Байқауда топ жарды
Жас ұрпақты жасампаздық рухта тәрбиелеу бағытында ерлік пен елдікті дәріптеудің маңызы үлкен. Осы орайда аудандық Оқушылар үйінде өткен қоғам және мемлекет қайраткері, ұлтымыздың ұлы тұлғасы, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың 110 жылдығына арналған «Дәуір данасы» атты байқау кеудесінде оты бар бірнеше жас талаптың тұсауын кесті.
Байқау шарты бойынша талапкерлер «Дәуір данасы» атты эссе жазудан сынға түсті. Одан соң Дінмұхамед Қонаевқа арнау, сонымен қатар «Жомарттық дегеніміз не?» деген тақырыпта ой тербеді. Жазба жұмыстарды қабылдау 24 қаңтардан 27 қаңтарға дейін жалғасты. Конкурсқа тек оқушылар үйінің 9-15 жас аралығындағы үйірме мүшелері қатысты.
Жаңақорған ауданының оқушылар үйінің мұғалімдері Әлима Оспанова, Назерке Жамалова, Абзал Мұсахановтың ұйымдастыруымен өткен бұл шараның мақсаты ұлы тұлғаның ерліктері арқылы оқушыларды ұлтжандылыққа, патриоттық сезімге тәрбиелеп, құштарлығын арттыру.
Байқауға қазылық ете отырып байқағанымыз, көптеген оқушылар эссені өмірбаянмен шатастырып, ғаламтордан көшірілгені нұсқаны берсе, кейбірі жауапкершілік танытып, барынша өз ойларымен жазып шыққан. Эсседе сүрінгендер керісінше бейнеролик түсіруде ыждағат танытыпты. Камераға емес қағазға қарап оқып тұрғандары да болды. Ал, жомарттықтың мән-маңызын барлық оқушы жақсы ұғынып, өз ойларымен, көркем тілдерімен жеткізе білді. Сәйкесінше үш турдан да дараланып, оза шапқан үштікті анықтау қиын болмады. Бірінші орынды көркем тілімен кестелеп эссе жазып, арнау өлеңімен де ерекшеленген 5 сынып оқушысы, «Көркемсөз» үйірмесіне қатысушы Медина Арапбай алса, екінші орынды 8 сынып оқушысы, «Көшбасшы» үйірмесінен қатысқан Роза Мұрат иеленді. Ал үшінші орынды екі бірдей қатысушының ұпайы тең болып, 6 сынып оқушысы «Сырлы өнер» үйірмесінің қатысушысы Ақниет Рашид пен 3 сынып оқитын «Сырлы өнер» үйірмесінің мүшесі Қызғалдақ Тұрсын есімді бүлдіршінімізге бұйырды.
Конкурс жеңімпазымен қатар барлық қатысушылардың еңбегі бағаланып, қалған 18 үміткерге «Алғыс хат» тапсырылды.
Рауза Әзілхан