» » Қуаныш көптің қамқоры

Қуаныш көптің қамқоры


«Міне, азамат!» айдарына лайықты азаматтар арасынан аудан тұрғындарының ыстық ықыласына бөленген Қуаныш Мауленовты нысанаға алдық. Халыққа қызмет көрсету орталығында бөлім басшысының орынбасары қызметін атқаратын кейіпкеріміз туралы жаңақорғандық жұртшылық оң пікірде. Өйктені, қызметіне адал, көптің ісіне ұқыпты, ең бастысы қарапайым азамат. Жерлестерінің жылы сөзінен соң, орталыққа арнайы ат басын бұрдық.


Өзіміз де ісіміз түсіп орталық қызметіне жүгінерде ғимаратқа кіре бе­рісте Қуаныш Амануллаұлын кезіктіріп қаламыз. Бұл жолы да замандасымыз­дың таңғы сағат 9-дан бастап кешке дейін табанынан тік тұрып тұрғындарға қызмет көрсетіп жүргенін көрдік. Біздің бұл мақтағанымыз емес, шынайы болмыс-бітімді, адал еңбекті көрсету. Әйтпесе, қаншама бөлім басшыларының орынбасарларын білеміз, халық алдына шықпақ түгілі, жылы орындығынан тұруға ерінеді.
– Әріптесіміз осында келген бір кісінің тірлігі бітпесе сонымен бірдей мазасыз күйге түседі. Қуаныш жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатындардың қатарында. Өйткені оның мойнында жүк көп, сол жауапкершілік жүгін абыройлы көтеріп жүрген білікті маман ғой. Бір сөзбен айтқанда, Қуаныш – халықтың баласы, – деді әріптесі Айсұлу.
Шынтуайтына келгенде, әлеуметпен жұмыс істейтін салада қызмет ету оңай емес. Әсіресе Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері болу үшін жауапкершілік пен төзімділік керек. Өйткені мұнда халық сан салалы мәселелермен келеді. Солардың ішінде сабырсыздық танытып, бірден ашуға берілетіндер де жоқ емес. Оны да көреміз, кезінде біз де солардың қатарында болдық. Қазір қызмет түрлерінің барлығы қолжетімді, яғни электронды нұсқада.
– Жалпы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің 690 түрі болса, соның 662-і біздің корпорация арқылы жүзеге асады. Оның ішінде, Электронды үкімет порталы арқылы 645 қызмет көрсетілсе, «Телеграмм» арқылы да қолданысқа енетін қызмет түрлері бар. «eGov mobile» қосымшасы мен 1-реттік пароль арқылы да 120-дан аса қызмет түрі бар. Жалпы алғанда, жұмыстың ауқымы қаншалықты кең болса, жауапкершілігі де соншалықты ауыр. Бөлімдегі әрбір қызметкердің өзіне берілген міндеті бар, рас, кейде жұмысымызды кідіртіп интернет тоқтап қалуы әбден мүмкін. Осындай сәтте тұтынушыларды сабырға шақырып, тіл табыса білуіміз керек.
– Күніне қанша тұрғынға қызмет көрсетесіздер?
– Кем дегенде 400 тұрғынға, кейде 500-ге дейін халық келеді. Әрқайсысы әр түрлі мәселемен жолы түседі, олардың жұмысының тез біткені бізге де жақсы. Көбісі анықтама алуға келеді, күрделілеу мәселе болса кезек күтіп, сәл кідіруіне тура келеді. Бұл заңдылық. Қандай саланың болмасын өзіндік шеңбері, атқарар міндеті бар ғой. Біздегі бір ғана міндет – халыққа сапалы қызмет көрсету.
Қазір халыққа ыңғайлы, әрі тиімді жобалар көптеп іске қосылуда. «Нәтиже» азаматтардың өтініштерін қабылдаудың бірыңғай орталығы» қанатқақты жобасы бар. Одан кейін, «е-өтініш» ақпараттық жүйесі енгізіліп, қызмет етуде. Мұның барлығы айналып келгенде тұрғындардың уақытты тиімді пайдаланып, жұмысын жылдам іске асыруға арналған.
– Сіздің қызмет жолыңызға көз жүгіртсек, облыс орталығында, көрші ауданда да еңбегіңіз бар. Тәжірибесі толысқан маман екенсіз.
– Солай десе де болады. 2008 жылы Павлодар гуманитарлық-заң университетінің заңгер маман­ды­ғын бітіргеннен кейін ҚР Бас проку­ратурасының құқықтық-ста­тис­­тика және арнайы есепке алу басқармасының Жаңақорған аудан­дық прокуратурасының бас маманы қызметіне орналастым. 2011 жылы Қызылорда облыстық ХҚКО ұйым­дастыру бөлімінің бас инспекторы лауазымына тағайындалдым. Одан кейін Шиелідегі бөлімге басшы орынбасары болып ауыстым. 2013 жылдан бері Жаңақорған ХҚКО бөлім басшысының орынбасары міндетін атқарудамын. Сегіз жыл уақыт өтті, өз ісімнің білікті кадрына айналдым десем болады. Бір жағынан, халықпен тығыз байланыста болу да кәсіби шеберлігіңді арттырады, әрі өмірге деген көзқарасыңды өзгертеді. Былайша айтқанда, қызығы мен шыжығы қатар жүретін сала.
– Балалық шаққа бір сәт саяхат жасап көрсек...
– Мен Қожакент ауылының тумасы­мын, сондағы №168 орта мектепте 11 жылдық білім алдым. Үйдің үлкенімін, өзімнен кейін 3 інім мен қарындасым бар. Үлкені болған соң жауапкершіліктің барлығы өзіңе келеді емес пе. Міне, осы бір сенім үдесі шығар, көп ізденіп, көбірек еңбек етуме себепші болған.Еңбек еленіп келеді, ол халықтың маған берген шынайы бағасымен бағаланады. Бала кезде арман көп болды ғой, сан саланың тізгінін ұстауға құмбыл өстік. Бірақ жоғары сынып оқып жүргенде өз таңдауымды жасап, заң саласына баруға бел байладым.
– Үйдегі жеңгеміз де осы салада екенін естіп едік.
– Иә, жұбайым екеуміз осы орталықта қызметтеміз. 2009 жылы отау құрып, бүгінде 5 ұл-қызымыз бар. Шүкір, Тәңірден тілегеніміз ұрпақ өрбітіп, ата-ана үмітін ақтау ғой.
– Қызметті қоя тұрайық, өзіңізге оралайық. Ақкөңіл азамат, жігерлі жігіт деп естиміз. Болмыс-біті­міңізді бір сауалға сыйлыра аламыз ба?
– Мәселе қызметте емес, менің өмірлік ұстанымым – азаматтық қасиетті жоғары ұстау. Ер-азамат болған соң, елдің сенімі мойнымызда тұрады. Тәкаппарлық, өзімшілдік немесе жалқаулық деген кемшіліктен адамын. Қазір заман ағымы да сағат тіліндей зымырап барады, оны тұсаулап тұра алмайсың, сондықтан қолдан келген іске батыл болу керек. Кейде жұмыссыз жүрген жігіттерді көріп, іштей қынжыласың.
– Арманыңыз қандай?
– Еңбек ете беру, елдің ұлы, халықтың баласы болу бұл менің парызым. Осы жолда әлі де еңбек ете беремін деген ойдамын. Арман асқақ, мақсат айқын, тек талмай қызмет ете білуіміз маңызды. Жұмыс уақытында бір минут қолы босамайтын жауапты маманмен бір мезеттік сұхбатымыз осылай түйінделді.

Әли ТЕМІРБЕК

24 қараша 2021 ж. 250 0