№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлты ұлықтаған Ұлы тұлға

Ұлты ұлықтаған Ұлы тұлға


Айналасы отыз жылда озық елдердің қатарына қосылып, тарихтан өз орнын айшықтаған тәуменді мемлекетіміздің тұғырын тіктеп, туын желбіреткен нар тұлға – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі бүгінде төрткүл дүниеге танымал.


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналған «Ұлтын ұлықтаған ұлы тұлға» атты аудандық мәдениет үйінде өткен шараны ашқан аудан әкімі Руслан Рүстемов сөзін былай сабақтады:
– Құрметті жаңақорғандықтар, қадірлі жерлестер! Баршаңызды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Ежелден еркіндік аңсаған тәуелсіз Қазақ ұлты жоқтан пайда болған жоқ. Кешегі көне ғұндардың, көк түріктің дәуірінде алып империяны құрып, жер мен көк арасында атағы жер жарып, өзіне көз алартқанның қабырғасын қақыратып, қаһармандығымен әйгілі болды. Тағдырлы тарихтың соқпағында сын сәттерді де бастан өткерген халықпыз. «Ақтабан шұбырынды алқакөл сұлама» заманының зұлматын да көрді, бірақ рухын түсірмеді, сағын сындырмады. Басқа түскен алапат ауыртпалықты ауызбіршілікпен ең­серіп, елдіктің туын жыққан жоқ. Тұлпарлар тұяғы дүбірлеткен, арманы мен шері алмасқан алдаспан тарих тағдыры тау мен тас бетінде бедерленіп, өткен күннің белгісіндей бізге жетті. «Тарихы бар ел баянын тасқа қашап жазады, тарихы тұл ел өткенін жасқа шылап жазады» дегендей, кешегі Күлтегін, Тоныкөк бабаларымыздан қалған өсиет өміршеңдігімен қымбат. «Халқымның кемел келешегі үшін күндіз отырмадым, түнде ұйықтамадым, қызыл қанымды ағыздым, қара терімді төктім» деген бабалар сөзі тәуелсіздік тұғырын сақтап тұруға тиіс бүгінгі ұрпақ үшін де ұлық ұстаным, айнымас аманат болуы тиіс.Үш жүз жыл бойы бөтеннің бодауында өксігіне өртенген өрелі рухын азат етуге ұмтылған ұлы жорықтардың тарихы Сырым Датұлынан бастап ХХ ғасырдың басына дейін бір үзілмей, қаһармандықтың қайрылмас қанаты атадан балаға жалғасты. Еліміз өз егемендігіне ие болған ерекше тарихи сәт болып есептелетін 1991 жылдың 1 желтоқсанында тұтас халықтың қолдауымен Президенттік қызметіне кіріскен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы тәуелсіз елді ең алғаш тәй-тәй басқан сәби кезеңдердегі сындарлы тәуекелдерде табанын тайдырмауға ты­рысты. Жас мемлекеттің алдына төрт бағытты тірек етіп қойды. Олар 1. Тәуелсіз мемлекеттің іргетасын құру, 2. Әлеуметтік бағдарланған қоғам құру, 3. Нарықтық экономикағу көшу, 4. Қоғамдық ой-сананы қайта жаңғырту.
Өмір көшінде өзіндік сүрлеуін салып, дамудың даңғыл жолына түскен мәртебелі мемлекетімізде қол жеткен жетістіктердің барлығы осы қағиданы қазық етіп, бір мүдде, бір тілек, бір мақсатта ұштастыру арқылы іске асты, Қазақстан Республикасының төрткүл дүниемен терезесі тең қарым-қатынас жасап, БҰҰ-ға мүше болып, дип­ломатиялық мектеп қалыптастыруы, он бір жылдан бері үзіліп қалған Еуроодақтың Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының Астана төрінде саммитін өткізуі де тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың ке­меңгерлік саясаткерлігінің жемісі.
Осы кезеңде біздің жерлесіміз Сұлтан Сартаев ҚР декларациясын дайындап, Кон­ституциялық заңын бекітуде айрықша үлес қосып, Елбасы сенімін ақтай білді. Сыр өңірінің перзенті, көрнекті жазушы Қалтай Мұхамеджанов ағамыз Елбасына қарата былай деген еді:
«Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, прези­денттікке түскен үміткерлерден сіздің бойыңызда бар бірнеше қасиетті айрықша бөліп айта аламын. Сіз ауылда туылдыңыз, еңбек адамының жан жүрегін терең түсіне аласыз. Қолыңызға кетпен, күрек, қайла ұстап, қарапайым еңбектен Магниткаға дейінгі жолдан өтіп, ел басқару ісінде дегдардық деңгейге көтерілген жансыз, сіз ана тілінің қасиетін қаныңызға сіңірген, әлемдік классиканың інжу-маржанын ана тілінде жүрекке орнықтарған азаматсыз, деп ел атынан үлкен сенімін артқан болатын.
Біз бүгінгі «Мәңгілік ел» идеясын құруға талпынған мемлекетімізді әлемдегі озық отыз ел қатарына қосып, бәсекеге қабілеттілігін нығайту үшін өз үлесімізді қосуға бар ынта ықыласымызбен атса­лысуға тиіспіз.
Жақында ғана қабылданған «Елдіктің жеті мұраты» атты еңбегінде Елбасы Қазақстан халқы алдына тағы да айқын мақсаттар қойды. Осы игі тілекті іске асыруда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының маңына топтасып, бір ауызды ынтымаққа, жасампаз істерге ұйытқы бола білсек біз алмайтын қамал жоқ.
Баршаңызға мереке құтты болсын. Татулық пен бірлік туы аясында аспанымыз ашық, көңіліміз жарқын, еңбегіміз жемісті болсын деп тілеймін.
Мерекелік шара одан әрі марапаттауға жалғасты.
Қызылорда облысының күріш өңдеу­ші­лер және өндірушілер қауымдастығы­ның Ыбырай Жақаев атындағы төсбелгісімен Изатулла Ергешұлы марапатталды. Рес­публикалық «Тәуелсіздік» медаліне мәде­ниет қызметкері Уәлихан Ибрагимов ие болды. Аудан әкімінің Алғыс хатымен аудандық санитарлық эпидемиология­лық басқарманың жетекші маманы Гауһар Жұмаханқызы, Жаңақорған аграрлық тех­­­никалық колледжінің қызметкерлері Айзада Өсербайқызы, Зәуре Төребекқызы, Жаңа­­қорған аудандық №14 өрт сөндіру меке­месінің құтқарушы қызметкері Бақ­­келді Құдіретілләұлы, Жаңақорған кент аппараты баспасөз маманы Берік Бекқо­жаұлы, Жаңақорған тарихи өлкетану музейінің әдіскері, Құралай Мақұлбекқызы, Күкірт қышқылы зауытының қойма мең­герушісі Кенжебай Алпысбайұлы мара­патталды. Шара барысында мемлекеттік қызметкерлер Азамат Мәмек­ұлы және Салтанат Өмірзаққызы салтанатты түрде ант қабылдады.
Жиын соңы аудан мәдениет саласы қызметкерлерінің мерекелік концертіне ұласты.

Баян ҮСЕЙІНОВА
01 желтоқсан 2021 ж. 341 0