№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Бірінші кезекте – сапа

Бірінші кезекте – сапа


Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың сапары Жаңарық ауылдық округінен басталды. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында салынып жатқан дәрігерлік амбулаторияның құрылысымен танысты.


Тіршілігі егін мен мал шаруасымен біте қайнасып жатқан жаңарықтық ағайынға осы уақытқа дейін ескі дәрігерлік нысан жұмыс жасап келді. Енді 30 жатын орны бар жаңа ғимаратта ақ халаттылар ауыл халқына қызмет ететін болады. Мердігер мекеме – «Ныш-Ер» ЖШС, директоры Ерболат Төрежанов, бағалау құны 150 млн теңгені құрайды. Облыс әкіміне құрылыс жайын түсіндірген директордың орынбасары Давран Маймаков:
– Бұл біздің Жаңақорған ауданындағы мемлекеттік әріптестік аясында салып жатқан үшінші ғимаратымыз. Осыған дейін екі жыл бұрын Өзгент пен Ақүйік ауылдық округінде дәрігерлік амбулаторияны ел игілігіне берген болатынбыз. Қос дәрігерлік амбулатория бір ауысымда 40-50 адамды қабылдай алса, күндізгі стационарлық емдеу бөлмесі екі орталықта да 5 адамға арналған еді. Жалпы біздің мекеменің құрылғанына 12 жылдан асты, тәжірибелі құрылысшылармен толыққан. Сондықтан нәтижелі жұмыс, сапалы ғимарат салуға жұмыс жасайтын боламыз, – деді.
– Құрылысты қашан бастадыңыздар, қай уақытта тапсырасыздар? – деді облыс әкімі.
– Мамыр айының соңында іргетасын қалаған болатынбыз, Алла сәтін салса қыркүйекте кілтін тапсырамыз деп жоспарладық. Оған жұмысшы күші жетеді, ең бастысы өнім өзімізден өндіріледі. Мекеме меншігінде құрылыс заттарын өндіретін 3 зауыт бар, сондықтан материалдан еш кедергі жоқ. Сондықтан межелі уақытта ауыл тұрғындарымен қуанышты бөлісетін боламыз.
– Бізге бірінше кезекте – құрылыстың сапасы маңызды. Осы талап үдесінен шығуға мән беріңіздер, – деген Гүлшара Наушақызы мекеме директорына нақты міндет пен жауапкершілік жүгін жүктегеннен кейін ауыл әкімі Ақжан Тұрғанбаевқа да істің басы-қасында болып, құрылыстың сапасын қадағалауды тапсырды.
Қазір 2 мыңға жуық тұрғыны бар Жаңарықта мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында спорт кешені салынып, іске қосуға дайын.
– Спорт кешені сәтін салса биыл беріледі деп үміттеніп отырмыз, бұл кешенді ауыл азаматы, кәсіпкер салған болатын. Ал, дәрігерлік амбулатория құрылысы түркістандық мекеменің үлесінде. Күнара келіп, бақылап тұрамыз, ауыл ардагерлері де осы маңда табылады. Жалпы ауылда шаруа шаш етектен, маусымдық науқанда шаруалардың жұмысы ширақ, енді бізге керегі жаңа мектептің ғимараты, – деді ауыл әкімі.
Иә, ауылда тынымсыз тіршілік бар, тұрғындар тілеуі кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанына куә болдық. Асфальт төселінді, клуб үйі жаңғырды, енді жаңа оқу жылында жаңа ғимарат беріледі, енді мектеп құрылысын күтеді. Ол да уақыт енішісінде жүзеге асатын болар.
Айта кететіні, ауданда мемлекетпен кәсіпкердің өзара әріптестігі арқылы салынып жатқан бұл 13-ші нысан, пайдалануға берілген ғимараттардың басым көбі спорттық бағытқа бағытталған. Ал, Жаңарықтағы кірпіші қаланған бұл орталық Жаңақорғандағы төртінші дәрігерлік амбулатория болмақ.
Медицина саласын дамытуда шалғай ауылдарда амбулаториялық емдеу орталықтарын ашу аурудың алдын алу мен саламатты өмір салтын қалыптастыруда тиімді тетік саналады. Сондықтан мемлекет мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын емдеу орталықтарына басымдық беріп келеді. Осы уақытқа дейін Сыр өңірінде 40-тан аса дәрігерлік пункт ел игілігіне пайдалануға берілді. Енді екі айдан соң Жаңарықтағы жұртшылық заманауи құрылғымен жабдықталған жаңа орталықта ем қабылдайтын болады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ

---
14 шілде 2021 ж. 547 0