Жаңа амбулаторияның тыныс-тіршілігі
Соңғы 18 жылда аудан көлемінде 19 медициналық нысан бой көтеріп, әлеуметтік салаға тың серпін келді. Әсіресе, ауылдағы ағайынға заманауи дәрігерлік пунктер мен амбулаториялар қызмет көрсете бастады. Солардың қатарында өткен жылдың соңында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынып, пайдалануға берілген Жаңарық ауылындағы жаңа медициналық нысанның тыныс-тіршілігімен танысып, бүгінгі ахуалын білу үшін ауылға арнайы ат басын бұрдық.
Тіршілігі егін және мал шаруасымен біте қайнасып жатқан жаңарықтық ағайынға осы уақытқа дейін ескі дәрігерлік нысан қызмет жасап келді. Енді 30 жатын орны бар жаңа ғимаратта ақ халаттылар ауыл халқына қызмет жасауға көшті. Мердігер мекеме – «Ныш-Ер» ЖШС директоры Ерболат Төрежановты әңгімеге тартқанымызда:
– Бұл біздің Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік әріптестік аясында салып жатқан үшінші ғимарат. Осыған дейін екі жыл бұрын Өзгент пен Ақүйік ауылдық округінде дәрігерлік амбулаторияны ел игілігіне берген болатынбыз. Қос дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 40-50 адамды қабылдай алса, күндізгі стационарлық емдеу бөлмесі екі орталықта да 5 адамға арналған еді. Жалпы біздің мекеменің құрылғанына 12 жылдан асты, тәжірибелі құрылысшылармен толыққан. Сондықтан нәтижелі жұмыс, сапалы ғимарат салу бағытындамыз, – деді.
Жалпы Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы 3 жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пунктермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажеттігін айтты. Аймақтың барлық аудандарында медициналық объектілер жаңадан салынуда. Бір жағынан кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігінің артқанын, елге болысып, келешек үшін салған инвестициясы деп білеміз.
Алдымен ауыл әкімі Ақжан Тұрғанбаевқа жолығып, ауыл бүгінін бағдарлап, жаңа ғимаратқа жол жүрдік.
– Қазір жаңа амбулаторияда аға дәрігер, екі фельдшер, акушерка, әлеуметтік қызметкер мен 6 медбике, жалпы 15 қызметкер ауыл халқының денсаулығы үшін еңбек етуде. 2021 жыл 1800-ден астам тұрғынның 1764-і медициналық тексеруден өткізілді. Жаңаның аты жаңа, заманауи технология келді, мамандар тәжірибелі, білікті кадрлармен толықты, – деді ауыл басшысы.
Мекемеде егу бөлмесі, дәрігерлерге дейінгі қабылдау және күндізгі жатын бөлмелері бар. Аға дәрігер Балтабай Мақатов жұмыс жоспарын таныстырып, мекеменің бүгіні мен болашағын бағдарлап берді. Екпе салудың үшінші кезеңі бойынша да ауылдың жоспары жүйелі, орайы келіп, ауылдағы ағайынмен дидарласып, ой-пікірін білуге тырыстық. Ауыл қариясы Мәжит Тәшімов, басқа да ауыл ақсақалдары біткен іске батасын беріп, ризашылығын білдіріп жатты.
– Өзім осы ғимарат ашылғанда зейнеткерлікке шықтым, қаншама жыл ауыл тұрғындарына қызмет етіп, тер төктік. Осыдан 20-30 жыл бұрын жағдай басқаша еді. Мұндай технологиялар тапшы, тіпті аудан орталығында да сирек болатын. Сол тоқырау тұстардан өтіп, енді міне жаңа буын жаңа жүйемен жұмысқа кірісті. Шүкір, қуаныштымыз, бұйырса басқа да нысандар ел игілігіне беріліп жатса ауыл келбеті көркейіп, әлеуметтік мәселелер шешіліп жатады деген ойдамын. Ең бастысы, аурудың алдын алу, алғашқы көмекті ерте еңсеріп, әсіресе қыс мезгілінде жылы жатын бөлмелері дайын. Қазір бірінші мәселе, пневмонияны жеңудің жолын жүйелі ету. Қалғанын уақыт таразылай жатар, – деді медицина саласының ардагері Жанат Мырзашева.
Міне, осылай Жаңарықтағы жаңа медициналық ғимараттың тыныс-тіршілігімен танысып, қызметіне енді кіріскен дәрігерлік мекеменің бір күндік жұмыс жоспарын көріп қайттық. Расында, заман ағымына сай адамдардың да талабы орнығып, талдау мен таңдауы арта түседі. Тек аудан орталығы ғана емес, ауылдық жерлердің де талап-тілеген ескеріп, осындай әлеуметтік жобалар жүзеге аса берсе тиімділігі арта түседі.
Әли ТЕМІРБЕК