Келешегін ойлаған ел бүтіндігін бекемдейді
2020 жылы мамыр айында Бейбіт жиналыстарды өткізу заңы қабылданды. Яғни ел азаматтары атқарушы билікке ойын жеткізу үшін мемлекеттік органнан рұқсат алмай-ақ, ескерту жасап бейбіт шеруге шығуға құқылы. Жаңаөзендіктер осы ережеге бағынып, алаңға шықты. Шеруде жалпыға ортақ тәртіп шегінен аспай кейін алаңды тазалап кетуді де ұмытпады. Елдің өзге өңірлеріндегі тұрғындар бастапқыда қымбатшылыққа негізделген талап-тілекті қолдады да. Бірақ мұның арты қанды бүлікке ұласып, елдің тыныштығын шайқап, тұтастығын бұза жаздады. Түйіткілді мәселе осында...
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шұғыл қабылдаған шешімдерінің нәтижесінде бүлікшіл топтар құрықталуда. Соңғы ақпараттарға сенсек, 5800-ге жуық адам ұсталды. Оның басым көпшілігі шетел азаматы екені анықталды.
Енді орын алған жағдайды таразылап, жан-жақты бағамдап көрейік.
Біріншіден, ұзақ әрі тыңғылықты дайындалған «қой терісін жамылған қасқырдың» операциясы екенін аңғару қиын емес. Оны Алматы шаһарында басталып, Талдықорған, Тараз, Шымкент, Қызылорда, Ақтөбе қаласында жалғасқан атыс-шабыс, қантөгіс оқиғасы арқылы бағамдау орынды. Нәтижесінде адам өлімі көптеп тіркеліп, әкімшілік және стратегиялық нысандар, кәсіпкерлік субъектілері мен екінші деңгейлі банкттердің ғимаратын сындыру және тонау фактісі орын алды.
Екіншіден, террористер қырып-жою мен адам өлтіруден бөлек фейк ақпарат тарату арқылы көптің санасын улап, шатастырып, бүлікке еруге үгіттеп, «өз қуырдағын өзіне қуырып», елдің ішіне бүлік салуды қатты меңгерген-ді. Әлеуметтік желіде ұрандатылған шақыруларға арандап қалған азаматтардың қарекетінен осыны көруге болады. Соның салдарынан экономикаға орасан зор шығын келді. Мәселен, бизнес субъектілерінің шығыны шамамен 92 млрд теңгеден асады екен.
Үшіншіден, отбасы-ошақ қасында сый-құрметі аз азаматтар көптің алдында көсіле сөйлеп, талап-міндетін қойған қарекетінен біздің арамызда шолақ белсенділер әлі көп-ау деген ой түйдік.
Жә, алаңға жиналып, тілек-талабын айтқан азаматтардың мүдде-мұраты жан-жақты қаралып, шешімін табатыны анық. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың талабы.
Естеріңізде болса, 3 қаңтарда Президент өзінің twitter-дегі аккаунтында: «Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырдым» деп жазды.
Солай болды да. Мемлекеттік комиссия халықтың талабына құлақ асып, газдың шекті бағасын әр өңірдің ерекшелігіне байланысты белгіледі. Мәселен, біздің өңірде автокөлік газының бағасы 60 теңге, шалғай ауылдарда 65 теңге болып бекітілді. Әрі бұл 6 айға дейін сақталады. Көгілдір отын, су, электр энергиясы сынды коммуналдық қызмет түрінің бағасы 180 күн қымбаттатпау туралы моратории қабылданады. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын қымбаттауға басымдық беріліп, сиыр, қой еті, картоп пен сәбізді эспорттауға және мүйізді ірі қара мен уақ малды шекара асырып сатуға тыйым салынды. Әрине, мұның бәрі елдегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтау үшін атқарылған шара екені анық.
5 қаңтарда Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы:
– Бұл қаржыландырылған бүлікшілердің арнайы операциясы, қаскүйлердің қасақана қарекеті, – деп баға беріп, ел аумағында төтенше жағдай жариялады. Сөйтіп, 70-тен блок бекет қойылып, елді мекен аумағына келген көліктер жіте тексеруден өтіп, теріс пиғылды топтар құрықтала бастады. Интернет сөндіріліп, террористердің мессенджер арқылы хабар алмасуына шектеу қойылды. Халық арасындағы байланыс үзілмес үшін әр абономентке 300 минут бірлік пен 200 sms тегін берілді.
6 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитеті ҚР Қылмыстық кодексінің 1-бөлімінің 175-бабы бойынша «Мемлекетке опасыздық жасау» бабы бойынша бірқатар шенділер ұсталып, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді басталды. Әрі Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің отырысын өткізіп, шұғыл антитеррорлық операциясы жүргізіп, лаңкестерді жоюды талқылап, Үкіметке 10 шұғыл тапсырма жүктеді. Яғни орын алған оқиғаның себебі мен салдарын анықтауды, сондай-ақ, балалар мен ата-аналар, зардап шеккен кәсіпкерлерге үздіксіз қызмет ететін 1414 call-орталығын құруды, лаңкестік топтардың орналасқан жерін анықтау, ұстау, оларға қатысты құжаттар мен мәліметтерді жинау және тиісті сараптама жасау жөнінде шұғыл шаралар атқаруды, тәртіпсіздік салдарынан келтірілген шығын көлемін анықтау, Алматы қаласы мен басқа да өңірлердегі әкімшілік ғимараттарды, әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмысына кірісу, коммуналдық қызмет түрлерінің, қоғамдық көлік пен әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының жұмысын тұрақтандыру және т.б міндеттерді тапсырды.
Осылайша елдің территориялық тұтастығына, Тәуелсіздігіне төнген қауіптің беті қайтарылды. Шүкір!
Мемлекеттің тұтастығына жасалған қасақана лаңкестік шабуылдар салдарынан экономикаға орасан зор шығын келді. Бұл жөнінде экономистер мен сарапшылар арнайы мәлімдеме жасайтыны анық. Бір анығы, жеке адамдардың мүддесінен елдің тұтастығы мен бекемдігі қымбат екенін санамызға құйып берді.
Енді Мемлекет басшысы айтқандай, «Құқық қорғау органдары мен армияның іс-қимылына, сонымен қатар құрылымдық күштердің ведемоствааралық үйлесіміне қатысты анықтайтын мәселе көп. Арнаулы жасақтың арнайы құрал-жабдықтарының жетіспейтіні белгілі болды. Осы мәселелерді шешуіміз тиіс. Содырлардың теракт ұйымдастыру туралы жымысқы жоспары мен жасырын дайындығын мемлекет қалайша білмей қалғанын анықтап, түсіну аса маңызды іс».
Рас, «Ұлы Дала елінде – Мәңгілік Ел құрамыз» деген ұран бәрімізге қанат бітіріп, алды-артымызды танудан қалдық. Даңғойлық, ысырапшылдық белең алды. Блоксферада белсенділер көбейіп, жеке мүддесін күйттеп, жұртты адастыруы белең алды. Екі-үш күнге созылған бүлік осының бәрінің бетін ашып берді.
Ендігі тілегіміз антитеррорлық операциялар аяғына дейін жетіп, ел қалыпты өмір салтына келіп, өркениет көшінде мемлекеттік мұрат жолынан жаңылмай өркендеудің жолын жалғастыра беру.
Қысқасы, келешегін ойлаған ел бірлігін бекемдеп, бүтіндігіне мән береді.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ