Сайлауалды бағдарлама – дамуды бағалайтын индикатор
«Nur Otan» партиясы – Қазақстанның қарқынды дамып, өркендеуін мақсат тұтқан мемлекетшіл партия. Елдегі жетекші саяси күшке айналған партияның өзіндік ұстанымы, айқын жолы бар, ол – халықтың әлеуметтік тұрмыстық жағдайын оңалтып, әлемдік бәсеке алаңынан өз орнымызды алу. Бұл мақсаттта 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданып, әрбір облыс, қала, аудан өзінің басым бағыттарын айқындады. Міне, осы сайлауалды бағдарламаның орындалу деңгейін пысықтап, атқарылған шараларға баға беру орынды деп білемін. Міне, осы жайттарды ауданның белсенді жастарымен талқылап, негізгі индикаторлардың орындалу деңгейін сараладық.
«Nur Otan» партиясы Жаңақорған ауданы филиалының сайлауалды бағдарламадан туындайтын міндеттердің орындалу барысын талқылайтын болсақ, 2021 жылы 2087 жаңа жұмыс орындарын құру жоспарланса, қазіргі көрсеткіш 2755-ке жетіп, жылдық жоспар 132,9 пайызға орындалды. Бағдарламада 15 кәсіпкердің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялау қаралса, бұл жоспар 46 жобаға жетіп, 391,7 млн теңгенің несиесі берілді.
«Бастау-Бизнес», «Бизнес Кеңесші» курсымен жыл сайын 270-тен аса азаматты өз кәсібін ашуға бағдарлау көзделсе, жұмыс өз деңгейінде атқарылды.
2021 жылға екі мектепті пайдалануға беру, Ақүйік ауылдық округіндегі балабақша құрылысын бастау қажет болатын. Осы орайда Жаңақорған кенті Май бекетіндегі 300 орындық, №169 мектептің 600 орындық жаңа ғимаратын жыл аяғына дейін пайдалануға беруге мердігер компаниялар жұмыс ісеуде. Яғни білім беру саласындағы негізгі индикаторлар мерзімінде орындалып, шешімін табуда.
Осы ретте, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында ой-толғауы келіскен, өткенге тағылым, келешекке сенім тастағанын көруге болады. Белсенді жастармен осы турасында ой блістік.
Елбасы егемен еліміздің ең басты байлығы адам екенін атап: «Мемлекетіміздің тірегі де, алтын діңгегі де – Қазақстан халқы. Мен бойымдағы қуат, қызметімдегі тәжірибе, ойымдағы нәр – бәрі-бәрін халқыма қызмет етуге жұмсап келемін», дейді.
Жалпы, «Тәуелсіздік тағылымы» – тәуелсіздіктің қадір-қасиетін тағы бір рет түсіндіріп беретін мақала. Мазмұны ерек мақаланы оқып отырып Тәуелсіздікті тұғырлы ету тарихи таным мен ұлттық санаға байланысты екенін ұғасыз.
Ал, Тәуелсіздікті тұғыр етуде бізге Тәуелсіздіктің құнын түсініп, ұлан-ғайыр жерді қастерлеп, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, біліммен қаруланып, прагматизм принциптерін ұстануымыз маңызды. Бұл – «Елдіктің жеті тұғырынан» түйген ой.
Ауданның атқарушы билігі, аудандық мәслихат депутаттары, «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының мүшелері осы жолда табанды еңбек ете беруі тиіс.
Әсемкүл ТІЛЕУБЕРГЕНОВА,
«Nur Otan» партиясы аудандық
филиалы фракциясының жетекшісі,
аудандық мәслихат депутаты