Заманауи мамандықтың иесі
ХХІ ғасыр – жаңа ақпараттық технологиялар ғасыры десек, білім беру саласындағы информатика пәнінің маңызын түсінуге болады. Демек компьютер негіздерін үйрететін мұғалімнің міндеті зор, қызметі ерек.
Осыны ескерсе керек-ті ұстаздар мерекесінде оқушылармен қатар өзінің білімін үнемі шыңдап жүретін Нұрлан Құлымбетов облыстық білім басқарма басшысының «Құрмет грамотасымен» марапатталып, мерейі тасыды. Біз өз ісінің озық маманын құттықтап, әңгімеге тарттық.
№209 Ә.Әбутәліпов атындағы мектептің информатика пәнінің мұғалімі Нұрлан Ермаханбетұлы кәсіби білікті, білімді маман. Оған облыстық, республикалық деңгейде алған марапаттары дәлел. Бәрінен бұрын, Кореяда тағылымдамадан өтіп, білімін шыңдап қайтқанын жақсы білеміз.
– Марапат құтты болсын!
– Рақмет! Еленген еңбек жемісті болады. Бұл марапат ізденіс жолын шыңдауға септігін тигізетіні анық.
– Мұғалімдікті таңдауыңыздың себебіне тоқталсаңыз.
– Әкем Ермаханбет Құлымбетов те, анам Нағима Раушанбекова да ұзақ жыл педагогтық міндетті абыроймен атқарып, зейнетке шықты. Олар ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері. Ағам Сүйіндік Құлымбетов те ағылшын тілін меңгерген маман. Ата-анамыз салған ізбен інім Әлихан Ермағамбет те ағылшын тілі пәні бойынша жоғары оқуға түсті. Қысқасы, ұстаздар әулетінің өкілімін.
– Оқытудағы мұғалімдік ұстанымыңыз қандай?
– Мұғалімнің сөзі мен ісі жасанды емес, шынайы болуы шарт.
– Кореяға барған сапарыңыз туралы айта кетсеңіз.
– Қазақстан Республикасындағы ақпараттық білім беруді дамыту және екі ел арасындағы өзара қарым-қатынасты нығайту мақсатында Корей Республикасының Кенги білім беру департаменті (Ғылым және кәсіби білім беру бөлімі) ұйымдастырған тәжірибе жинақтау курсына елден көптеген мұғалім бірге аттандық. Бұл сапарымыздың мазмұнына тоқталсам, Қазақстандық мұғалімдердің жан-жақты дамыған Оңтүстік Корей елінің ІСТ-ні қолдану тәсіліне үйрету ІТ-нің үздік материалдарымен және өндіріс орындарымен, сондай-ақ ақпараттық білім беру жүйесімен және елдің тарихы, мәдениетімен таныстыру еді.
Онда «Хевон» бастауыш мектебінің мұғалімдері На Енг-Дин мен Тянг Сонг-Хидің «Сандық оқулықтар» тақырыбында өткізілген сабақтарына қатысып, ол жақтағы білім беру жүйесінің негізімен таныстық. Кенгидің ақпараттық білім беру архивымен танысып, білім саласы бойынша барлық ақпараттты бір жерге жинақтау жұмысы әлем елдеріне үлгі болатынын түсіндік. Білім беруді орталықтандырылған «Найс» бағдарламасы арқылы басқару білім сапасын ата-ана, оқушы, мұғалім мен қатар басқару органдарының да бақылап отыруына мүмкіндік береді.
– Сіз информатика пәнінің маңызын қалай түсіндірер едіңіз?
– Информатика мұғалімі – ХХІ ғасырдың мамандығы. Қазіргі өмір талабына сай компьютерлік сауаттылықты жылдам дамыта отырып, педагогикалық-психологиялық әдістемелік бастапқы дайындықты қалыптастырмайынша, балалар өз білім деңгейін көтере алмайды. Яғни білім беру үрдісінде компьютер негізгі құралға айналды.
– Кейінгі кездері информатика пәнін бастауыш сыныптан енгізу керек деген ұсынысты естіп жүрміз. Бұл қаншалықты қажет?
– Өте дұрыс бастама. Толық қолдаймын. Бастауыш сыныптың оқушылары қазіргі өмір ағымына деген көзқарастарының жан-жақты жоғары дәрежеде дамуына байланысты информатика пәнін жеңіл және тез меңгеруде.
Информатикалық қоғамда балаларды жұмыс істеуге дайындау үшін алдымен логикалық ойлауға, талдау жасай білуге, өзара қарым-қатынасқа үйрету керек.
– Мектептерде ІТ және робототехника кабинеттері ашылуда. Оқушылардың қызығушылығы қалай?
– Талапкерлердің робототехникаға қызығушылығы өте жоғары. Мәселен, үйірмеге 20 оқушы қатысады. Олар роботты құрыстыру және бағдарламалау негіздерін үйренуде. Нәтижемізді көре бастадық. Сайд Сайфназар, Нияз Күнқожа және т.б оқушыларым түрлі деңгейдегі робототехника бойынша жарыстарда көзге түсіп, орын алды.
– Қазіргі білім беру жүйесінің артықшылықтары туралы не дейсіз?
– Білім берудің мазмұны жаңартылып, оқушының көзқарасын шыңдап, өздігінше ізденуіне жол ашты. Жаңартылған білім беру бағдарламасының негізгі мақсаты – білім мазмұнының жаңаруымен қатар, критериалды бағалау жүйесін енгізу және оқытудың әдіс-тәсілдері мен әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді.
Қазір барлық мектептегі оқыту стандарттарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне жеткізу міндеті тұр. Міне, біз осы бағытта ізденіп, еңбектеніп жатырмыз.
– Жұмыс барысында кездескен қызықты оқиғаңызбен бөліссеңіз.
– Компьютер кабинетінің терезесін темірмен торлап, сигнализация қойылды. Сол компьютерді мектепке мұғалім болған кезде қолданып, бұзып қойып мектеп басшылығынан айқай естігенім есімнен кетпейді. Сол кезде мектептегі 133 оқушыға 1 компьютерден келетін. Қазіргі оқушыларды бақытты десек артық айтпадым деп ойлаймын. Қазіргі таңда оқушылар компьютерден ешқандай тарықпайды.
– Cұхбатыңызға рахмет.
Рауза ӘЗІЛХАН