» » 16 іс сотқа жолданды

16 іс сотқа жолданды


Ел аумағында төтенше жағдай енгізілгеннен бері құқық қорғау органдарының қызметі күшейтілген режимде  жұмыс жүруде.


Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елдегі қалыптасқан өте күрделі ахуалға байланысты бірнеше мәрте халыққа үндеу жолдады. Қажетті шара ретінде осы жылдың 19 қаңтарына дейін Төтенше жағдай жалғасатын болады. Бұл бастысы ел-халқымыздың қауіпсіздігі мен тыныштығын қорғауға бағытталған. Себебі елді арандатушылар мен бүлікшілердің кесірінен қаншама адам жапа шекті. Өкініштісі террорға тойтарыс беру кезінде әскери қызметкерлер ажал құшты. Қарапайым халықтың арасында өлім құшқандар да бар. Қаскөйлердің қитұрқы әрекетіне қарсы барынша қатаң әрекетке көшкен Мемлекет басшысы – Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы қазақстандықтардың өмірін қорғауға қатысты шешім қабылдады.

Бүгінде елдегі жағдайға байланысты ауданда полиция қызметкерлері де күшейтілген режимде қызмет атқаруда.

– Елдегі Төтенше жағдайға байланысты Мемлекет басшысы коммендаттық сағат енгізгені белгілі. Түнгі мезгілде, яғни сағат 23.00-ден бастап таңғы 7.00- ге дейін тұрғындардың көшеге шығуына тыйым салынды. Қандай да бір көшеде қозғалыс болған жағдайда құқық қорғау органдарының қызметімен автокөлік пен азаматтардың құжаттары қатаң түрде тексеріледі. Осы күнге дейін ауданда Төтенше жағдай режимін бұзудың 16 дерегі анықталды. Барлық іс сотқа жолданып, тиісті шара көрілетін болады, – дейді аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Абай Мұстафаев.

Айту керек, Тереңөзек кентіне кіреберіс тұста тәртіп сақшыларымен блокбекет орнатылды. Блокбекетте 30 полиция қызметкері 12 сағаттан 2 ауысым бойынша қызмет атқарады. Сондай-ақ 6 автокөлік жұмылдырылып, ел тыныштығы тәулік бойы күзетілуде.
11 қаңтар 2022 ж. 400 0