» » Президент шешімі – елдің ертеңі

Президент шешімі – елдің ертеңі


Кеше Ұлттық арнадан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың журналист Жайна Сламбекпен болған сұхбаты көрсетілді. Бұл жерді ерекше айтып кетер бір жайт сұхбаттың толықтай ана тілімізде өткені. Ашық әрі өзекті мәселелер қаузалған әңгімеде жұрт көкейінде жүрген көп сұрақтарға тұшымды жауап айтылды. Әсіресе жыл басында орын алған қаңтар оқиғасының себеп-салдарын саралау, оған өз кезегінде мемлекеттік тұрғыда лайықты баға беру мәселесі көтерілді. Ол өз алдына. Ал мемлекет басшысының тіл тағдырына байланысты «Мемлекеттің мәселесін мемлекеттік тілде айтуымыз керек. Тіліміз бізден басқа ешкімге керегі жоқ. Сондықтан ең алдымен, өзіміз ана тілімізге құрмет көрсетуіміз керек деп ойлаймын» деген сөзі көптеген жанның мемлекеттік тіл мәселесіне байланысты сан түрлі пікіріне тұшымды жауап болды деп білемін.

Негізі мәселе қаңтар оқиғасына байланысты. Рас, наразы жұрттың билікке айтқан барлық тілегі орынды. Сол үшін бейбіт халық алаңға шықты. Алғашында бұл жағдай бір қалыпты өтіп жатқанын біз де байқадық. Алайда бір түнде болған оқиға көбімізді есеңгіретті. Тіпті жағдайдың осылай боларын білген де жоқпыз. Енді міне бұл жағдайда басқа арнаға бұруда арандатушылар мен лаңкестер ұйымдасқан айла-тәсілді жүзеге асырғаны белгілі болды. Мұны Президент сұхбатта ашық айтып, енді сол бүлікшілердің қақпанына түсіп, арандап қалған қарапайым азаматтарды ажыратып алу керектігін айтты.
«Алаңға шыққандардың бәрін түгел бейбіт шеруші деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай ақылға сыймайтын нәрсе. Көзі ашық, ары таза адам мұндай жалған тұжырымға ешқашан сенбейді. Ең алдымен, лаңкестер жағдайды ушықтырды. Олардың мақсаты – елдің тұтастығын бұзу, халықты қорқыту. Ал бейбіт шерушілер солардың қармағына түсті. Қазір сол кінәсіз азаматтардың құқығын қорғауымыз керек. Мен әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізу керек деп айттым. Адамдардың құқығын бұзған тұлғалар жазаға тартылады. Біз бұған қажетті шараның бәрін қабылдаймыз. Еш күмән болмасын», – деді мемлекет басшысы.Президент журналистің бұдан өзге де сұрақтарына сабырлы әрі байыпты түрде жауап қатты. Қоғамдағы ең өзекті деген мәселеге де тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша қоғамдағы ең маңызды мәселе – заң үстемдігін қамтамасыз ету. Бұл ендік ашық айтылуы керек мәселелер. Б.Момышұлының «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деген керемет сөзі бар. Ал біздегі кейбір азаматтардың баршаға ортақ Конституциялық заңды толық мойындағысы келмейтіндей. Президенттің айтпағы да осы жайында еді. Өз басым сұхбатта айтылған барлық мәселелер орынды деп бағалаймын. Енді соның іс жүзінде жүзеге асуына барлығымыз да атсалысуымыз керек.
Алдаберген ЖОЛАНОВ,
Арал аудандық қоғамдық кеңес төрағасы,
Ауданының Құрметті азаматы
18 ақпан 2022 ж. 288 0