігне берілетін болады, – деді мекеме директорының орынбасары Оразхан Абдуллаев.
Жергілікті азаматтарды жұмысқа тар­туға ден қойған компания құры­лыс­шылардың орташа жалақысы 200 мың теңге көлемінде екенін айтты. Әрине, бұл аудан тұрғындарының тіршілігі үшін жақсы жалақы. Сыр журналистеріне мән-жайды түсіндіріп, құрылыс барысын таныстырған мердігер мекеме басшысы ықыласты ырымын жасап, ас берді.
– Шыны керек, жыл өткен сайын кент тұрғындарының саны, бала көрсеткіші артып келеді. Бұл әрине қуанарлық жағдай, шүкір дейміз. Осыған орай әлеуметтік қажеттілік те арта түседі. Болашақ үшін ең бірінші білім керек, сондықтан осындай мектептердің көптеп салынуы қуантады. Бұйырса, келер жылға дейін көптен күткен 3 мектептің де құрылысы аяқталады деп үміт күтіп отырмыз. Руслан Рүстемұлы енді Сая­жай аумағындағы мектеп құрылысына басымдық беріп, оны да іске қосамыз деп қуантуда. Бұл үлкен жоба, білім саласына деген үлкен бетбұрыс, – деді ардагер ұстаз Серік Мұсабаев.
Иә, Жаңақорғанда халық көп шо­ғырланған Саяжай аумағына да мектеп керек-ақ. Мүмкіндік болса биыл бұл бастама да іске қосылады деп күтілуде. Бір сөзбен қайырғанда, аудандағы білім саласына бөліп жатқан көңіл, әлеуметтік нысандарға қамқорлық аз емес. Әсіресе, балабақша бойынша біздің аудан 100 пайыз қамтылған. Заманауи спорттық ғимараттар мен медициналық бекеттер де сұранысқа сай. Енді қолжетімді баспана құрылысы жүргізіледі, яғни 4 көппәтерлі, 10 жапсарлас тұрғын үй құрылысы жобасы іске асса нұр үстіне нұр.
Өңір журналистері мектеп құрылы­сымен танысқаннан кейін биыл іске қосылатын «Абдулла» шаруа қожа­лығының құс фабрикасына, 7 түрлі өнер бойынша үйірмесі бар жаңадан қосылған жеке «Тұрғанбай» өнер орталығына, Қожакент ауылындағы «Арай» шаруа қожалығының көктемгі егіске дайындығын білуге, Келінтөбе магистральды каналында жүргізіліп жатқан тазалау жұмыстарымен танысуға барды. Қалам иелерінің жолсапар жазбасына Жаңақорған жерінде жаңа­шыл жұмыстар әлі де жетерлік екеніне көз жеткізді.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
12 наурыз 2022 ж. 579 0